Қандастар Ассамблея

VII.ХVIІІ ғасырдағы тарихи-әлеуметтік жағдай

31.03.2014 4770
Қалден Сереннің тұтқынынан босаған Абылай сұлтан елге аман-сау оралып қана қоймай, жоңғар қонтайшысымен қазақ-жоңғар арасындағы соғысты тоқтату туралы бітім жасасып қайтады.

Қалден Сереннің тұтқынынан босаған Абылай сұлтан елге аман-сау оралып қана қоймай, жоңғар қонтайшысымен қазақ-жоңғар арасындағы соғысты тоқтату туралы бітім жасасып қайтады. Алайда, 1745 жылы Қалден Серен өліп, жоңғарлар арасында тақ таласы басталды. Жоңғар тағын бірінен соң бірі иеленген қонтайшы мұрагерлері екі ел арасындағы келісімді мойындағысы келмеді. Бұл екі арада жоңғарларға іргесіндегі Цинь империясы да бүйірден тиіп, әлсін-әлсін шабуылдауға кірісті. Жоңғар мемлекетіндегі осындай берекесіздікті ұтымды пайдалануға ұмтылған Абылай жоңғарларды қазақ жерінен толықтай ығыстырып шығаруды көздеді. Сол мақсатпен елдің барлық өңіріндегі билік иелері мен билерге, батырларға жаушы аттандырып, қазақ әскерін бір тудың астына жиып, Түркістан мен Сыр бойындағы қалаларды азат ету жорығын бастады.

Сыбан Доржы бастаған жоңғарларға қарсы үш майданда ұрыс қимылдарын жүргізген қазақ қолы екі айға созылған соғыс барысында оңтүстікте Түркістанға жақындады, Созақ пен Сайрамды азат етті, Талас өзеніне сұғына жақындады, қарақалпақ жерін жоңғарлардан арылтып, Сырдың жоғарғы сағасына дейін жетті. Шарасыз күйге түскен Сыбан Доржы бітісуге мәжбүр болды да, нәтижесінде Созақ, Сайрам, Манкент, Шымкент шаһарлары қазақтардың билігіне көшті, Түркістан жайы кейінге қалдырылды. Осылайша, екі жүз жылдық қазақ-жоңғар соғысында бетбұрыс кезең басталды. Бұдан кейінгі жылдар аясында қазақ пен жоңғар арасында түрлі қақтығыстар, ұрыс, шайқастар жиі болып тұрды.

Қазақ даласын шапқыншылардан біржола тазартуды діттеген Абылай хан және Қабанбай, Бөгембай сияқты даңқты батырлар бастаған қазақ қолы 1750 жылы Жоңғар қақпасы маңында дұшпан күшін үш орай қоршауға алып, күйрете талқандап, түбегейлі жеңіске қол жеткізді. Осылайша, ұзақ жылдарға созылған қазақ-жоңғар соғысы қазақтардың түпкілікті жеңісімен аяқталды.

Ал, ақылды әмірші, көреген қолбасшы Қалден Серен өлімінен соң Жоңғар мемлекетінде басталған тақ таласы, соның салдарынан билеушілер арасында пайда болған алауыздық, ел ішінде туындаған жіктелу сияқты келеңсіз жағдайлар жинала келіп, ақыр соңында жоңғарлардың жойылып кетуіне соқтырды. Бұл берекесіздікті іргелес жатқан Цинь империясы өз мүддесіне жарата білді. 1755 жылдар шамасында әбден іштен іріп, ұсақ-ұсақ иеліктерге бөлініп кеткен Жоңғар елін Цинь қытайлары толассыз түтелеуді қолға алды. 1758 жылы Манчжуриялық Цинь әулетінің Қытайдағы әміршілері бастаған армиясы жоңғарлардың жерін (қазіргі Шыңжан) басып алды. Сөйтіп, бір кездері айналасына айбар шашқан қаһарлы Жоңғар елі бас-аяғы үш жыл ішінде тоз-тоз болып, жер бетінен жойылып тынды.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Ұқсас материалдар