Қандастар Ассамблея

ӘЙЕЛДЕР ҚОЗҒАЛЫСЫ

28.08.2014 5527
ӘЙЕЛДЕР ҚОЗҒАЛЫСЫ — қоғамдық өмірдің барлық саласында еркек пен әйелдің теңдігіне жетуді мақсат етіп қойған кең ауқымды демократиялық қозғалыс.

ӘЙЕЛДЕР ҚОЗҒАЛЫСЫ — қоғамдық өмірдің барлық саласында еркек пен әйелдің теңдігіне жетуді мақсат етіп қойған кең ауқымды демократиялық қозғалыс. Ол патриархалдық тұрмыстың сарқыншақтарына қарсы шығып, өзінің жасампаздық қабілетін жүзеге асыру мүмкіндігін иеленген тең құқылы, еркін әйелдің тұрмыс-тіршілігіне жол ашу идеясын ұсынады. Бұған тек адамзат баласының әлеум.-мәдени эволюциясының нәтижесінде ғана берік негіз қалап, оңтайлы шешімін табуға болатындығын әлеум.-тарихи тәжірибе көрсетіп отыр. Дамудың әрқилы сатысында, әрқилы елде әйел мүдделеріне қатысты әлдебір әлеум. мәселелердің көкейкесті сипат алуы нәтижесінде Ә. қ. әрқилы пішімде көрініс тапты. Мыс., әйелдердің ерлермен бірдей тең сайлау құқын иеленуіне ықпал еткен  суфражшылдық (ағылш. Suffrage — дауыс беру құқы) қозғалысы кезеңдік мәнге ие болды.

“Ә. қ.” атауы әлеум.-ұйымдық құбылысты, үрдісті аңғартады. Алайда тарихи және заманалық жағдайларда “феминизм” (лат. femіna — әйел) терминіне жуықтайды. Бұрынғы кезде бұл атау еркек тәріздес әйелдер мен әйел тәріздес ерлерге қатысты кекесінмен айтылған. Ал заманалық мағынасындағы феминизм ерлерге тән мінез-құлық — әмбебап болмыс емес, әйелдердің оған елігіп, еліктеуі — жөнсіздік, әйел қоғамның тең құқылы мүшесі ретінде өмір сүріп, әрекет етуге, алайда, табиғи жаратылысына тән ерекшеліктерді ескеріп, ортадағы өз орнын білуге тиіс деп түсіндіріледі.

ҚР-ның мемл. билік органдары қоғамда феминистік мәселелердің бар екендігін ескеріп, әйелдер қатысатын ұйымдық құрылымдар мен тиісті қызмет түрлеріне қолдау көрсетіп отыр. Әсіресе, 80-жылдардың соңы 90-жылдардың басында респ-да Ә. қ-ның белсенділігі арта түскені байқалады. Мұсылман әйелдер лигасы (1992), Феминистік лига (1993), Әйел және құқық (1993), Шығармашылық бастама жөніндегі әйелдер лигасы (1994), “Жанар” кәсіпкер әйелдерді қолдау қоры (1993), “Лиана” халықар. ассоциациясы (1993), “Шығыс әйелдері” халықар. ассоциациясы (1994), “Қазақстан кәсіпкер әйелдері” ассоциациясы (1994) т.б. құрылды. Олардың жетекшілері 1995 ж. Пекинде өткен Бейүкіметтік әйелдер ұйымдарының дүн. жүз. форумына және Әйелдердің құқылары жөніндегі БҰҰ-ның 4-конференциясына делегат ретінде қатысып, ынтымақтастық аясын кеңейте түсті. Сондай-ақ, Қазақстандағы БҰҰ-ның өкілдігі жанынан “Дамудағы гендер” бюросы ашылды. Бағдарламаларының әрқилылығына қарамастан, респ-дағы бұл ұйымдардың барлығы да әйелдер құқын қорғауды, олардың қоғамдағы жасампаздық рөлін арттыруды, әлеум. ахуалын жақсарта түсуді көздейді.

Л. Байділдинов

"Қазақстан энциклопедиясы"

Ұқсас материалдар