Қандастар Ассамблея

Үйсіндер ел ретінде əлі де бар

23.08.2014 2233
Үйсіндер ел ретінде əлі де бар

Үйсіндер барған тұстағы (Ташкент пен Оңтүстік Қырғызстан, Оңтүстік Қазақстан маңындағы) ежелгі тұрғындар шығыс Иран тілді болғанымен, олардың үстіне ол тілде емес (мысалы түрік тілді) сан тайпа көшіп барғалы ұзақ уақыттар  болған. Сол түрік тілділердің бірі - Үйсін;

Былайғы (алда айтылатын) процес бұл жердің жерліктерін тіпті тез түріктендірген.

Ал, “Археологиялық табыстарға сүйене отырып, Кеңес Одағындық ғалымдар: “Б. з. IV ғасырындағы бір қыдыру үйсіндердің Тəңіртаудың орта шеніне енуі V - VI ғасырлардағы Түрік дəуіріне дейін жалғасты. Үйсін тайпалық одағы Тəңіртаудың орта тұсында, б.з. V – VI ғасырларында бар болатын. (1953-1955 жылдары табылған. - С. Ж. ) Толып жатқан Үйсін, Түрік обалары үйсіндердің бағынса да жойылмағандығын түсіндіреді” деген болатын. Үйсіндер бұл кезде, оңтүстіктегі Памирге ауған емес, Орталық Тəңіртауға енген. . Жалпы алғанда, б. з. б. II ғасырдан б. з. VI  ғасырына дейінгі 800 жылда Үйсін мен Қаңлының негізгі көшпенді регионы тым өзгермеген, мəдениеті Сақ пен Жүз мəдениеттеріне мұрагерлік қылған қазақтық ертедегі дала мəдениет ерекшелігін қалыптастырған”.

Осы арада, үйсіндердің басты күші батысқа (жоғарыдағыша айтқанда, Орталық Тəңіртауға) ауғанымен, оның белді тайпаларының кейі батысқа тым сырғып та кетпеген жəне нөнендермен күресін доғармаған екен. Соның бір мысалы Албан (Юебəн) елі туралы мына бір деректе тұр. Онда былай делінген: “Юебəн елі Үйсіннің батыс терістігінде. Дай дуанынан 10930 ли қашық. Олардың арғы аталары əсілінде ғұндардың теріскей тəңірқұтына қарасты ұлыстан еді. Бұлардың тұрмыс салты жəне тілі қаңлылардікімен бірдей. Ал олардың адамдары өздерін оғыздардың қай-қайсысынан да таза ұстайтын еді. Шашын қиғызып, қастарын жасататын. Шірнемен боянып, бой түзейтін. Əр күні үш мəрте жуынып, ауыз шайқайтын. Сосын тамақтанатын . Нөнендермен одақтасу ойымен Юебəннің ханы мыңдаған адам- мен Нөнен еліне Датанмен дидарласу үшін аттанады. Олардың жеріне жүздеген ли ішкерілеп кірген Юебəн ханы нөнендердің кір жумайтынын, əйелдері ыдыстағы жұғынды жалап кетіретінін көрді де, қасындағы ұлықтарына ренжіп: “мені алдап қайдағы иттердің еліне əкелгенсіңдер?!” деп атының басын кері бұрады. Содан бастап бұлар (нөнендер мен албандар. - С. Ж.) бірі мен бірі жауласып, өзара көп шабысты... Б. з. 448 жылы бұлар ордаға тарту-таралғымен елшісін жəне желбішісін жіберді. Желбішісі адамның алқымындағы тамыры қиылып, одан қан аққанда немесе зілді соққымен адамның төбесін ойып, қанға бөктіргенде, аузына шөп дəрі салып шайнатса қанның дереу тиылатындығын, жаралы адамды бірер ай емдесе, тыртық қалмай жазатынын айтты. Өтірік шығар деп, бұған күмəнданушылар көп болды. Сонымен өлімге бұйырылған қылмыскерге сынақ жасалып, рас екені дəлелденді. Ол мұндай дəрі шөп Түнязының ұлытауларынан да табылады деді. Оның өнерін үйренуге мол сыйлықпен арнаулы адам жіберуге келісілді. Олар Уей əулетінің əскерлерімен тізе қосып, нөнендерді шығыс пен батыстан екі бүйірлеп қыса соққылауды талап етті. Патша Тəй У олардың тілегін қабыл алды да, шекара аймақта тұратын əскерлеріне соғыс күйіне келу туралы жарлық түсірді. Оның үстіне қатысты басқармаға Юебəннің жауынгерлерді ерлікке шақыру күйін сарайдың əуез мекемесіне енгізуді бұйырды”.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Ұқсас материалдар