Қандастар Ассамблея

Уақыт сынағынан өткен достық

19.02.2015 3992
Тарихи кітаптардан татар халқының қазақ жеріне қоныс аударуы туралы мәліметтерді көптеп кездестіруге болады.

Тарихи кітаптардан татар халқының қазақ жеріне қоныс аударуы туралы мәліметтерді көптеп кездестіруге болады. Қиын замандарда татар халқының бір бөлігі тарихи отынанан ажырап, туыстас қазақ еліне пана іздеп келеді. Ағайынның алыс жақынын, іс түскенде білерсің, дегендей қазақтың кең даласы туыстас халықтың ұл-қызын өз баласындай, бауырына басып, тамыры тереңге кеткен достықтың бастамасына негіз болады. Содан бері бұл халықтар арасындағы достық-бауырластық өз жолын үзген жоқ, керісінше емен ашағының діңгегіндей қатайып, беки түсті.

Қазіргі таңда ресми дерек бойынша Қазақстанда 210 мыңдай татар тұрады. Олар елдегі шаруашылықтың әр түрлі салаларында еңбек етіп, тұрмыстық жағдайын жылдан-жылға көтеріп келеді. Олар өздерінің ана тілін, салт-дәстүрлерін сақтауға ерекше мән береді. Осы мақсатта облыстық, қалалық этномәдени бірлестіктер құрылды. Бұл бірлестіктер республикалық Ассоциацияға біріккен.

Соңғы жиырма жылдың ішінде Қазақстанда 20-дан астам татар тіліндегі кітап жарық көрді. Республикалық Ассоциацияның бастамасы бойынша Қазақстандағы татар ақындардың өлең жинақтары басылып шықты. Мерзімді басылымдардан татар тілінде Астана қаласында «Ақ барс», Алматыда «Фикер» газеттері шығып тұрады. Бұлардан бөлек Семей, Шымкент және т.б. қалаларда да татар тіліндегі газеттер шығады. Орал қаласында Ғабдолла Тоқай орталығы жұмыс істейді. Айта кету керек, татар әдебиетінің классигі, татар әдеби тілінің негізін қалаушы Ғабдолла Тоқай дәл осы Орал қаласында қалыптасты. Тоғыз жасында туыстарын сағалап келген жетім бала 21 жасында Оралдан Қазанға аттанғанда, бүкіл түркі халқы мойындап үлгерген ақын, журналист, ағартушы болатын. Ғабдолла Тоқайдың Оралдағы ұстазы, Қайырдағы әл-Асқар университетін бітірген ғұлама Мүтиғолла Тухватуллинннің үйі бүгінде Тоқай музейіне айналған. Марат Рафаилұлы осы музейдің ашылуына республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тікелей пәрмен бергенін ризашылықпен еске алады.

Татар халқының туған тілі, тарихы мен мәдениеті туралы ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтіп тұрады. Семей қаласында Г.Ахунджановтың басшылығымен балалар көркемөнер мектебі жұмыс жасайды. Жексенбілік мектептерде татар халқының тілі мен тарихы, сондай-ақ ислам негіздері оқытылады. Жыл сайын бүкіл облыс орталықтарында, елді-мекендерде Сабантой өтіп тұрады.

Қазақстан татарлары республикадағы түрлі ұлттардың достығын қолдайды. Ұлтаралық келісім мен татуластық ортақ шаңырақтың керегесін кеңейтіп, босағасын берік ұстаудың ажырамас бөлігі деп санайды. 


Автор: Ринат Ишмуратов

Ұқсас материалдар