Қандастар Ассамблея

Ғылыми жұмысты бағалаудың жаңа жолы!

15.10.2015 3004
PhD атағын алу үшін үміткер ең кемі 1 мақаласын беделі жоғары шетелдік ғылыми журналда жариялауы тиіс. Бұл қаншалықты орынды?

Елбасы Н.Назарбаев өзінің 2011 жылғы дәстүрлі жолдауында «200-ге тарта  ғылыми кеңес ғылым кандидаттары мен докторларын басып шығаруда» - дей отырып, 60 ғылым кандидатының тек біреуі ғана ғылым жолын таңдайтындығын (бұл көрсеткіш ғылым докторлары арасында 1/37-ге тең) жеткізді. Дәл осыдан кейін еліміздегі ғылыми кеңестердің барлығы жабылып болашақ ғалымдар магистратура және PhD бөлімдерінде дайындалатын болды.

Кеңес Одағы кезінде тек сапалы, сұрыпталған ізденушілер ғана қол жеткізе алатын жоғарғы ғылыми атақ, өкінішке орай тәуелсіздік алғаннан соң, қалталы мен шеңділердің ермегіне айналып кеткені жасырын емес. Әрбір аудан, облыс әкімдері, министрлік басшылары, одан да басқа түрлі мемлекеттік мекеме жетекшілері бір-бір ғылыми атаққа ие болып алды. Аса жауапты мемлекеттік істер мен көп ізденісті талап ететін ғылыми жұмысты қалайша қатар алып жүруге болады деген сұрақ ешқандай ғылыми кеңесті алаңдатпаса керек.

2011 жылғы өзгерістен кейін ғылыми атаққа тек ғалым адамдар қол жеткізетін болды деген үміт пайда болды. Бұл үміт белгілі бір деңгейде ақталды. Себебі, қазіргі жүйе бойынша жаңа ғылыми атақты (PhD) алу үшін әрбір адам ең кемі 3 жыл университет қабырғасында жүруі қажет, бұл жоғарыда аталған «ғылымсыз ғалымдар» санының азаюына алып келді. Алайда осымен мәселе толық шешілді деп айта аламыз ба?

Бүгінгі таңда PhD бөлімінде білім алып жүрген азаматтарымызды ғылыми жұмыстарының сапасынан гөрі, өз мақалаларын шетелдік баспаларға шығару қатты алаңдатады. Өйткені, Білім және ғылым министрлігінің бекіткен ережесіне сәйкес, PhD атағын алу үшін үміткер ең кемі 1 мақаласын беделі жоғары шетелдік ғылыми журналда жариялауы тиіс. Бұл қаншалықты орынды?

Біріншіден, отандық ғылыми жұмыстарды бағалауды шетелдік журналдарға тапсыру өзіміздің ішкі бағалау жүйеміздің әлсіздігін көрсетеді.

Екіншіден, гуманитарлық саладағы көптеген зерттеу жұмыстары Қазақстанның ішкі мәселелерін қамтиды, бұл өз кезегінде шетелдік басылымдарды мүлдем қызықтырмауы мүмкін. Нәтижесінде, біздің жас мамандар зерттеу тақырыбын таңдаған кезде мәселенің өзектілігіне емес, шетелдік басылымға өтімділігіне мән береді. Яғни бұл бағалау жүйесі ғылыми зерттеу жұмыстарын толықтай шетелге тәуелді етуі мүмкін.

Үшіншіден, мұндай міндеттеу біз білетін дамыған мемлекеттерде кездесе бермейді.

Осы орайда, PhD дәрежесін бағалаудың баламалы нұсқасын қарастырған жөн.

Қазіргі жағдайда ғылыми жұмыс 3 түрлі жолмен бағалануда: ғылыми кеңесте қорғалу, түрлі сараптамалық комиссиялардың қорытындысы және шетелдік ғылыми басылымдарда жариялану. Жаңа әдіс бойынша, ғылыми еңбектің сапасын уақыт көрсетуі тиіс.  Бәрімізге белгілі, Нобель сыйлығының лауреаттары, көп жағдайда бірнеше жыл бұрынғы ойлап тапқан жаңалықтары үшін марапатталып жатады. Биыл ашқан ғылыми жаңалығы үшін келесі жылы Нобель сыйлығын алып жатқан ғалымды кездестіру өте қиын. Себебі ашылған ғылыми жаңалықтың маңызды не қажетсіз екені білу үшін белгілі бір уақыт қажет. Бұл өте дұрыс қағида.

Шетелдік тәжірибеген қарайтын болсақ, АҚШ-та PhD дәрежесін қорғау үшін ең кемі 4 жыл керек. Алайда, төрт жылда бітіретіндердің саны кемде-кем. Зерттеушілердің басым көпшілігі 6-7 жыл, кейде 10 жыл жүріп өз жұмыстарын қорғап жатады. Оған қоса, АҚШ елінде PhD бөліміне оқуға түсетіндердің орташа жасы 27-ге тең, яғни ғылымға қалыптасқан мамандар барады. Ескеретін жайт, АҚШ-та өндіріс жоғары деңгейде дамыған және ғылыми-зерттеу жұмыстарына жасалған жағдайы өте жақсы. Сөйте тұра, бұл елдің азаматтары ғылыми дәреже алу үшін 4-10 жыл уақыттарын жұмсайды.

Ал бізде Философия докторы (PhD) атағын 3 жылдық оқуды аяқтаған соң бірден алуға болады және көп жағдайда қорғалған еңбектер елге де, қоғам да пайдасыз болып жатады. Сол себепті, бізге ғылыми дәрежені алу үшін уақыттық шектеу қою қажет.

Мәселен, PhD бөлімін бітірген жас ғалымға «PhD үміткері» деген құжат берілуі тиіс. Дәл осы құжатпен ол зерттеу жұмысымен де, ұстаздық қызметпен де айналыса алуы қажет. Ал бірақ, Философия докторы атану үшін 5-10 жыл уақыт берілгені жөн. Өйткені осы уақыт аралығында қорғалған жұмыс өзінің өзектілігін жоғалтпай, сапалы жұмыс екенін дәлелдеуі тиіс. Егер де, қорғалған жұмыс берілген уақыт ішінде өзінің жарамдылығын көрсете алмаса, үміткер Философия докторы бола алмайды.

Бұл идеяның жүзеге асуы ең кемі 3 мәселені шешеді:

1. PhD дәрежесін жай ғана мансап үшін алғысы келетіндер жойылады;

2. Сапасыз ғылыми жұмыстардың саны салыстырмалы түрде төмендейді;

3. Философия докторларының мәртебесі әлдеқайда жоғарылайды.

P.S. Отандық ғалымдардың еңбегін бағалауды шетел мамандары мен басылымдарына тапсыру арқылы ешқашан ғылымды дамыта алмаймыз.


Дархан Өмірбек

Ұқсас материалдар