Қандастар Ассамблея

VII.Асан қайғы

31.03.2014 4478
Осы орайда мәтінге сүйене отырып, толғаудың айтылған уақыты хақында ой түйер болсақ, бұл уақытты ХV ғасырдың жетпісінші жылдарының алғашқы ширегі деп шамалауға болады.

Осы орайда мәтінге сүйене отырып, толғаудың айтылған уақыты хақында ой түйер болсақ, бұл уақытты ХV ғасырдың жетпісінші жылдарының алғашқы ширегі деп шамалауға болады. Себебі – 1471-1480 жылдар аралығында хандық құрған Жәнібек билікке келер тұстың қарсаңында Қазақ хандығы Сыр бойына қайтып оралып, Түркістан аймағының біраз жерін өзіне қаратқан болатын және осы жағдайға байланысты хандық құрамындағы халық саны да өскен еді. Осы жағдайларды ескерсек және ханның да ет пен сүйектен жаралған адам нәсілі екенін назарда ұстасақ, билік тізгінін қолына жаңадан алған ханның масаттанып, масайрауға жол бергенінен еш сөкеттік аңдалмас еді. Алайда, жас хандықтың керегесі біршама кеңейгенімен, нығайып, орныға қоймағанын көзбен көріп жүрген Асан қайғыдай ел жанашыры үшін елдің тізгінін қолға алған ханның, бір сәт болса да, алаңсыз сайранға жол беруі мейлінше қатерлі қылық көрінуі де заңдылық. Ал ел сөзін ұстаған жанның мұндай жағдайда үнсіз қалуы мүлде мүмкін емес. Демек, аталған толғау Жәнібек хан билігінің алғашқы жылдарында айтылуы әбден ықтимал.

Асан қайғының Жәнібекке айтқан толғауындағы ой жеткізу түзілімі үш бөліктен тұрады. «Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің...» деп басталып, «...Осыны Асан біледі, Мұны неге білмейсің?» деп аяқталатын алғашқы бөлік ханның іс-әрекеттеріндегі кемшілік-қателіктерді сынауға арналса, «...Тіл алсаң, іздеп қоныс көр, Желмая мініп жер шалсам, Тапқан жерге ел көшір, Мұны неге білмейсің?!» деп келетін екінші бөлікте жыраудың діттеген мақсаты айқын көрінеді. Ал «...Ай, Жәнібек, ойласаң, Қилы-қилы заман болмай ма...» деп басталатын соңғы бөлікте қамсыз тірліктің ақыры ел басына қандай зобалаң боп үйірілуі ықтималдығын көркем бейнелеу тәсілімен астарлай жеткізген. Жалпы, осы толғауда портреттік суреттеуден бастап, астарлау, меңзеу, ишаралау, салыстыру сияқты көркемдеу тәсілдері молынан ұшырасады. Мұндай көркемдік белгілерінің молдығы Асан қайғының жырау ретіндегі ерекше қасиеттерінің бірі оның суреткерлігі екендігін көрсетеді.

Жыраудың осы кезеңге тән туындыларының бірі – «Бұл заманда не ғаріп?» толғауы. Аталмыш толғауды Жәнібекке айтылған толғаумен тұстас туынды ретінде қарастыруға мүмкіндік беретін себеп – жырда көрініс табатын ел көңіліндегі алаңның жерге, ата жұртқа байланысты болуы. Ал ел көңіліндегі алаңды толғаудағы негізгі мәселе ретінде тануға жол ашып тұрған жәйт – сөз түйінінің осы проблемаға арналуы.

Ой жеткізу барысында дидактикалық шығармаларға тән сөз саптау үрдісі қолданылған бұл толғаудың бастауында жырау өзіне-өзі риторикалық сауал қойып алып, одан кейінгі жолдарда сол сауалдың жауаптарын бірнеше нұсқада ұсынады және жауаптардың барлығы жер мен адам жаратылысына қатысты беріледі.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Ұқсас материалдар