Қандастар Ассамблея

VIII.Шалкиіз жырау

31.03.2014 15704
Ал Шалкиіз жырау ұғымындағы «жақсы» кім? «Жақсыны» танытар мінездер мен іс-әрекеттер қандай болмақ?

Ал Шалкиіз жырау ұғымындағы «жақсы» кім? «Жақсыны» танытар мінездер мен іс-әрекеттер қандай болмақ? Бұл сұрақтардың жауабын да жырау туындыларынан табамыз.

Шалкиіз түсінігіндегі «жақсының» бірі – елге қорған батыр. Ендеше, батырлықты қалай түсінбек абзал? Бұл тұстағы жырау жауабы да әзір:

«...Жау жолықса жазыда,

Ерлерді өлмей тонар ма,

Ерлер ерке сақтасып,

Арқасына ауыр намыс іс түссе,

Ғазизлеген сұлтан жанын қара пұлға санар ма!»

Демек, батырлықтың белгісі – елге қатер төндірген жауды тойтару, ел намысын қолдан бермеу, қажет болса, ел намысы жолында «ғазизлеген сұлтан жанын» қиюға әзір болу. Елдік намысқа шабар батыр қандай болмақ керек? Бұл сұраққа да жырау жауабы әзір:

«Жебелей жебе жүгірген Ерлердің арғымақтан игі малы болар ма; Жағаласса жыртылмас

Ерлердің жеңсізден игі тоны болар ма; Дулығалы бас кескен Ерлердің алдаспаннан игі қолы болар ма!»

Демек, елге қорған батырда намысқа шабар қаһарман жүректің болуы аз, оған қоса, оның астында арғымағы, үстінде берен сауыты, жанында бес қаруы сай болуы қажет екен. Бұл – қиын-қыстау қысталаң сәттерді, сын сағаттарды бастан жиі өткерген көшпелі ел философиясы. Жырау – сол философияның жаршысы. Көшпелі елдің көсем ойының тізгінін ұстаған жырау ердің елге жасар қайратын ғана жырлаумен шектелмей, келесі кезекте елдің ерге жасар қызметін де алға тартады.

«Күпшек санды тіл жалмаған күреңді Тілеген достан аяман!

Тілекті бірге тілеген Малымды достан аяман!» –

деп жырлаған кезде жыраудың айтып отырған «тілегі бір досы» – өзі сияқты, елге қызмет етуді мұрат тұтқан азамат екені анық. Олай болса, жыраудың өнеге етіп отырғаны – ел намысына шабар азаматты ел болып ардақтау, оған ел болып қызмет көрсету.

Шалкиіз туындыларынан қауіп-қатерлі сәттерді бастан жиі өткерген халықтың өмір тәжірибесінен туған философиялық түйіндер жиі ұшырасады. Мәселен, жырау толғауларының бірінде:

«Туырлықсыз қара үйге Ту байламақ не керек! Туғаны жоқ жалғызға Көп ішінде суырылып, Жауға шаппақ не керек!» – деген ой түйінделеді.

Бүгінгі тілдік қолданыс нормасы шеңберінде қабылдасақ, кекесін, мысқыл мағынасында қолданылғандай әсер еткенімен, ойдың айтылған уақытын назарға ала қабылдасақ, бұл жолдарда тағдыр-талайы талай мәрте сынға түскен халықтың өмір шындығынан алынған аса маңызды халықтық тұжырым жатқанын танимыз.

Жырау қолданысындағы «туырлықсыз тұл үй» – ат жалына қол артар азаматы қалмаған тұл шаңырақтың символдық бейнесі. Ал ел ішінде тұл үйдің көбеюі – жақсылыққа бастар жол емес. Жаманшылыққа апарар жолды жаппақ абзал. Ол үшін әр шаңырақта ата-баба түтінін түтетер ұрпақ болмақ керек. Тауқыметті тағдырды бастан көп өткерген қазақ халқының бұл тұрғыдағы философиялық кесімді тұжырымы біреу-ақ, ол – «Қанша батыр болса да, жалғызды жауға шапқызбау», ұрпақ өсіру. Өйткені бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел қорғаны. Шалкиіздің алға тартып отырғаны да – осы тұжырым.

Шалкиіздің жыр-толғауларына етене сипаттардың бірі – өлең жолдарында көркем бейнелілікпен қоса, философиялық мағынаның да үстеле көрініс табуы. Мұндай ерекшелік жырау­дың жоғарыда келтірілген жыр жолдарынан да молынан табылады.

Елдің ынтымақта болуын мұрат тұтқан жырау сол елге тұтқаболар тұлғалардың ел тағдырындағы ролін де назардан қағыс қалдырмайды және бұл турасындағы ойын уағыз, ұлағат үлгісінде өсиеттемей, бейнелі жеткізіп, ой түйіндеуді тыңдаушы жұрттың өз еркіне қалдырады:

«...Ау, бөрілер, бөрілер, Бөрімін деп жүрерлер, Һәр бірінің баласы Алтау болар, бес болар, Ішінде абаданы бір болар, Абаданынан айрылса, Олардың һәр біреуі Һәрбір итке жем болар».

Үзіндіден Шалкиіз жыраудың ойшылдық қасиетімен бірге, оның символдық бейнелер туындатуға жетіктігі де танылады. Осындағы символдық бейне – «бөрілерге» қатысты бейнеленген жәйттерді адамға байланыстыра зерделер болсаңыз, жыраудың нені меңзеп, нені өсиеттеп отырғанын түсіну де қиындық келтірмейді.

Жоғарыда сөз еткеніміздей, ХVI ғасырдағы қазақ жырауларының көрнекті өкілі Шалкиіз Тіленшіұлы – жыраулар поэзиясының бейнелілік тұрғысынан да, ой жеткізудегі тереңдік тұрғысынан да кемелденуіне айтулы үлес қосқан шығармашылық тұлға.

 

Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. Жырау шығармаларының жинақталу, жариялану жайына назар аударып, Шалкиіздің жыр-толғауларына орыс ғалымдарының да ерекше назар аударуының себебін түсіндір.
  2. Жыраудың тарихи тұлғаларға арналған жырлары мен толғауларына тән көркемдік сипаттар қандай? Талдай түсіндір.
  3. Шалкиіз шығармашылығына тән дидактикалық және философиялық ерекшеліктерді өзге жыраулармен салыстыра көрсет.
  4. Жыраудың реалистік суреткерлігін жыр-толғаулары бойынша түсіндір.

 

Әдебиеттер: 

  1. Бес ғасыр жырлайды. І том. – Алматы, 1993.
  2. Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы,1991.
  3. Өмірәлиев Қ. ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. – Алматы, 1991.
  4. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХV-ХІХ ғ.ғ.). – Алматы, 1993.
  5. ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы. – Алматы, 1982.
  6. Қасқабасов С. Шығармалары. 1-том. Жаназық. – Астана: Фолиант, 2011. 

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Ұқсас материалдар