Қандастар Ассамблея

Қызылордада Ассамблея жылы ашық деп жарияланды!

16.02.2015 4565
Қызылордада Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы ашылды.

2015 жылдың 11 ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы: «Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығы. Негізгі мақсатымыз тереңде жатыр. Халық арасында ынтымақ, бірлікті күшейтіп, теңдікті сақтау. Бейбітшілік пен келісім, халықтың бірлігі – Қазақстанның басты байлығы» деген еді.

Қазақстанды мекендеген барша халықтың тұтастығы, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірлесуі елдің байлығы. 

Қызылордада Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы ашылды. Мерекеге арналған шаралар таң атысымен басталып кетті. «Сыр ана» монументінен басталған автошеру орталық алаңға дейін жүріп өтті. Түрлі спорттық сайыстар, ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

«Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір» барлық ұлт өкілдері осы күні орталық алаңнан табылды.

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев, қоғам қайраткері А.Ақдәулетова, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы А.Хамидов, №2 «Мұрагер» мектебінің 11-сынып оқушысы Д.Маркова Ассамблея жылының ашылуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Мұнан соң салтанатты түрде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының туын көтеру рәсімі өттіі. Туды корей халқының ұлттық батыры Ге Бон У-дың ұрпағы Ге Хак Рим, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері М.Арифов пен И.Гафуров көтерді.

Ассамблея - татулық пен тұрақтылық, бірлік пен достық, келісім мен ізгіліктің символы. Жастар мерекеге орай флеш-моб ұйымдастырып, Ассамблея жылының логотипі белгіленген 500 шарды әуеге ұшырды.

Мерекеге арналған салтанатты шара Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрда жалғасты. Этномәдени бірлестіктер қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырды. Салтанатты шараға қатысқан аймақ басшысы Ассамблеяның орны ерекше екендіге тоқталды.

- Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының салтанатты ашылуы еліміз бойынша бір мезетте барлық өңірлерде өтіп жатыр. Қазақстанда тату-тәтті тұрып жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың достығы мен бірлігіне әлем таң қалып, отанымыз достықтың құтты ұясы, бауырластар мекені атанды.  Оның жарқын көрінісі Елбасының бастамасымен өмірге келген  Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл. Бірлігіміз бекем, достығымыз тұрақты болсы, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Мерекелік шарада түрлі қойылымдар көрсетіліп, жергілікті өнерпаздардың ән-шашуымен жалғасты. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясына арналған шаралар жыл бойына жалғасатын болады.


Әзірлеген – Досжан Мейірбек.

Ұқсас материалдар