Қандастар Ассамблея

VI.Асан қайғы

31.03.2014 2915
Асан қайғының бүгінге дейін жеткен толғаулары.

Асан қайғының бүгінге дейін жеткен толғаулары қатарынан қазақ пен ноғай бөлінген жылдар еншісіндегі шығармаларына тән сипаттар ретінде ата жұрттан қоныс аударған ел көңіліндегі алаңдаушылық, қимастық, сағыныш, реніш сезімдерінің, сондай-ақ, елдің ертеңгі күнінің жақсы боларына деген сенімділіктің көрініс табуын айтуға болады. Жырау шығармаларынан танылатын мұндай көңіл күйлері оның өзіне де тікелей қатысты болғаны хақ.

Ал жыраудың бұдан кейінгі кезеңдегі іс-әрекеттерінің қандай бағытта өрістерін ел ертеңіне деген кәміл сенімділік айқындаса керек. Бұл орайда жырау шығармашылығының екінші кезеңі ретінде Жәнібек хан ел тізгінін қолға алған жылдардың алғашқы тұсын атауға болады. Бұлай деп тануымызға мүмкіндік беретін негізгі себеп – Асан қайғының өз сөздері. Мәселен, ол Жәнібек ханға қатысты айтылатын әйгілі толғауында:

Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің, Айтқаныма көнбейсің. Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің. Қымыз ішіп қызарып, Мастанып, қызып терлейсің. Өзіңнен басқа хан жоқтай Елеуреп неге сөйлейсің?!. –

деп бастап, одан арғы тармақтарда ханның оғаш қылықтары мен іс-әрекеттерін бетке айтып, өткір сынайтыны белгілі.

Осы арнау-толғауға байланысты айтылған пікірлерде жыраудың ханды сынай отырып, ақыл-кеңес бергені, елдің жайын, әлеуметтің қамын алға тартқаны және осы жағдайлар негізінде оның ел басқару ісіне белсене араласқаны айтылып келеді. Мұндай пікірлердің орынды екені анық. Өз тарапымыздан біз айтылған жәйттерді қайталамас үшін толғау мәтінінің көркемдік-идеялық жақтарына назар аударғанды жөн көрдік.

Асан қайғының сынап тұрған әміршісі – ел билігіне келіп-кеткен әлдебір байбатшаның бірі емес, ел тарихында жарқын із қалдырған, дербес елдің іргесін нығайту жолында ерен істер тындырған, сол ерліктері мен еңбектерінің арқасында халық жадында «Әз-Жәнібек» аталып, қасиеттеле ардақталған бірегей хан.

Олай болса, ақылман жыраудың халық қастерлеген хан­ды аяусыз сынап, сынап қана қоймай, сөз соңында: «Хош-аман бол, Жәнібек, Енді мені көрмейсің!» – деп үзілді-кесілді шорт қайыруының сыры неде? Бұл сұрақтың жауабын: «Асан қайғы Жәнібек ханнан жасы үлкен болғандықтан, батыл-батыл сөйлеген», – деп қайыра салсақ, тым асығыс, тым қарабайыр түйін болмақ. Себебі – толғауда көтеріліп тұрған мәселе адам жасының үлкен-кішілігіне тіреліп тұрған жоқ, одан әлдеқайда маңызды, әлдеқайда ауқымды жағдай. Нақтылай айтқанда, Асан қайғының жанына тыныштық таптырмай тұрған жағ­дай – ел тағдыры.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Ұқсас материалдар