Қандастар Ассамблея

Ырысқа толы тайқазан Жетісу жерінен Оңтүстік өңірге аттанды

17.03.2015 2541
«Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 ізгі іс» эстафетасының символы Тайқазан 6 наурызда Алматы облысына келіп жеткен болатын.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 ізгі іс» эстафетасының символы Тайқазан 6 наурызда Алматы облысына келіп жеткен болатын. Талдықорған қаласындағы «Достық үйіне» келген киелі тайқазанды өңірдегі әртүрлі ұл өкілдері, этно-мәдени орталықтар мен бірлестіктердің жетекшілері, мүшелері және қала тұрғындары салатанатпен қарсылап алған еді.

Қарсы алу рәсімінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық хатшылығының жетекшісі Ғабит Тұрсынбай сөз сөйлеп, биылғы жылы облыс көлемінде Ассамблеяның 20 жылдығы аясында атқарылатын жұмыстардың барысына тоқталды:

— «Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 ізгі іс» эстафетасын біз Жамбыл облысынан қабылдап алдық. Осы ырыс, берекенің нышаны Тайқазанның жер жәннаты Жетісу жеріне келгеніне қуаныштымыз. Ағымдағы жылы осы шара аясында облыс көлеміндегі мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасыларға көмектер көрсетіліп, ардагерлер мен қарттарға жан-жақты қолдаулар ұйымдастырылатын болады. Мұндай істер осымен жалғаса бермек.

Салтанатты шарада облыстың бірқатар этно-мәдени бірлестіктері де атаулы мерекеге қарсаңында жиналған қонақтарға өздерінің жылы лебіздерін жеткізіп, өз салаларында жасалып жатқан жұмыстарымен бөлісті.

Бір жеті ішінде Жетісу жеріндегі ізгі істерге толған «Тайқазан» Талдықорған қаласынан Оңтүстік Қазақстан облысына тапсырылды

Шара Жетісу жерін мекендейтін барлық этностардың өзара достығы мен ынтымақтастығын бейнелейтін театрландырылған көрініспен басталып, концертке ұласты. Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев:

— «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасының аясында ұйымдастырылып отырған «20 ізгі іс» республикалық акциясы облысымыздың барлық елді мекендерінде өткізілуде. Акция барысында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, аз қамтылған отбасыларына, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетім балаларға, ауыр сырқатқа шалдыққан балаларға, сол сияқты өмірде қиындыққа ұшыраған адамдарға ерекше көңіл бөлінеді. Оларға барынша қолдау көрсетіліп, көмек жасалады. Бүгінгі күні бізге керегі - ең бастысы достығымызды бағалау, қоғамдық келісімді сақтау, көмекке мұқтаж жандарға дер кезінде қол ұшын беру. Біз мақсаты, мүддесі, болашағы бір халықпыз. Елімізде әрқашан бейбітшілік, тыныштық салтанат құрып, мемлекетіміз гүлдене берсін, - деп атап өтті.

«Тайқазан» акциясы аясында тағы бір ізгі іс атқарылды. Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері «Күміс үзеңгі» балалар ат спорты мектебіне мүмкіндігі шектеулі балаларға иппотерапия емін жүргізу үшін жылқы сыйға тартты.

Мұнан соң күн сайын ізгі істердің қатарын көбейтіп, ел ішін аралау сапарын жалғастыруы үшін «Тайқазан» Оңтүстік Қазақстан облысының өкілдеріне ұсынылды.

Ұқсас материалдар