Қандастар Ассамблея

ҮЙСІН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ

21.08.2014 2864
ҮЙСІН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ

Ең алдымен айтарым, Үйсін ұлысы екіге жарылардың алдында мейлінше көркейген болатын. Оның ең басты белгісі халық санының артқандығында еді. Бертінгі зерттеушілер «Ханнама. Батыс өңір баянындағы» санды мағлұматты, яғни “120 мың түтін, 630 мың жан, соғысқа жарамды 188800 əскер бар”дегенді алғашқы кездің - Жаң Чян елші үйсінге келген тұстағы (б. з. б. 119 жылғатəн) сан десіп жүр. Дұрыс айтады.

Одан бір ғасырға жуық уақыт өткенде - б. з. б. І ғасырдың орта шенінен ауғанда халық санының тіпті көбейгені сөзсіз. Өйткені:

1. Табиғи туыттық өсім Жетісудай жер жаннатын кіндік еткен өлкеде, өзге ел соқтыға алмайтын, өзгеге барып тиісуі сирек күшті де үлкен елде жоғары болады. Оның үстіне ол заман - қайсы ел болса да, алдымен адамының көптігімен күшті саналатын, соған орай қыл аяғы аталық жыныс мүшесіне дейін табынатын заман;

2. Ауқаты оңалған ең күшті де бай елге өзге ел, тайпалардан ерікті ауыпкелушілер де көп болады;

3. Соғыста Үйсінге тізе бүккендер де көп болды (б. з. б. 71 жылғы, ғұндармен бір шайқастың өзінен 40 мыңдай адамды айдап қайтқан тұрса);

4. Құлдар да аз емес еді. Соғыста тізе бүккендерден сырт, өзге елдерден құл сатып алу, салық төлей алмаған жұрттан салық орнына құл алу, т. б. жалғасып тұрды. Үйсін обаларына кеткен еңбеккүшін есептеу Үйсінде құлдардың недəуір санды ұстағанынан дерек береді.

Сонда б. з. б. І ғасырдың орта шенінен ауғандағы

Үйсіннің халық саны екі миллионға таяды дей беріңіз. Өйткені халық саны 2 миллионнан асатын Ғұнқолының шабуылын б. з. б. 71 жылы жайпап тойтарған Үйсінде соншалық халық болуға тиісті. Үйсіннің ол кезде бұл өңірдің ең күшті ұлысы саналуының орны бар. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай оның халық саны “Хəн басқағына бағынды күйдегі”, Такламакан жиегінде отырған қалалы хандықтардың халық санының жиындысынан бір ғасыр бұрынның өзінде бір есе артықты. Ол елдердің ең ірілерінің өзіндегі халық саны да тым аз болатын. Мысалы, Хəн жақтың ертедегі екі жылнамасының берген мəліметіне қарағанда, Күсанда (Күшар) 81317, Агниде (Қарашəр) 32100, Гамүкте (Ақсуда) 24500, Ұзынтатиде 20040, Шамшанда (Пышан) 14100, Ұдүнде (Хотанда) 19300, Шалікте (Қашқарда) 18647 ғана жан бар екен. Ал қалғандарындағы халық саны тіпті аз. Мысалы, Касиде (Жемсарыда) 4774, Барыста (Баркөлде) 1070, Кесұғде (Корлада) 4900, Алүйде (Бүгірде) 1200, Самұтта (Шаршанда, Сармаданда) 1610, Нақиянда (Шарқылықта) 1750 ғана адам тұрады екен.

Меніңше, Үйсін күшейгеннен кейін - бұдан бір ғасырға жуық уақыт өткесін - б.з. б. І ғасырдың орта шенінен ауғанда, бұл маңдағы Ғұн мен Хəнге қарамайтын ұсақ елдердің талайы, кезінде Жаң Чян мəліметі арқылы хатқа түскенімен, тəуелсіз елдік-хандық күйден айрылған, Үйсінге бағынған болуға тиісті.

Үйсіннің этностық құрамы аса күрделі болуға тиісті. Себеп-алдымен, үйсіндер келудің алдында, Жетісу өңірінен көшпей қалғандардың өзі сақтарға тəн əртүрлі тайпаның қалдықтары; жоғарыда айтылған 40 мың тұтқында Ғұн қағанатындағы тек бір тайпаның ғана адамы емес, əрине; Хəн жылнамаларындағы шектемеліліктің бірі үйсіндердің өзінің батыс жағымен (Қаңлы, Алан, Ұлыжүз сықылды елдермен, Ұлыжүз билеуіндегі Бактрияның ежелгі тұрғындарымен, ферғаналықтармен, парсылармен, т.б.) араласын тəптіштірек жаза алмағандығында. Бұл араласудың да талайды, тіпті өзге тіл, өзге дін, өзге салтты тайпа уəкілдерін əкелетіні сөзсіз.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Ұқсас материалдар