Қандастар Ассамблея

Әйелдер бас киімі

19.11.2014 37697
Әйелдер бас киімі – сәукеле, бөрік, қарқара, кимешек, жаулық, күндік, желек, шәлі, қасаба, тақия, шылауыш, жаулық деп бөлінеді.

Әйелдер бас киімі – сәукеле, бөрік, қарқара, кимешек, жаулық, күндік, желек, шәлі, қасаба, тақия, шылауыш, жаулық деп бөлінеді.

Кимешек – әйелдің бет-жүзін ашық қоюға арналған ойығы бар, иығын, омырауын, жауып тұратын, арқасына «құйрық» түзе бұрышталып түсетін күлпара. Оны тұрмысқа шыққан немесе ересек әйелдер киген. Кимешектің иекті айнала маңдайды жауып тұратын екі жағын шықшыт, алдыңғы бөлігін жақ, ал адамның белінен төмен, шашты жауып тұратын ұзын ұшы бар бөлігін құйрықша деп атайды. Кимешектің пішім бөлшектеріне, бас бөлігінің безендірілуіне, «құйрығының» ұзындығы мен пішініне, әшекейлеу сипатына қарай бірнеше түрлері бар. Кимешек жас ерекшеліктеріне қарай әшекейленген. Ең әдемі кимешекті жас келіндер киген. Отыз жастан асқан әйелдерге күміспен және моншақпен әшекейленген кимешектерді кию орынсыз саналған, ал балалары есейген ересек әйелдер тек қана әртүрлі жіптерден аз ғана қатарлар жүргізіліп тігілген кимешектер киген. Әсіресе кимешектің бетті көрсетуге арналған ойығының жиектері әшекейленген, омырау тұсының әшекейленуі сирек кездескен және арқаға түсірілетін төменгі ұшын шашақтармен көмкерген. Кимешектің бұрама жаулық, иекше, бүрмелі кимешек, орама кимешек сияқты түрлері бар.

Кимешектің ең ежелгі түрі орама кимешекті Қазақстанның батыс аймақтарындағы арғындар киген. Ертеректе өмір сүрген адамдардың айтуы бойынша, орама кимешекті XIX ғасырдың 20-30-жылдарында да киген, бірақ XX ғасырдың басында оның басқа пішіндері пайда болады. Бетті көрсетуге арналып ойылған мата бөлігін тікпестен, онымен басты орап бекіткен. Оны кию тәсілінде кәдімгі кимешекті киюден еш айырмашылығы болған жоқ, алдыңғы жағынан омырауын жартылай шеңбермен жауып, арқасына ұзын және кең қалақ тәрізді пішінде түсірілген.

Кимешектің келесі түрі бір бөлік матадан тұтас пішіліп, қыр жағына түсірілетін, бір тігіспен тігілген және бетті көрсетуге арналған ойығы тесік түрінде ойылған кимешек. Кимешектің бұндай түрі Жамбыл және Шымкент облыстарында, Омбы және Атбасар уездерін мекендеген орта жүздің қоңырат руында сақталған. Қоңырат кимешектерінің айырмашылықтары: оның төбесі тігілмеген, басын үстінен жауып тұру үшін алдыңғы жағынан тік бұрышты мата бөлігі тігілген. Осы нұсқаның әртүрлілігі Қызылорда қазақтарында да кездеседі: матаның ұзындығы енінен екі есе ұзын, тікбұрышты бөлігін ұзындығы бойынша тең бөліп қаттап, бетін қынап тұратындай етіп жан-жақтарын тіккен. Пайда болған екі қабатты шаршының біреуі кимешектің арқасын жабуға, екіншісі алдыңғы жағына арналған. Оның тілігмеген төменгі бұрышын жарты шеңбер пішініне келтіріп кескен, жоғарғы бұрышынан бетті көрсетуге арналған тесік шығарылған. Төбесінің ұшын азырақ кесіп, ойық бойынша матаны бүрмелеген, онша үлкен емес матаның құрақ бөлігін төбесіне тіккен.

Солтүстік және Орталық Қазақстан кимешектерінің өң беті трапеция немесе үшбұрыш тәрізді пішіліп, жоғарғы тар бөлігінен бетті көрсетуге арналған тесік қалдырылды. Әдетте артқы жағындағы ромбы пішіндес бөлігі тізеге дейін немесе өкшеге дейін жететін ұзын болған.

Сырдариядың төменгі бөлігін мекендеген кіші жүздің ыссы руының әйелдері бүрмелі кимешек киген. Оның өң беті тікбұрыш тәрізді пішілген: төменгі ұзын жағы омырауды жапқан, ал жоғарғы бөлігі бүрмеленген, ал бетті қырларын қоршаған ұшы басқа байланған. Кейде артқы бөлігініңжоғарғы ұшына тымақ тәрізді төбе тіккен.

Оңтүстік Қазақстанның кимешегі ұзындығы бойынаша тең қатталған матадан тұтас пішілген. Пайда болған тік бұрыштың жартысын диагоналы бойынша кескен және қиығы бойынша тіккен. Тігіс арқаның ортасына түскен. Ойық тең қабырғалы үшбұрыш пішіндесс болған. Осы жерден бетті көрсететін тесік жасап, бөлек дөңгелек немесе сопақ пішінді маңдайлық тіккен. Пішу барысында матаны үнемдеу үшін төменгі үшкір ұшын кимешектің негізгі бөлігін пішуден қалған екі үшбұрышты бөліктерден тіккен.

Жаулық – егде әйелдердің басына орамалап тартатын бас кимдердің бірі. Әз әжелерді, асыл аналарды ардақтағанда ақ жаулықты деп дәріптеуі сондықтан. «Жаулық салу» ұғымының астары осыны меңзейді. Оны кимешектің сыртынан тартады. Жаулық әртүрлі аталған: Оңтүстік, Орталық, Шығыс Қазақстанда шаршы, Жетісу, Алтай өңірлерінде шұлауыш, ал Оңтүстік Қазақстанда күндік деп айырады. Жібектен шашақтап тоқыған түрін бөртпе деп атайды. Жібектен және матадан шашақ шығармай тоқыған, қалыңдау келген түрін салы деп, жібек жіпті, торғын тектес, үлпілдек жұмсақ маталардан немесе ешкі түбітінен жасалған түрін шәлі деп атаған.

Қасаба – төбесіне шоқ қауырсын қадалып, әшекейлерімен безендіріліп, самай тұсына 5-6 қатардан ілмелі моншақ, күміс қоңыраушалар тағылағн, артық тұсына ұзын салпыншақ жіберіп жасалған қыз тақиясының бір түрі. «Көне түркі, қыпшақ бас киімінің негізгі элементтері мол енген қасаба атауы «алтын зерлі» деген мағынаны береді», дейді Ө.Жәнібеков. Дәстүрлі ортада қасаба көбіне төрелер мен сұлтандардың қыздары ғана киетін бас киім түрі болды.

Сәукеле – ұзатылған қыз киетін, аса бағалы, шошақ, биік, төбелі ғұрыптық бас киім. Сәукеле үшкір тымақты сақ-тигрохаудтардың бас киіміне ұқсас. И.Георги, Ш.Уәлиханов, И.Ибрагимовтың жазбасы бойынша «сәукеле – күміс және алтын ақшалармен, інжумен, сондай-ақ маржанмен әшекейленген, биік конус тәрізді бас киім». Осы бас киімді келін күйеуге шыққан алғашқы күндерінен бастап, бір жылға дейін киген, сонан соң төрт немесе бес жыл қатарынан тек қана үлкен той-жиын, мерекелерге киген. Сәукеленің негізін жұқа ақ киізден сырып тігеді де, сыртын қызыл шұғамен тыстап, қымбат, бағалы аң терісімен әдіптейді. Ұшы жіңішкере келген төбесіне үкі қадап, бергегіне бетті көлегейлейтін желек бекітеді. Негізгі бөліктері – тәж, төбе, құлақ бау және артқы бау. Сәукелеге арналған алтыннан, күмістен және қоладан жасалған салпыншақтар мен жапсырма белгілерді зергерлер құю, шекілеу, мөр басу әдістерін қолдану арқылы жасаған. Әдетте шебердің бір сәукелені жасауға бір жыл уақыты кетеді екен.

Ориенталисстердің Санкт-Петербургтегі үшінші конгресіндегі көрмеге Ақмоладан, Көкшетаудан, Солтүстік Қазақстан облысынан және Атбасардан әкеліп көрсетілген сәукелелер қымбат тастармен, інжу-маржанмен, алтынмен әшекейленіп, жібекпен жамылған. Оларды Ш.Уәлиханов, М.Жанайдаров пен С.Шапанов ұсынған.

Сәукеленің қарқаралы бөрік тәріздес биік, іші қуыс, сәукелемен бірге киетін бас киім бөлігін «зере» деп атайды, ертеде бір қабат киім сыртынан киетін сауыт та «зере» деп аталған. XIX ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген кіші жүздің Байсақал атты байының қызының сәукелесін құдасы Кенесары ханның ағасы Саржан төре 500 байталға бағалаған екен. (М.Ж.Көпеев).

Ұқсас материалдар