Қандастар Ассамблея

V.Жыраулар поэзиясы – хандық дәуір айнасы

31.03.2014 5343
Міне, ел көңіліндегі дәл осы ахуал жыраулар поэзиясынан айқын көрініс тапқан.

Ата жұрттан да, аталы сөз иесінен де айырылып, көңіліне алаң қонақтаған ел дербес хандық құрып, өз тізгінін өз қолына алған тұста көңіліне сенім ұялап, рухы асқақтай, мінезі айбындана танылады. Міне, ел көңіліндегі дәл осы ахуал жыраулар поэзиясынан айқын көрініс тапқан. Қазақ хандығыныңалғашқы дәуіріндегі жыраулардың жыр-толғауларында өр рух, асқақ сезімнің көл-көсір шалқып-тасып жатуының сыры – сонда. Демек, қазақ жырауларының поэзиясындағы романтика – көркемдік әдіс қана емес, сол дәуірдегі қазақ баласының қай-қайсына да тән болған асқақ рухтың көрінісі, қазақ баласының ішкі болмысындағы алуан-алуан сезім күйлерінің бейнеленуі, яғни жаңа мұраттар мен ұлы мақсаттарға ұмтылған елдің тұтастай өмірінде жетекші мән иеленген халықтық романтиканың поэзия тілімен сөйлеуі. Бұл тұрғыдан келгенде, жыраулар поэзиясы – қазақ баласының болмысына ежелден етене өр мінездің айнасы.

Ал, жүрегінде ұлы армандар атойлаған елдің баласы – ер, мінезі өр келетіні мәлім. Ұлы армандар жолында ол өлімнен де сескенбейді. Асқақ рухты елдің баласы ажалдың өзін таңдайды. Оның:

«...Оқ қылқандай шаншылса, Қан жусандай егілсе, Аққан судай төгілсе,

Бетегелі Сарыарқаның бойында Соғысып өлген өкінбес!» (Доспамбет жырау) – деп тілек етуі де сондықтан.

Дербес хандық құрып, мерейі тасыған елдің көңіл ауанына тән болған осы іспетті романтикалық өрлік ХV-ХVІ ғасырларда жасаған жыраулар поэзиясында басымдық иеленсе, содан кейінгі дәуірлерде жыр туындатқан жырауларда реалистік бояу маңыз ала бастайды. Мәселен, ХVІІ ғасырдағы жыраулар поэзиясының өзінде алдыңғы дәуірлерде жасаған жыраулар поэзиясына тән болған романтикалық бояу азая береді. Оның есесіне, өмірлік шындықты тануға мүмкіндік беретін суреттер мен бейнелеу тәсілдері бел ала түседі. Мәселен, Жиембет жырау шығармаларынан оның өз өмірінің көріністерін танысақ, Марғасқа жырау сөзінен Есім хан мен Тұрсын ханға байланысты оқиғаларды, сол оқиғаларға себеп болған жағдайларды, соңғы шешімін аңдай аламыз. Аталмыш жыраулардың туындыларынан осы іспетті жәйттердің анық танылуының сыры олардың шығармашылығында реалистік әдістің жетекші орын алуына қатысты. Алғашында романтикалық әдіспен тоғыса көрінген реализм ХVІІІ ғасырдағы жыраулар үшін негізгі көркемдік әдіске айналды. Бұл тұста тіпті дидактикалық жыр-толғаулардың өзінде реалистік бейнелер маңызды роль иеленді. Мысалға жүгінелік: 

«Жақын жерден шөп жесе,

Жердің сәнін кетірер.

Ағайынның аразы

Елдің сәнін кетірер.

Абысынның аразы

Ауыл сәнін кетірер» (Бұқар жырау).

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Ұқсас материалдар