Қандастар Ассамблея

Үйсіндер тілі

23.08.2014 6478
Үйсіндер тілі

Үйсіндерді түрік тілді емес деушілердің де, Түрік қағанатының оларды əлдеқашан түріктестіргеніне кəміл сенерлік кез болды-ау деймін. Алдыңғы жақта айтқанымыздай, бүгінгі қазақ тілінде талай мыңдаған парсы сөзі бар. Егер кей жандар ежелгі үйсіндерді иран-парсы тілінде сөйлеуші еді деп қасарысқанда да, олардың қазақты құраған тайпалармен қосылу барысында ассимилияцияланып əбден түріктенгеніне бас шайқай алмайтын шығар. Осыны құптаған талай ғалым: “Б. з. б. VI - IV ғасырлар аралығында Қазақстан аумағының солтүстігіндегі сақтар түрік тілімен, оңтүстігіндегі сақтар иран тілімен сөйлескен. Қазіргі қазақ тіліндегі толып жатқан сақтар тілін тіпті айыру да қиын... Сақтар қазақтардың құрамына айналғасын, олардың иран тілділері де ертедегі қазақ тілімен сөйлесетін болады. Бірақ əсілі істетіп жүрген ирантілін қазақ тіліне азды-көпті ала келері де сөзсіз” дейді. С. И. Руденко: “Скиф дəуіріндегі таулы Алтайдың тұрғындары жылқышылар болды. Олардың тұрар жайы қазақтардікіне ұқсасты. Ал, антропологиялық жағынан қазіргі қазақтар мен қырғыздарға жақын болды” деп жазса, М. П. Гриязнов пен С. В. Киселев Шибе обасынан табылған заттар туралы: “Бұлардың өрнектері қазіргі алтайлықтардың, қазақтардың жəне Тəңіртау қырғыздарының ою-өрнектеріне төтенше ұқсас” деп атап көрсеткен екен. Міне бұл тарихты, тарихи өзгеріс ықтималдықтарын, сол қатарда тіл тарихын, т. б. жете білгендік.

Сайып келгенде, “Қазақты зерттеген тарихшылар, этнографтар, археологтар қазақ ұлтының түптегі б. з. б. VII - IV ғасырларда Орта Азияда өмір сүрген сақтар деп біледі. Кей ғалымдар тіпті қазақ деген сөз екі тайпаның – Орта Азияның ежелгі тұрғыны Қаспий мен Іле өңіріндегі ежелгі Сақтың аттарының қосындысынан шыққан деседі . Бұл бір тұспал болғанымен, қазақ ұлтының ішінде толып жатқан ежелгі сақтық құрам барлығына күмəндануға болмайды. Қазақты құраған қыпшақ, арғын жəне басқа тайпалар ішінде сақ тоғалақ, бессақ, борсақ, қарсақ сықылды рулардың атындағы сақ дегендер - Қытай тарихындағы сақ. Демек сақтар - қазақты құрағандардың бірі”. “Үйсін - қазақтағы ең ірі тайпа. Қазақтағы тарихи аңыз бен қазақ ұлтының шежірелік баяны бойынша, “үйсін” дегеннің кең жəне тар мағынасы бар. Тар мағынада Ұлыжүздің бір тайпасының аты. Кең мағынада Іле, Жетісу жəне оңтүстік Қазақстандағы Ұлыжүз тайпасының жалпы аты. Қазіргі Албан, Суан, Жалайыр сықылды тайпалар Үйсіннен шыққан. Үйсін сонау екі мыңжылдың алдында-ақ қытайша жыл- намалардан көрінеді. Үйсін - қазақ ұлтының басты этногенезі, қазақты құраған негізгі тұлғалық  тайпа. Шоқан Уəлиханов қазақ халық шежіресін зерделей келе: “Үйсін - бүкіл Ұлыжүздің ататегі” деген орыс ғалымы А. Н. Аристов та Ұлы жүз шежіресін зерттеген соң “Ұлы жүз - қазақ ұлтының ата тегі. Бұлай деудің аңыздық жағы болғанымен, ертедегі үйсіндердің бүгінгі қазақтардың басты ататегі екенінде күмəн жоқ” деген екен” .

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Ұқсас материалдар