Қандастар Ассамблея

VIII.ХVIІІ ғасырдағы тарихи-әлеуметтік жағдай

31.03.2014 2866
Жоңғарлар басына үйірілген бұл зауал Абылай хан бастағанқазақ жұртына да ой салмай қоймады.

Жоңғарлар басына үйірілген бұл зауал Абылай хан бастағанқазақ жұртына да ой салмай қоймады. Қазақ елін ойландыратын бұдан басқа да жағдайлар мен себептер аз емес еді. Елдің ертеңгі тағдырын тиянақтау үшін салиқалы жолмен шешілуге тиісті басты мәселелер Қазақ жеріне екі бүйірден көз тігіп отырған аса қуатты екі империямен арадағы қарым-қатынасты сәтімен реттеу еді.

Бір ғана мысал: 1758-1759 жылдары Жоңғарияны қырғынға ұшыратқан кездері Цинь әскерлері қазақ жеріне де бірнеше рет қатер төндірді. Тарбағатайдың солтүстігінде қазақ және қытай әскерлері арасында бірнеше ұрыс-шайқас болды. Жағдайды ушықтырмауды көздеген Абылай елші аттандырып, Цинь билеушілерімен келісімге келеді. Нәтижесінде олар Абылайдың Қазақ хандығындағы билігін мойындап, қазақ жеріне шекаралық талап қоядан тиылады. Осының арқасында қазақтардың шығыстағы шекарасына көз тігу толастайды.

Жоңғарлар қазақ жеріне шапқыншылық жасаған кезеңде Кіші жүз бен Орта жүздің кейбір бөлігі Ресей империясының құрамында еді. Алайда Ресей империясы шапқынға ұшырағанқазақтарға жәрдем қолын созбады. Тіпті, 1743 жылы патша өкіметі Еділ қалмақтарына қазақ жерінде «әскери олжа» табу жорықтарын жүргізіп тұруға рұқсат етеді, оларға көмек беру үшін екі мың казак әскерін де қосып береді. Осы сияқты жағдайлар қазақтардың батыстағы шекараға да ұдайы алаңдап отыруына себепкер болды.

Елдің тағдыры сынға түскен қысталаң кезеңде билікте болған Абылай хан шешуге тиісті жағдайлардың қай-қайсы да жеңіл емес еді. Алғашында сұлтан, кейіннен хан ретінде билік еткен Абылай сол қиындықтардың бәрін дерлік шеше алды. Ыдырай бастаған қазақ жұртын қайта біріктірді, Іленің сол жағасы мен Шу бойын, Созақ, Сайрам, Ташкент қалаларын қайтадан қазақ иелігіне көшірді. Жолбарыс хан дүниеден озғаннан кейін Ұлы жүздің бірталай руы, сондай-ақ, Ресей бодандығын қабылдаған Кіші жүздің бір бөлігі Абылай билігіне бұрылды.

Осы кезеңдегі Ресей державасының көксегені Қазақ елін Цинь ықпалынан оқшаулау, Қытайға бодан болуына жол бермеу болса, Қытай империясының көздегені Абылайды өз жағына тартып, қазақ жұртын бодан ету, сондай-ақ, Ресеймен соғысуға тура келген жағдайда қазақтардың әскери күшін пайдалану еді. Абылайдың саясаткерлік, қайраткерлік дара қасиеттері де осы жағдайлардан сәтімен шыға білуіне байланыстытанылды. Ол аса әлуетті екі империямен де тату көршілік негіздегі қарым-қатынас орнату саясатын ұстанды және бар қайраты мен ақыл-парасатын осы мүддеге арнады. Нәтижесінде Абылай хан билігі тұсында ел ішінде біршама саяси тұрақтылық орнықты, қазақтардың көршілес елдермен сауда, экономикалық, саяси байланыстары ұлғайды.

XVІІІ ғасырдағы тарихи оқиғалар және Абылай хан әрекеттері сол дәуір поэзиясында ерекше орын алды. Оның себебі осы жағдайлардың қай-қайсы да ел тағдырында шешуші мән иеленуінде жатыр.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. ХVIІІ ғасырдағы ел өмірінде хандардың, би-шешендердің, жыраулардың ролі қандай болды?
  2. Қазақ жеріне қандай елдерден қауіп төнді және оның себебі неде?
  3. Жоңғария билігінде қандай өзгерістер болды және бұл өзгерістер қазақ халқына неліктен қатерлі болды?
  4. Қазақ хандығындағы өзгерістер мен жоңғарлардың алғашқы шабуылдары арасында байланыстылық бар ма? Айқындай түсіндір.
  5. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарының қасіреттілігі неде?
  6. Жоңғарларға тойтарыс берілген оқиғалар мен ерлігімен даңқы асқан батырлар туралы не білесің?
  7. Абылайдың билікке келуі мен қазақ жерінің азат етілуі арасындағы байланыстылықты түсіндір.
  8. Көршілес елдерден төнген қауіп пен Абылай хан саясаты жайында баянда.

 Әдебиеттер:

  1. Абылай хан (Тарихи жырлар). – Алматы, 1993.
  2. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы,1994.
  3. Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. – Алматы, 1995.
  4. Мусин Г. Қазақстан тарихы. – Алматы, 2003.
  5. Рысбайұлы К. Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 1999.
  6. Тынышбаев М. История казахского народа. – Алматы,1993.
  7. Тілепов Ж. Тарих және әдебиет. – Алматы, 2001. 

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Ұқсас материалдар