Ядролық қарудан азат әлем

29.08.2016 17964
Қазақстан - ядролық қарудан бас тартқан ел

Осыдан тура 67 жыл бұрын, 1949 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигонында алғашқы сынақ жүргізіліп, плутоний заряды жарылды. Бұл КСРО-дағы тұңғыш атом бомбасының сынақтан өткізілуі болатын.

Таңғы жетіде жерге түскен бомба отты шарға айналып, бір сәтте жер қабығының күлі мен иісін көкке көтерген. Айналада бір түп те шөп қалмады, осы маңды мекендеген жан-жануарлар мен жәндіктер де түгел қырылып қалған еді.

Ең сорақысы сол, осынау полигон маңындағы ауылдарға қауіпті сынақтың болатыны ескерілмеген. Болып жатқан жағдайдан титімдей де түсінігі жоқ халық алғашқы жарылыстан радиациялық сәуленің өте көп мөлшерін алғаны есімізде. Ал, жарылыстан кейін пайда болған радиоактивті өнімдер аймақтың барлық елдімекендерін жауып қалды. Ауылдың аңқау қазағына Семей полигоны жайында тек төрт жыл уақыт өткеннен кейін, яғни 1953 жылы ғана естірте бастаған. Тек сол уақыттан бастап қана тұрғындар қауіпсіз аймақтарға уақытша көше бастады.

Семей полигонын КСРО өзінің ядролық қаруының шама-шарқын тексеріп көру мақсатында ашқан болатын. Бұл үшін 18 миллион гектар жер бөлінді. Алғашында сынақтар жер бетінде өткізілген. Айналаға тигізген зияны ұшан-теңіз болғаннан кейін жарылыстар жер астына көшірілген еді. Сол заманның өзінде радиациядан зардап шеккендердің саны жарты миллион адамға жетті.

Полигонда өткізілген сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалған. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп еді.

Семейде жүргізілген алғашқы ядролық сынақтан кейін-ақ осы өңір халқының арасында түрлі аурулар көбейе бастады. Әсіресе, қатерлі ісіктерге ұшыраған науқастардың саны күрт өскен, ракпен ауыратындардың қатары үш есеге артты. Туылған нәрестелер жетілмей, дүниеге әр түрлі кемістігі бар сәбилер келе бастады. Адамдарды айтпағанда, егін егіп отырған алқаптардың барлығы да уланған. Жер құнарсызданып, оның құрамында темір, мыс, магний сынды металдардың мөлшері артты.

1953 жылы 12 тамызда Семей сынақ алаңында сутектік РДС-2 бомбасы сынақтан өтті. Қуаты 480 килотоннаға жеткен жарылыстың саңырауқұлақ секілді бұлты 16 шақырым биіктікке көтеріліп, радиусы ондаған шақырымға жетті. Ол шарпыған жердегі өсімдіктер кейін бірнеше күн бойына сәуле шығарып тұрды. Салдарынан қаншама мал қырылды, жергілікті халық арасында адам естімеген жаңа індеттер пайда бола бастады.

Бір кездері осы Семей полигоны аймағында биік әрі көрікті Дегелең деген тау бар болатын. 1962-1989 жылдар аралығында осы таудың астындағы шахталарда 340 жарылыс жасалып, ядролық сынақтар өткізілді. Салдарынан айтып отырған жартасты тауымыз жәй ғана қиыршық тастардың үйіндісіне айналды.

Кеңес Одағының басшылары сынақ алаңы ретінде Семей өңірін таңдауын мұндағы халықтың аздығымен және коммуникация желілерінің жақындығымен түсіндірген. Ал, 1989 жылы белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған «Невада – Семей» қозғалысы ядролық сынаққа қарсы алғашқы митингісін өткізді. КСРО мен АҚШ президенттеріне жариялаған үндеуде былай айтылған еді: «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да енді ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада - Семей» қозғалысын құрдық». Осы қозғалыстан кейін ядролық сынақтардың саны азая бастады. Жан-жақты қарсылықтан кейін Кеңес үкіметі жарылыстарға мараторий жариялаған.

Кейін, 1991 жылдың 28 тамызында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарды. Осылайша қазақ елі атом бомбасынан бір жола бас тартқан болатын. Президенттің осы әрекетінен кейін Ресей мен АҚШ-тағы және Франциядағы ядролық сынақ алаңдарында да жарылыстар тоқтатылды.

Семейдегі атом полигонын жабу турасындағы Жарлыққа қол қойғанына  жиырма бес жыл толады. Семейдегі Радиациялық-экологиялық ғылыми орталықтың және басқа да ғылыми деректерге сүйенсек, сынақ тоқталғанға дейін жалпы Кеңестер Одағында 670-тей ядролық жарылыс жасалған. Мұның 95 пайызы Семей атом полигонында өткізіліпті. Сынақ 1964-1965 жылдардан бастап қана жерасты шахталарына көшірілген. Ал 1949 жылдың тамызынан бастап жер үстінде, ауада жүргізіліп келген.

Қазақстан Семей сынақ алаңы жабылған сәттен бастап адамзат тарихындағы ең зұлмат сойыл – ядролық қарумен күрестің көшбасшысы атанды. Семей сынақ алаңы жабылған 29 тамыз бұрнағы жыл БҰҰ-ның қарарымен «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» ретінде жарияланды.

Ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту жөніндегі саяси шешім Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік және стратегиялық көрегендігінің, сондай-ақ саяси ерік-жігерінің айқын дәлелі бола алады.

Ядролық қарусыз мем­лекет құру жөніндегі тарихи шешімін қабылдай отырып, Қазақстан басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаев, біріншіден, өз елі үшін ядролық державалар­дан қауіпсіздік кепілдігін ала алды, екіншіден, оқтұмсықтардың түгелімен жойылуына кепілдік ретінде сол ядролық мемлекеттердің бірқатарын тарта отырып, өзінің бейбіт ниетін күллі әлемге дәлелдей алды.

Қазақстанның ядролық қарусыз мемлекет атануына жол салған тағы бір маңызды қадам президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елі Ядролық қаруды таратпау тура­лы келісімшартқа қосылуға дайын екендігін мәлімдеуі болды.

Ол осынау тарихи мәлімдемесін 1992 жылғы 18-23 мамырда Вашингтонға жасаған алғашқы ресми сапары барысын­да жасады. Осы мәлімдеменің ая­сында Қазақстанның аумағындағы барлық ядролық оқтұмсықтарды залалсыздандырудың нақты тетіктері жасалды.

Көп ұзамай Қазақстан Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа қосылды. Кейін тек өз аумағында ғана емес, жалпы Орталық Азия аумағында ядролық қарусыз кеңістік құру бастамасын көтеріп, оны табысты жүзеге асырды. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл қадамын күллі әлем елдерінің көшбасшылары айрықша жоғары бағалады.

Қазақстан полигонды жауып, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта қалды. Мысалы, әлемде ядролық қарусызданған тек 5 аймақ бар. Солардың қатарында «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ» келісімшарты қабылданған еді. Солтүстік жартышардағы мұндай жалғыз құжат Орталық Азиядағы бес мемлекетті қамтиды. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және  Өзбекстан. Құжаттың ерекшелігі сол мемлекеттердегі ядроға қатысты мәселені Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі өз бақылауында ұстайды. Сондай-ақ ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімнің күшіне енуіне басымдық берілген.

Күні кеше Нью-Йорк қаласында БҰҰ Қарусыздану жөніндегі комиссиясының (ҚК) жыл сайынғы мазмұндық сессиясы өткені белгілі.  2015-17 жж. арналған кезеңде Қазақстан ҚК-нің Ядролық қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі жұмыс тобына төрағалық етуде.

 

Делегаттар Қазақстан Республикасы Президентінің авторлығымен шыққан Манифест – «Әлем. ХХІ ғасыр» атты мүлдем жаңа құжатпен таныстырылды. Бұл айтулы актіде адамзат үшін жаһандық соғыс және бейбітшілік мәселелері бойынша Қазақстанның ұстанымы туралы, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың ядролық қарудың толық тыйымына таман ілгерілеуден бас тартқан жағдайда ядролық апокалипсистің қаупі хақында баяндалған. Комиссия басшылығымен қол жеткізілген келісім нәтижесінде, Манифест барлық мүше мемлекеттерге қолжетімді түрде БҰҰ Хатшылығының электрондық жүйесінде ресми құжат ретінде орналастырылды.

 

Қазақстан делегациясының баяндамасында, сонымен бірге, ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттерінің рөлі бағаланды және таяуда Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV Саммитіне еліміздің басшылығының қатысуы нәтижелері жарияланды, оның ішінде ядролық қаруды таратпау режімін және ядролық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бірқатар елдер және топтармен жасасқан бірлескен мәлімдемелер туралы ақпарат берілді.


 Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

 

 

 

Ұқсас материалдар