Қандастар Ассамблея

ҮЙСІН, ҚАҢЛЫ, АЛАНДАРДЫҢ ЖҰРТЫ - ОСЫ САҚТАРДЫҢ ҰРПАҒЫ

20.08.2014 2411
ҮЙСІН, ҚАҢЛЫ, АЛАНДАРДЫҢ ЖҰРТЫ - ОСЫ САҚТАРДЫҢ ҰРПАҒЫ

Демек, үйсіндер сықылды ұлы далалықтардың тегі жайлы сөзді сол Ұлы Далалық сақтардан бастаған дұрыс. Кейінгілердікі сол сақтар мəдениетінің жалғасы.

Көп санды зерделі ғалымдарға мынау анық:

Бірінші, кез-келген ұлтты құраған кешегі тайпалардың (мысалы үйсіндердің), əу баста, кейін келе өзі құрасқан бүгінгі ұлттың (мысалы Қазақтың) бүгінгі тілімен (тіпті байырғы түркі тілімен) сөйлейтін тайпа болуы басты шарт емес. Мүмкін ол, əуелде өзге тілде деген күннің өзінде де, бұл ұлтқа қосылған соң ассимилияциялану барысында, біртіндеп өз тілін тастап, осы ұлттың бүгінгі тіліне қарай ауған шығар.

Екінші, кез-келген ұлтты құраған кешегі тайпалардың əу бастан бүгінгі осы ұлттың нəсілінде болуы да басты шарт емес. Бұл тайпа жасаған орта мен аралас некелену сықылдылар ол тайпа тұқымын біртіндеп метистендірген болар.

Үшінші, 2000 жылдың арғы жағындағы тілдерді тəп бүгінгі ұлттар тіліндей дамыған өреде (соншалық бай лексикалы, өз ара зор парықты, т. б. деп) елестету де жаңсақтық. Тіпті мүмкін ол тұстағы тілдер бір бірінен тым алыстамаған да болар. Сонымен, үйсіндер көктен түскен де, жерден шыққан да емес. Олар -сонау африкадан келген арғы ата-бабаларының ұрпағы. Ол үйсіндер ғарышқа кеткен де, жерге кіріп жоғалған да жоқ. Олар Еуразияның мына Ұлы Даласында, өз ұрпағы арқылы алдымен сақтар атанып, артынан ғұн қағанатында болып, сосын дербестеніп, артынан ыдырап, бертін келе Түрік пен Түргеш қағанаттарына бағынып,... өз тарихын бүгінге шейін жалғаған.

ҮЙСІН ҰЛЫСЫ ҒҰН ҚАҒАНАТЫНДАҒЫ БІР БАУ ЕДІ

“Ғұн қағанатындағы бір бау” деуімде себеп бар. Өйткені бұл қағанат та, бір ғана тайпалық одақ емес, талай тайпалық одақтардың құрамасы - кезінде бау деп аталған хандықтардан құралған федерациялық империя. Үйсін ұлысы - сол империя ішіндегі бір бау (хандық). Ол кейін келе бұл қағанаттан бөлініп, тəуелсіздік алып, дербес шаңырақ көтергенімен, тіпті арада Ғұн қағанатымен соғысып қалған шақтары да болғанымен (Қазақ тайпалары арасындағы қақтығыс бертінгі ғасырларда да болып келді ғой), ғұндармен (əсіресе оның батыс жағындағы баулармен) жақындық, сыйластық, тіпті туыстық сезімдерін əйгілеуі бүкіл тарихында басты ағым болып келді. Мұны сіз былайғы жерде баяндалатын Үйсін тарихынан да əбден аңғарасыз.

Ең байырғы Хəн жылнамалары негізінен авторлары көрген не естіген, əсіресе Ұлы Қорған төңірегін басты өңір еткен оқиғалармен шектеледі. Ғұндар б. з. б. III - ғасырдың аяғынан бастап Ұлы Қорғанның төңірегінде жəне қазіргі Моңғолия үстіртінде белсенді бой көрсеткен болатын. Олар туралы хəн жылнамаларындағы баян да осы тұстан бастап тəптіштеле түседі.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Ұқсас материалдар