Қандастар Ассамблея

V.ХV-ХVI ғасырлардағы қоғамдық-саяси өмір және жыраулар поэзиясы

31.03.2014 3120
Сондай-ақ, қазақ жыраулары бір-екеудің билігін емес, қалың жұрттың бірлігін ұлықтады.

Сондай-ақ, қазақ жыраулары бір-екеудің билігін емес, қалың жұрттың бірлігін ұлықтады. Асан қайғы:

...Өлетұғын тай үшін, Көшетұғын сай үшін Желке терің құрысып, Әркімменен ұрыспа. Ашу – дұспан, артынан Түсіп кетсең қайтесің Түбі терең қуысқа!.. –

деп, ақыл қоса, ойландыра толғаса да, я болмаса, Шалкиіз жырау:­

...Атаның ұлы ерлерге Малыңды бер де, басың қос; Басыңды қос та, бек сыйлас. Күндердің күні болғанда Басың жауда қалар ма!.. –

деп, сес көрсете кеңес етсе де, сөз түйіні ашу-араздыққа емес, татулық-бірлікке келіп тіреледі. Мұның сыры сол дәуірдегі халықтың тарихи жағдайынан туындап жатқаны хақ. Ал тарихи жағдайдың қиындық-қысталаңға болғанын жоғарыда шолып өттік.

Қанкешу жорықтар мен қиын-қыстау сәттерде суырыла шығып, ой толғаған жыраулар айтар сөзінің сыртын қызықтамай, ішкі қуатын, әсерлілігін діттеді. Ел жігерін жанып, намысын қайрауды көздеді, елдік рухтың туы жығылмауын ойлады. Қазақ жырауларының бір жосын жыр үлгілерінің:

«...Балдағы алтын құрыш болат Ашылып шапсам, дем тартар

Сусыным қанға қанар деп...» (Қазтуған, ХV ғ.)

я болмаса:

«...Қалаға қабылан жаулар тигей ме, Қабырғадан дұспан жалдап жүргей ме, Қатарланып, қарланып,

Қайран ер қарт күреңге мінгей ме!» (Доспамбет, ХVІ ғ.) болып келуінің себебі осында жатыр.

Алғашқы қазақ жырауларының елмен де, ел тізгінін ұстаған хан-сұлтандармен де етене болуының арқасында олардың ортаға тастаған ойлары да, поэтикалық тілі де, сөздік-бейнелік қолданыстары да баршаға түсінікті, әрі бейнелі, әрі әсерлі болып шықты.

Соның нәтижесінде қазақтың әдеби тілі де қазақ халқының Хандық аясына ұйысқан сәтінен бастап таза халықтық үлгіде қалыптасуға бағыт алды. Бұл үрдіс кейінгі дәуірлердегі жыраулар поэзиясында заңды жалғастығын тауып, кеңінен өркендей берді. Осы тұрғыдан қарасақ, қазақ жырауларын ұлттың әдеби тілін қалыптастырушы тұлғалар ретінде тану абзал.

Жалпы, ХV-ХVI ғасырлардағы жыраулардың өмір салты кейінгі кезеңдердегі жыраулар үшін тағылым мектебіндей маңыз иеленсе, олар негіздеген поэзия жалпы жыраулар шығармашылығының негізгі ерекшеліктерін қалыптастыруда жолбастаушырөлін атқарды.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

 

  1. Қазақ хандығының алғашқы ширегіндегі (1456-1480 ж.ж.) жаңа мемлекеттің жалпы ахуалы қандай жағдайда болды?

 

  1. ХV ғасырдың соңғы ширегі мен Қасым хан билігі тұсындағы ел жағдайын бағала.

 

  1. 1525 жылы басталған ойраттар мен қазақтардың соғысы ел жағдайын қалай әсер етті?

 

  1. Бұйдаш пен Хақ-Назар билігі кезінде ел өмірінде қандай өзгерістер болды?

 

  1. ХVІ ғасырдың соңғы жылдарында саяси жағдайлар қандай бағытта өрбіді? Оның себебі неде?

 

  1. Есім хан билігі тұсындағы ел өміріне сипаттама жаса.

 

  1. ХV-ХVІ ғасырлардағы жыраулардың ұлт әдебиетін қалыптастырудағы қызметтерін дәлелдей бағала.

 

Әдебиеттер:

 

  1. Ай, заман-ай, заман-ай... – Алматы, 1991.

 

  1. Қазақстан тарихы. – Алматы, 1997.

 

  1. Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. – Алматы, 1995.

 

  1. Тынышбаев М. История казахского народа. – Алматы,

 

1993.

 

  1. Тілепов Ж. Тарих және әдебиет. – Алматы, 2001.

 

  1. Қасқабасов С. Шығармалары. 1-том. Жаназық. – Астана: Фолиант, 2011.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Ұқсас материалдар