Қандастар Ассамблея

ҮЙСІНДЕР - ҰЛЫ ДАЛАЛЫҚ САҚТАРДЫҢ БІР ТОБЫ. САҚТАР САН ТАЙПА БОЛАТЫН

21.08.2014 3115
. ҮЙСІНДЕР - ҰЛЫ ДАЛАЛЫҚ САҚТАРДЫҢ БІР ТОБЫ. САҚТАР САН ТАЙПА БОЛАТЫН

Ұлы Дала кіндігіндегі қазiргi Қазақ Даласын ежелгi адамзат (іс жүзінде əлгі адам тəрізділер) бұдан 1 миллиондай жыл бұрын мекендеген. Мұны Қаратау, Маңғыстау өңiрлерiнен табылған дүниелер дəлелдейдi. Ал, ертепалеолиттiк (содан б. з. б. 150 — 130 мыңжылдықтарға дейiнгі) ескерткiштер Тəңіртау, Қаратау, Сарыарқа, Мұғалжар, Маңғыстау, Ертiс,.. алабынан табылып отыр. Бірақ қазіргі ғылым жетістіктері бойынша оларды ата-бабамыз санауға келіңкіремейді.

Бізге ата-баба саналатындар өмір сүрген кезеңге – мысалы ортапалеолитке (мустье) жататын (содан б. з. б. 35 – 30 мыңжылдықтарға дейiнгі, қазіргідей адамдарға тəн) ескерткiштер де бұл өңiрлерде көп. Кейiнгi палеолит(одан б. з. б. 12– 10 мыңжылдықтарға дейiнгі) дəуiрiнде адамзат бұл өңірдiң барша аймақтарына тараған.

Африкалықтардың көшінен Ұлы Даланы келіп жайлағандардың бізге аты келіп жеткендерінің ең алғашқысы - еуразиялық сақтар. Сақ (Скиф) - Ұлы Даладағы туыстас тайпалардың ортақ аты. Сақтар - ерте темір дəуірінде Ұлы Даланы мекендеген тайпаларға байланысты жалпылама атау. Бұл атауды бізге жеткізген ең көне жазба деректер кемінде үшеу:

1. Б. з. б. І- ғасыр басында тамамдалған «Тарихи жазбалар» мен одан сəл кейінгі «Хəннама» сықылды хəн жылнамалары.

2. Грек авторларынан Геродот (б. з. б. V -ғасыр), Ксенофонт, Птоломей (б. з. б. ІІ ғасыр) сияқтылардың жазба деректері.

3. Көне парсы кезінен қалған Бехистон сына жазулары.

Көне парсы деректері сақтардың үш үлкен тобы барлығын айтқан. Бұл үш үлкен топ ғылымда кең қолданылып келеді:

1. Хаума варга (Хаммоварга, хаома ішімдігін пайдаланатын) сақтар.

2. Тигра хауда (шошақ бөрікті), геродотша ортокарбион сақтар.

3. Тяй - парадрая (теңіз артындағы) сақтар.                      

Орта Азия мен соның маңында өмір сүргендерді байқаған “Ертедегі Грек тарихшылары сақтардың массагет, яксарт, абий, дай, корат, комар, аскатаг, исседон, асси, аримасеп, сармат, каспи, т. б. толып жатқан тайпаларын хаттаған екен”. Бұл деректі беріп отырған кітапта бұл тайпалардың атам заманнан бері қазақ тайпалары тіршілік еткен - Арал, Сыр, Талас, Қаратау, Келес, Шыршық, Андрон, Тəңіртау, Шу, Іле, Тарбағатай, Алтай, Жем жəне Каспийдің айналасы сықылды сулы-таулы жерлерде өмір сүргенін нақтап жазыпты. Əрине ол тарихшылардың аяғы жетпеген жер де, байқамаған, естісе де хатқа түспеген тайпалар да толып жатыр.

Бұл кезең туралы Жақып Мырзахановтың мына баянының да қисыны бар. Ол: “Сақтар жөніндегі Геродоттың «Тарих» атты, Мырнандырдың «Грек тарихының фрагменттері» атты шығармаларындағы деректерге сай жəне Қытайдың «Жоу патшалығы тарихы» мен «Таң патшалығы тарихындағы» түріктердің ата-бабасы туралы аңыздарға сай, қазір еліміздегі жəне шетелдердегі көптеген зерттеушілер б.з.б. VII -III ғасырларда көркейіп-гүлденген сақ тайпаларының бір бөлегі б.з.б. VI ғасырындағы Иран патшасы Даридың, IV ғасырындағы Грек патшасы Александр Македонскидің (Ескендір Зұлқарнайдың) шапқыншылықтары салдарынан, б.з.б. IV-III ғасырларында батыстан шығысқа көшкен деп қарайды. Б.з.б. II-ғасырда сақтар шығыста Хəнзулардың шекарасына дейін барған. Батыстан шығысқа ауған сақтардың тиграхауда (шошақ бөрікті) сақтар екені, олардың аты кейін еліміздің тарихи жазбаларына худат ( Хоуже - С. Ж. ) деген дыбыстық аударумен түскені туралы жорамалдың өзіндік ғылыми құны бар деп қарауға болады. Өйткені хəнзу дыбыстауымен жазылғанда “тигра” қалып, “хауда” ғана алынып, қысқартылып жазылған болуы əбден мүмкін. Көптеген зерттеушілер хоже (худат) ертедегі қыпшақтардың аты деп қарайды. Ендеше жүздер мен сақтар осы хуже ұрпақтары болады. Худат əсіліндегі тиграхауда сақтары делінсе, онда олардың бұрынғы мекендері қазіргі қазақ даласындағы үйсін, қаңлы, аландардың ежелгі жұрты болып шығады, яғни олар – гректер “массагеттер”, ирандықтар “сақтар” деп атаған халықтардың тіке ұрпағы. Анығырақ айтқанда, олар - б.з.б. VII-III ғасырларда Каспий теңізі мен Арал теңізі өңірінде жасаған сақтардың ұрпағы”. Жақыптың бұл талдауын «Солтүстік əулеттер тарихы. 99-бума. 87-баян. Түрік, Батыс Түрік, Телек» дегендегі: “Түріктің арғы аталары Батыс теңіздің оң жағын мекендеп, өз алдына ұлыс құрған. Олар ғұндардың бір тармағы болса керек. Тегі - Ашына.”делінуі мен Лин Ганның “Шюе Зұңжың мақаласында “Түріктің ұйтқы тегі - Ашинаның арғы төркіні Каспийлік Сақ . Шығыстағы Шөл солтүстігіне ауғасынғы Хуже (Хагат, Қыпшақ), Худы(Қыпшақ). Алтайға келгесін Түрік (Тужюе) атана бастады. Алтайда телылер (бұлар да түріктер. - С.Ж. ) көп болатын. Ашиналар қалың Телы этносының ішіне кіргесін, көп ұзамай бір-ақ телілесіп кетті” деп жазады. Демек, б. з. VI-VIII ғасырларындағы. Түрік қағанаты - іс жүзінде телілескен (түріктенген, демек өзіне қандас, тілдес өзге диалекттегі тайпаларына бірігіп ұлыланған - С. Ж. ) сақтар құрған мемлекет”  деуі тіптен мықтай түседі. Демек, үйсіндер - гректер “массагеттер”, ирандықтар «сақтар» деп атаған шошақ бөрікті сақтардың тіке ұрпағы.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Ұқсас материалдар