Қандастар Ассамблея

Қытайда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Dombyra party» өтті (фоторепортаж)

15.05.2015 7415
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай Қытайдың Ланджоу қаласындағы Қазақстан студенттер ассоциациясы «Dombyra party» ұйымдастырды.

Қытайдың ұлы ойшылы Конфуций: “Өлігін құрметтесе, бабасын қастерлесе, халықтың қасиеті бұрынғы қалпына түседі”, деген екен. «Қазақ хандығының 550 жылдығын» тойлау тарихи тұрғыдан ғана емес, жаһандану заманында қазақтың қазақ екенін, әлемдік өркениетте қазақ халқының ерекшелігі мен мәдениетін айқындау тұрғысынан да мәңгілік елдің ертеңін қалайтын жастар үшін маңызды оқиға.

Осы 550 жыл ішінде қазақ халқының басынан өткен ауыр жылдарды білетін бүгінгі ұрпақ тыныш заманның қадірін одан әрі бағалайды. Сол себепті, біз жастар «Қазақ хандығының 550 жылдығын» ел дамуындағы маңызды тарихи оқиға деп қабылдаймыз.

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай Қытайдың Ланджоу қаласындағы Қазақстан студенттер ассоциациясы «Dombyra party» ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты шетелдіктерге Қазақстанды 550 жылдық тарихы бар, тамыры тереңде жатқан, ерлері батыр, билері әділ, халқы өнерлі ел ретінде таныту, қазақ мәдениетін паш ету.

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, көңілі дархан қазақ халқының жанын айнытпай салатын домбыраны шетелге шыққан әр қазақ өзімен бірге ала жүретіні ақиқат. Ланджоу қаласында «Dombyra party» шарасы өтетінін естіген қазақстандық студенттер мен жергілікті қандас бауырларымыз бірден қатысуға ниет білдіргені соны айғақтайды.

«Dombyra party» талантты қыз-жігіттердің күй жарысынан басталды. Ішіндегі ақындығы барлары айтысып, «Қазақ хандығының 550 жылығына» арналған өлең-жырларын оқыды. Қойылымдар арасында қазақ хандығына байланысты сұрақ-жауап ойындары ойналды.

Әу, демейтін қазақ жоқ, домбыраның сүйемелдеуімен Қытай аспанында қазақ әндері шырқалды. Ұлттық ойындар ойналып, жігіттер өзара күш сынасты. Сонымен қатар, келген қонақтарды сергіту мақсатында спорттық ойындар ойнатылды.

Кеш барысында ата-бабаларымыздан қалған ұлағатты сөздер айтылды. Соның ішінде қазіргі білім жолында Қытайда жүрген жастар үшін ең ерекше болып есептелетін Абылай хан бабамыздың:

Білекке сенген заманда,

Ешкімге есе бермедік,

Білімге сенер заманда,

Қапы қалып жүрмелік - деген сөзі, біздің кешіміздің ұраны іспеттес болды.

Айта кетерлік жайт, бұл Ланджоу қаласында өтіп жатқан екінші «Dombyra party». Біріншісі былтыр өткен. Оған 50 шақты шетелдік қонақ келсе, биылғы «Dombyra party»  шарасын 100 шақты шетелдіктер тамашалауға келді.

Сөз соңында, Қазақ хандығының 550 жылдығы құтты болсын дегім келеді. Қазақстанымыз көркейе берсін! Еліміздің көк аспанында қыран құсы еркін қалықтап, бейбітшілік туына айналсын! Әумин!

 

Еламан БЕКТЛЕУОВ, Ланджоу Университетінің 3-курс магистранты,

Қытайдағы Қазақстан студенттер ассоциациясының төрағасы

Ұқсас материалдар