Қандастар Ассамблея

Университет қабырғасындағы алғашқы қоңырау

01.09.2015 3913
Бүгін, 1 қыркүйек – Білім күні.

Бүгін, 1 қыркүйек – Білім күні. Осыған орай, Астана қаласындағы бәсекеге қабілетті жоғары оқу орындарының бірегейі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «100 нақты қадам: білім және білік» атты шара өтті.

Елордалық жоғары оқу ордалары арасындағы ұлттық рейтингтің шыңында тұрған Еуразия ұлттық университетіне биыл мемлекеттік грант ұтып алған 2714 талапкер тапсырған. Олардың 449 «Алтын белгі» иегері болса, 231-і республикалық және халықаралық олимпиадалар жеңімпаздары.

Университет қабырғасын енді аттаған студенттерді оқу ордасының ректоры Ерлан Бәтташұлы құттықтап сөз сөйледі.

Ерлан Сыдықов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:

Құрметті ұстаздар, ардақты ата-аналар, қадірлі студенттер магистранттар. Сіздерді елеулі мереке «Білім күнімен» шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, қызметтеріңіз бен оқуларыңызға табыс тілегім келеді.

Құрметті студенттер, сіздер үшін бүгін тарихи күн. Өмірдің үлкен жолына басты қадамдарыңды басқалы отырсыңдар. Сіздер бақытты жансыңдар, өйткені жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, Елбасы негізін қалаған аты әйгілі Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері атанып отырсыздар. Енді сіздер Арқа төрінде Елбасының пәрменімен аз уақытта дүниеге келген әдемі қала Астанада оқитын боласыздар. Бұл үшін сіздерге университте толық мүмкіншілік пен жағдай жасалған. Бұл университет соңғы жылдары Қазақстандағы нөмірі бірінші университетке айналды. Әлемдегі мыңдаған университеттердің ішінде ең жүйрік 300 университеттің қатарына қосылып отыр. Бүкіл Қазақстан бойынша «Алты белгі» алған талапкерлердің 30 пайызы, мемлекеттік грант иелерінің 10 пайызы біздің университетті таңдап отыр. Сондықтан, сіздер терең дәстүрі бар, 16 мың студенті бар, 3 мыңдай оқытушы қызметкері бар оқу ордасына келіп отырсыздар. Бұл ұжымның келешегі айқын, береке-бірлігі ұйысқан, мақсаты жоғары. Олай болса, сіздерден үлкен жауапкершілік күтеміз. Білім теңіз болса, желкендеріңізді жел кернеп отырсын. Сәт сапар!

Салтанатты шарада университет ұжымы Ерлан Бәтташұлын «Ұлттық ғылым академиясының вице-предизенті» атануымен және «академик» дәрежесін алуымен құттықтады.

Өз кезегінде Ерлан Сыдықов студенттер арасында екі жылда бір рет өтетін 8 универсиадада жалпы ұпай бойынша 1 орын алған өз студенттерін медальдармен марапаттады.

Айта кету керек, биыл ЕҰУ айрықша мерейтойға – Еуразия ұлттық университетінің негізі қаланғанына 20 жыл толуына қызу дайындық үстінде.

 

Материалды әзірлеген – Қаламқас Нұрмақова

Ұқсас материалдар