Қандастар Ассамблея

Қымыздың қасиетін әспеттеген шара

05.07.2016 6134
Фольклорлық-этнографиялық фестиваль

Бүгін елордадағы «Жерұйық» саябағында «Қымызмұрындық» халықаралық фольклорлық-этнографиялық фестивалі басталды. Ұлттық сусын – қымызды әспеттейтін этнофестивальге жүрегі мен тілегі бір Саха елінен, Қырғызстаннан, Ресейдің Омбы қаласынан сондай-ақ еліміздің Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды өңірлерінен келген ұжымдар қатысты.

 

Қазақ халқы үшін жылқы тек ас-ауқат үшін немесе жолаушыларға көлік ретінде пайдаланатын мал түрі емес, ол – киелі жануар. Жылқы – көшпелі қазақ тұрмысында да ең үлкен рөл атқарған, оны тарих беттерінен де, абыздардың аңыз-әңгімесінен де аңғаруға болады. Соңғы кездері елімідің әр өңірлерінде жылқы жануарының қасиетін әспеттейтін – қымызмұрындық дәстүрі жаңғырып, қайта жалғасын табуда. Бүгінгі Астана күні қарсаңында елорда төрінде ұйымдастырылған «Қымызмұрындық» халықаралық фольклорлық-этнографиялық фестивалі сөзімізге дәлел.

Фестивальдың ашылу салтанатында алдымен фестивальге қатысу үшін ат терлетіп келген делегат-меймандардың керуен-шеруі өтті. Сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген делегаттардың сәлемдесуі болды.

 

Этнофестивальдің ажарын аша түсу үшін әрі жиналған халыққа ұлттық салт-дәстүрімізді көрсету мақсатында сәні мен салтанаты келіскен қойылымдар ұйымдастырылды. Алдымен «Аса қадірлі Қымыз» көрсетілімі халық назарына ұсынылды. Дәстүрге сай алаңға түйе мінген керуен-көш келді. Бұл қойылым қыз ұзату жоралғысына жалғасып, ақсақалды атамыздың бата сұрау дәстүрі көрсетілді.

 

«Жаңа дәуір» қоғамдық сауықтыру орталығының басшысы Жолмағанбетова Зәуреш:

Бүгінгі фестивальге «Жаңа дәуір» қоғамдық сауықтыру орталығының ұжымы Ақтөбе қаласынан келіп отыр. Қоғамдық қордың 20 жылдық тарихы бар. Егемендік алғаннан кейін ата-бабадан мирас болған құндылықтарымыз қайта оралды. Салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, өскелең ұрпаққа көрсету үшін, Астана жұртышылығына паш ету үшін келіп отырмыз. Негізінен қымыздың 40-тан астам түрлері болады. Бал қымыз, сүр қымыз, алма қымыз, бесті қымыз деп тізбектесек кете береді. Мысалға, бал қымыздың емдік қасиеті өте жоғары. Үш күн бұрын дайындалып, дастарханға ұсынылады. Бал қымыз іш-құрылысты тазалап, адамға нәр беру үшін пайдалы. Әр өңірдің қымыз баптауда ерекшеліктері бар. Мәселен, Ақтөбе халқы сүр қымыз бен бал қымызға сондай-ақ май қымызға ерекше назар аударады, көбінесе қымыздың осы түрлерін пайдаланады.

Фестиваль аясында көрермендерге қымызмұрындық дәстүрі сахналанып, бие байлау қалай жүзеге асатынын көрсетілді. Шара концерттік бағдарламаға ұласып, ұлттық киімдер дефилесі, өңірлік ғұрыптар көрсетілмі, сондай-ақ шеберлік сабақтарға жалғасты.

Саха республикасының Якутск қаласынан келген меймандар да қымыз баптайды екен.   

Полина Молотова, Якутия қаласындағы ауыл шаруашылық қожалығы басшысының орынбасары:

Біз «Қымызмұрындық» этнофестиваліне қатысу мақсатында Якутиядан келдік. Біздің елімізде жылқы малы мен қымыз сусыны өте жоғары бағаланады. Сол себепті біз қымызды теңдессіз сусынға жатқызамыз. Якутск қаласында біз екінші рет дәстүрлі «Қымыз» фестивалін өткіздік. Осы шараға келгендегі мақсатымыз – өзге ұлт өкілдері қымызды қалай баптайды,  жалпы дәстүр қандай, қымызға байланысты қандай салт-дәстүр бар екен соны көру. Қымыз – биенің сүті. Бізде тек қымыз деп аталады, және өзге түрлері жоқ. Фестивалге келгендерден байқағанымыздай сіздерде қымыздың сан түрі болады екен. Таң қалып жатырмыз. Саха жерінде өткен «Қымыз» фестиваліне 19 команда қатысты. Қазақстан, Оренбург, Моңғолия, Татарстан секілді жерлерден келгендер қатысты. Қымызды салқындатқан күйде бір жылға дейін сақтауға болады. Ол өзінің дәмін ең бастысы құрамындағы денсаулыққа пайдалы элементтерін жоғалтпайды. Якутск қаласында қымызбен шұғылданатын шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Бұл биенің сүті болғандықтан біздің елімізде өтк қымбат сусындар қатарына жатады. Бізде сіздердегідей ағыл-тегіл қымыз жоқ, өте сирек кездестіруге болады. Қымыз – түркі халықтары үшін таптырмас дәрілік сусын екенін бүгінгі этнофестиваль тағы бір мәрте делелдеп отыр.

Қымызмұрындық ежелде қыстың аязынан көктемге аман-есен ілігіп, көкке шыққанда тойланатын болған. Маусым айынан бастап, тамызға дейін, яғни шөп сарғайғанша жалғасатын бұл мереке бүгін біз тойлап жүрген қазақтың жаңа жылы – наурыз тоймен тең қуаныш саналады.

Алмахан Найзабекова, Бішкек

Біз аталмыш фестивальге алғаш рет қатысып отырмыз. Өзімізбен бірге қымыз сусынын, сондай-ақ қырғыз халқының ұлттық салт-дәстүрінен сыр шертетін қолөнер бұйымдарын алып келдік. Дәл қазіргі уақытта Қырғызстанда қымыз фестивалі өтіп жатыр. Бұл дәстүр 5 жылдан бері жалғасып келеді. Бізде қымызды тері сабаға әбден пісіп, ағаш ыдысқа құйып меймандарға ұсынады. Бүгінгі «Қымызмұрындық» фестивалі өте жоғары деңгейде  өтуде, бізге ұнады. Кеше біз Астана қаласының мәдени орындарын араладық, Ұлттық музейде болдық. Астана өте ажарлы, көркем қала екен. Ынтықтырды, ғашық болдым.   

Алаңға алтыбақан құрылып, «Алтыбақан думаны» өтті. «Қымызмұрындық» халықаралық фольклорлық-этнографиялық фестиваліне жиналған жұрт қымыздан дәм татып, салт-дәстүрге бай мәдени шараларды тамашалады. Шара аясында сурешілердің фотокөрмесі ұйымдастырылған. Көрермендердің назараныа қазақша күрес сондай-ақ өзге де басқа спорттық сайыстар ұсынылды.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттердің авторы – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ  

      

Ұқсас материалдар