Қырғыз мұрағатындағы Қазақстанға қатысты құжаттар таныстырылды

16.09.2016 2806
Мәскеуде өткен I бүкілодақтық конференцияда жазушы Сәбит Мұқановтың әріптестерімен кездесу сәті түсірілген фотосуреттер әкелінген

Астанада алғаш рет Қырғыз республикасының Бішкек қалалық мемлекеттік мұрағат қорының құжаттары мен фотосуреттерінің көрмесі ашылды. Көрмеге қойылған фотоқұжаттар Қазақстан мен Қырғыз Республикасының әртүрлі хронологиялық кезеңдердегі қарым-қатынасының тарихын бейнелейді.

Олардың ішінде – Орта Азия мемлекеттері басшыларының 1992 жылғы Бішкекте өткен басқосулары, Қазақстан мемлекет басшысының Қырғыз Республикасына 2001жылы ресми түрде баруы сияқты  екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасын сипаттайтын фото құжаттар бар. Сондай-ақ 1949 жылы Мәскеуде өткен I бүкілодақтық конференцияда жазушы Сәбит Мұқановтың Түркменстан, Ресей және Қырғыз Республикасынан келген әріптестерімен кездесу сәттері түсірілген фотосуреттер де әкелінген.

Қырғыз Республикасы Бішкек қалалық мемлекеттік мұрағатының директоры Жұмабай Бечеков:

«Біз бүгінгі көрмеге Қырғызстан архивінде сақталған екі ел арасындағы ынтымақтастық маңызы бар құжаттардың көшірмесін әкелдік. Ең алғашқы  құжаттардың бірі ретінде 1916 жылғы көтеріліске қатысқан қазақтар туралы мәліметтерді айтуға болады. Одан бөлек 1930 жылдары Қазақстандағы ашаршылық кезінде шекараға жақын тұратын тұрғындардың Қырғызстанға жер ауып көшкендігі туралы құжаттар да бар. Оның ішінде жетім қалған балалардың асырап алғандығы жайлы ақпараттар кездеседі».

Қазақстан мен Қырғыз Республикасының мәдениетаралық ынтымақтастығы аясында Астана қаласы мемлекеттік мұрағатында алғаш рет атақты суретші, сәндік-қолданбалы өнер майталманы, ЮНЕСКО сыйлығының иегері Райкүл Ахматованың көрмесі ашылды. Автор көпшілік назарына 70-тен астам жұмысын ұсынды.

Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Райкүл Ахматова:

«Бүгінгі көрмеде екі елдің өмір салты, этнографиялық ұқсастықтары бейнеленген картиналар мен тарихи оқиғаларды әйгілейтін құжаттар ұсынылып отыр. Шағын көрмеде соңғы онжылдықтағы жетістікке ие болған туындылар әкелінді. Ресей, Түркменстан, Польша, Индия, Англия, АҚШ, Швеция, Корея сияқты елдерде өзімнің жеке көрмемді өткіздім және сол елдердің музейінде, мұрағатында сақтаулы тұр».

Суретшінің айтуынша, жұмыстарын көбіне Мәскеуде орталық галереяда, өзге де ірі өнер орталықтарында сатуға шығарады. Шығармашылық жұмыстарының бағасы әртүрлі. –Жұмыс сәтінде жаныңа жақын ойларды алып шығасың. Сондықтан басымыздан өткен қиын жылдар да, бақытқа толы сәттер де біздің байлығымыз, – дейді ол.

Суретші-дизайнердің ертеректе басылған «Поющие» (1983), «Летопись гор» (1984) киіз паннолары петроглиф мотивімен айшықталған. Қызыл пішінді басымдылық картинаға тұрақтылық пен ұстамдылық өң бере түскендей. Ал, «Мотив» (1986) атты туындысындағы дәстүрлі орнамент шығарманың өзіндік икемді стилін ашады.

Р.Ахматова өзінің шығармаларында кенеп, текше тәрізді бөгде элементтерді араластыруда потенциалы жоғары суретші. Сонымен бірге басты ерекшелігі ретінде таңбалар мен біркелкі сызықтар, бейтарап және түрлі-түсті тепе-теңдік рөлін айтуға болады. Композициялық жұмыстарының ішінде «Бесконечность» (2005), «Нити Мойры» (2004), «Линии жизни» (2004) атты жұмыстары ерекше бапты қажет ететін киізден басылған.

Р.Ахматова 1950 жылы 14 мамырда Бішкекте туған. 1967-1972 жылдары Қырғыз ұлттық университетінде оқыған. 1993 жылдан бастап қазірге дейін Қырғыз мемлекеттік университетінің құрылыс, көлік және сәулет өнері кафедрасының доценті.

Бұл Астанада Мемлекеттік мұрағаты ұйымдастырып отырған екінші халықаралық жоба. Алғашқысы 26 тамызда Ресей Федерациясының Омбы қаласында «Астана – Еуразия жүрегі» атты көрмесі өткізілген болатын.


Ая ӨМІРТАЙ

Суретке түсірген - Нұрбек ӘЛМАНБЕТ

Ұқсас материалдар