Қандастар Ассамблея

V. Жиырмасыншы Мундиаль!

15.05.2014 2218
Үш күміс бір алтынға татымайды

Нидерланды құрамасы алғаш әлем чемпионатына 1934 жылы қатысқан. Одан кейін 1938 жылы Францияда өткен чемпионатқа тағы да жолдары түсті. Бірақ, екеуінде де топтық кезеңнен әрі аса алмай үйлеріне бос қайтты.  Дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан соң, алты бірдей әлем біріншілігінен тыс қалды.

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

ҮШ КҮМІС БІР АЛТЫНҒА ТАТЫМАЙДЫ!

Нидерланды құрамасы

Бас бапкер: Луи ван Гал

Команда капитаны: Арьен Роббен

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Эдвин ван дер Сар (130)

Ең көп гол соққан ойыншы: Ровин Ван Перси (41)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 11

1974 жылы голландықтар ұлттық құраманың тізгінін Ринус Михелске ұстатты. Бұл бапкер сол жылы «Барселонамен» Испан біріншілігінде жеңіске жеткен еді. Алғаш рет ұлттық құраманың тізгінін ұстағанына қарамастан Михелс командасын адам танымастай етіп жасақтады. Қызметіне кіріскен жылы оның командасы Германияда өткен әлем біріншілігіне қатысып, өте табысты өнер көрсетті. «Аякстан» каталондық «Барселонаға» ауысқан қос  Йохан (Кройф пен Нескенс) құраманың ойынын негізгі үйлестірушісі  болды. Олардан бөлек, Роб Ренсенбринк, Джонни Реп, Руди Кроп, Ари Хаан, Янсен, Райсберген, Ван Ханегем секілді футболшылар Михелс жасақтаған команда құрамында өнер көрсетті. Неміс жерінде Кройф бастаған футболшылар финалға дейін жетіп, шешуі кезеңде алаң иелеріне ғана жол берді. Келесі әлем біріншілігі 1978 жылы Аргентинада өтті. Тағы да төрт жылғы бұрынғы жетістіктерін қайталап, күміс жүлдегер атанды. Бұл жолы да бас жүлдені алаң иелері еншіледі.

Екі әлем біріншілігінде ортасында яғни 1976 Еуропа чемпионатында үшінші орынға қол жеткізді. Жалпы, өткен ғасырдың 70 жылдары күллі әлем голландия футболына ғашық болды. Бұл елдің құрамасы жүйелі, ұжымдасқан, техникаға бейімделген (тотальный футбол) ойын өрнегін көрсетті. Оған дейін мұндай тактикалық ойын жүйесі жұмбақ болып келіп еді.

Германия мен Аргентинадағы әлем біріншілігіндегі табысты өнерінен соң, 10 жылдай ірі додаларда бақтары жанбады. Тіпті ӘЧ-1982, ЕЧ-1984, ӘЧ-1986 жылдары өткен турнирлердің финалдық кезеңіне жолдама ала алмай, жанкүйерлерінің алдында ұятқа қалды. 1985 жылы елдің футбол федерациясы бұрынғы бапкер Ринус Михелсті қайтадан шақырды. 60 жасқа таяп қалған ардагер бапкер құрамының ойынын қайта түлетті. Михелстің баптауымен голландықтар 1988 жылы неміс жеріндегі Еуропа бірінішілігінің финалдық кезеңіне жолдама алды.

Голландия құрамасы Германия алаңдарында 14 жыл бұрынғы керемет ойындарын қайта көрсетті. 

Топтық кезеңнің алғашқы ойынында КСРО құрамасынан ұтылып қалғанымен, қалған матчтың барлығында жинақылық таңытты. КСРО-дан соң, Ирландия мен Англияны ұтып, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда 14 жыл бұрынғы есе қайтты. Алаң иелері Германияны Марко ван Бастен мен Курманның қос голы қызғалдақты елдің құрамасын финалға алып шықты. Финалда оларды КСРО құрамасы күтіп тұрды.

 Михелстің шәкірттері топтық кезеңде кеткен есені толығымен қайтарды. Осы ойында команда капитаны Рууд Гуллит пен бас мерген Марко ван Бастен Дасаевтың қақпасының саңылауын тапты. Осылайша Голландия тұңғыш рет Еуропа чемпионатында топ жарды.

1992 жылы Швециядағы Еуропа чемпионатында өз атақтарын қорғай алмаса да, қолаға қол созды. Финалға шығатын мүмкіндіктері болған.  Жартылай финалда Даниямен болған матч пенальти сериясына дейін жалғасты. Футбол лотериясында ван Бастен мүлт кетіп, құрамасын финалға алып шыға алмады.

Одан кейін 2000 және 2004 жылдары өткен Еуропа біріншілігінде тағы да қола медаль еншіледі. Ал 2010 жылғы әлем чемпионатында өздерінің үшінші күмістеріне қол жеткізді. Әзірге Голландияға әлемнің алтыны бұйырмай тұр.

Әлемнің үш күмісі бір алтынға татымайтыны рас. Сондықтан Бразилияда Луи ван Гал шәкірттері бас жүлде үшін ғана таласқа түсетіндері белгілі.

Қазіргі құрам

2012 жылғы Еуропа чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін бас бапкер Берт ван Марвейк қызметінен кетті. Оның орнына Луи ван Гал келді. Ван Гал келгелі негізгі қақпашы мәселесі әлі анықталған жоқ. Ван дер Сардың ізін басатын қақпашы табылмай тұр. Бір кездері Мартен Стекеленбург болады деп күтіліп еді. Бірақ, Мартен де соңғы кездері жоғары деңгейлі шеберлігімен көзге түсе алмай жүр. Бразилияда Яспер Силлессен («Аякс»),Тим Крул(«Ньюкасл»), Мишел Ворм («Суонси»), Йерун Зут (ПСВ) баратын болды. Қорғаныста Дэйли Блинд, Джоэл Велтман (екеуі де «Аякс»), Стефан де Врей, Дарил Янмат, Теренс Конголо, Брюно Мартинс Инди, Тонни Вилхена (барлығы «Фейенорд»), Карим Рекик (ПСВ), Патрик ван Анхолт («Витесс»), Паул Верхег («Аугсбург»), Рон Влар («Астон Вилла»); жартылай қорғаушылар – Йорди Класи («Фейенорд»), Джонатан Де Гузман («Суонси»), Найджел де Йонг («Милан»), Лерой Фер («Норвич»), Арьен Роббен («Бавария»), Уэсли Снейдер («Галатасарай»), Рафаэл ван дер Варт («Гамбург»), Джорджиньо Вейналдум (ПСВ); шабуылшылар – Жан-Поль Бутьюс («Фейенорд»), Мемфис Депей (ПСВ), Клас-Ян Хюнтелар («Шальке-04»), Дирк Кёйт («Фенербахче»), Джермейн Ленс («Динамо» Киев), Квинси Промес («Твенте»), Робин ван Перси («Манчестер Юнайтед»);

Жетістіктері:

Әлем чемпионаты

Күміс жүлде  – 1974, 1978, 2010 жылдары

Еуропа чемпионаты

Бас жүлде –  1988 жылы

Қола жүлде – 1976, 1992, 2000, 2004 жылдары

Жазғы Олимпиада ойындары

Қола жүлде – 1908, 1912, 1920 жылдары

 

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

13 маусым. Салвадор. Испания – Нидерланды

18 маусым. Порту-Алегри. Австралия – Нидерланды

23 маусым. Сан- Паулу. Нидерланды – Чили.

Бек Төлеуов