Қандастар Ассамблея

ҮЙСІН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ГЕОГРАФИЯСЫ

21.08.2014 2651
ҮЙСІН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ГЕОГРАФИЯСЫ

Мейлі қай кезеңде болса да əр ұлыстың (мемлекеттің), баудың (хандықтың) өз территориясы болды. Ол кезде жесір дауынан гөрі жер дауының қаттырақ болғанын Мөде тəңірқұттың Шығыс Оғыз (дұңху - шығысху) бен Ғұн екі ел аралығында иен жатқан жерді сұраған шығыс хуларға берген жауабынан-ақ байқалады. Мөде олар тұлпар сұраса да, қатұн (тəңірқұтша) сұраса да бергізіп, жер сұрағанда басынғандық санап, шабуылдау үшін атқа қонады. Ал, Хəн Шюанди патша (б. з. б. 73-49 жж) кезінде, ішкі қайшылық ушығып барып ыдыраған Үйсінге келген Хəн əулетінің шендісі Чаң Хүй Чаңлобегінің үйсін астанасы Чыгуде (Чекүкте, Қызылкүренде) тұрғандағы басты міндетінің бірі ара ағайын ретінде екі күнби “халқының жер шекарасын айырып беру” болды делінуі де осыны айғақтайды.

Үйсін туралы ұзақ уақыт та мұқият зерттеулер жүргізген Уаң Биңхуа мен Уаң Миңжылар: “Бұл арада айта кетерлік тағы бір жайт, байырғы ұлыстардың қай-қайсысының да көршілес халықтар немесе тайпалық одақтар үлкен жақтан мойындайтын едəуір тұрақты өрістері болды. - дей келіп, Үйсін ұлысының Нəнді би мерт болудан бұрынғы аумағы туралы бір қыдыру дəлелдеулерден соң, - Тоқ етер түйінін айтсақ, Хəн əулеті заманынан бұрын йүздер (жүздер, нүкістер) мен үйсіндер Хыши дəлізінің шығысы мен батысына бөлек қоныстанған, батыс бөлігінде үйсіндер, шығыс бөлігінде йүздер мекендеген. Оларға қазіргі Жаң-йе шекара болған”  - деп өздерінше тұжырым жасап, əр елдің өз аумағы, шекарасы болғанын айқындай түседі. Əрине бұлардың сөзіҮйсіннің ел кіндігін Ілеге əкелуден бұрынғы аумағының шығыс шеті туралы кетіп барады. Біз бұл пікірге ұқсамайтын көзқарасымызды жоғарыда айтқамыз.

Меніңше, Ілеге ауудың алдындағы Үйсін аумағы да бұрынғыдан əлде қайда кең болуға тиісті. Жоғарыда “Күнби халқына қормал болыпты, қоңсылас отырған ұсақ елдерді шауып ірге кеңейтіпті. Сонымен оқшыларын бірнеше түменге жеткізген екен (Ол заманның күшті елдері өз армиясын жайгер, найзагер, қылышкер, сақпыгер, т. б. түр-түр бойынша ұстаған, машықтандырған. Бұл арадағы оқшы деген - жайгер - С. Ж. ). Күнби оларды шабуылдау мен қорғануға машықтандырыпты” деген деректі көрсеттік. Сонда Үйсін хандығының (ғұнға бағынышты баудың) кіндігі кең мағынадағы (Бесбалық, Манас, Тоқсын, Боғда бауыры сықылдыларды қамтыған) Үрімжі өңірі болуға тиісті. Ал, ол халық сирек заманда, күшті хандық түгіл, кез-келген хандықтың иелік жерінің де кеңірек болатыны түсінікті. Сонда Үйсінұлысының шығысы қазіргі Гансу өлкесіндегі Жаңиеге тірелсе, батысы бүгінгі ШҰАР -дағы Байынғолынға дейін созылып жатқан болуы ықтимал.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Ұқсас материалдар