Қандастар Ассамблея

Туризмді дамытудың жолдары қандай? Сарапшы пікірі

19.10.2015 9149
Туризм – мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және мәдени өміріне тікелей ықпал ететін және ел экономикасының дамуына тікелей немесе жанама түрде әсер етуші фактор.

Қазақстан Республикасының Президенті өзінің 2012 жылғы Жолдауында елге келіп жатқан инвестицияларды әртараптандырудың бірден-бір  жолы туризм екенін атап өтті. Бұл – туризмнің еліміз үшін маңызды сала екендігін білдіреді. Дүниежүзілік туристік ұйым сарапшыларының зерттеуі бойынша, 1 қалада 2 сағатын өткізген 100 000 турист 350 000 АҚШ долларын немесе әрбірі 1 сағатта орташа есеппен 17,5 АҚШ долларынан кем емес қаражат жұмсайтын көрінеді. Туризм – мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және мәдени өміріне тікелей ықпал ететін және ел экономикасының дамуына тікелей немесе жанама түрде әсер етуші фактор. Туризм саласының маманы Бауыржан Досқараевтың айтуынша, Қазақ елінде аталмыш саланы дамытуға толықтай негіз бар.

Досқараев Бауыржан: «Қазақтың кең байтақ еліне, кең байтақ ауасына жететін ел кемде-кем. Мен өзім көп елдерде болғанмын. Осы елдерді Қазақстанмен салыстырсақ, ол жердің ауасы, ылғалдылығы өте қиын, шетелге барып осы Қазақстанның рахаттанып жүрген қазақтарын аз көрдім.  Біздің ауамыз, көкөнісіміз бәрі басқаша, керемет».  

Керемет екеніне ешкім күмән келтірмейді, алайда сол кереметті өзге елдің адамдарына қалай насихаттаймыз? Бар мәселе осында болып тұр. Өзге елдермен салыстырар болсақ, Малайзия еліне бір жылда тек туристік мақсатта 24 миллион адам келеді және бұл елдің осы саладан алатын табысы 20 млрд. АҚШ долларына тең. Осындай елеулі жетістікке жету үшін Қазақстанға не кедергі?

Досқараев Бауыржан:  «Ең бірінші – Қазақстанда инфрақұрылымның дамымауы, оның өркениетті елдерге қарағанда алыста тұрғаны. Екіншісі –ол біздің туристік фирмалардың туристік саланы дұрыс түсінбеуі. Олар қазақтың азаматтарын сол жаққа шығаруға жұмыс істейді. Біз қазақтың ақшасын аламыз да сол жаққа шығарып тастаймыз».

Үшінші кедергі – ұшақ билеттері мен қонақ-үйлер бағасының қымбат болуы. Төртінші кедергі – жарнаманың аздығы. Ең негізгі кедергілердің бірі де – осы. Себебі, жаманын жасырып,жақсысын асыратын да жарнама.

Досқараев Бауыржан: «Ең күшті жарнама адамның өзі. Демалып келген адам, қайтіп келген кезде қалай демалдың деген сұраққа «керемет, бәрі тамаша болды» – десе оны естіген таныстары да әлгі жерге барғысы келетіні анық. Қанша жерден телеарнадан, журналдан, радиодан жарнама беріңіз, егер бір адам демалып келіп, «ой оңбайды екен» – деп айтса бітті, жаңағы жарнаманың бәрі зая кетеді».  

Әлемдік экономикада туризмнің маңызы зор екенін мынадан-ақ аңғаруға болады: әлемдік өндірісте әрбір 9-шы адам осы салада жұмыс істейді, инвестицияның 11 пайыздан астамы тек осы салаға келеді, туризмнен түсетін табыс мұнай өнімдерін және автомобильді экспорттаудан кейінгі тұрақты түрде 3-орында тұр. Осы секілді шексіз мысалдар келтіруге болады, алайда, қорытынды біреу – бізге туризмді дамыту керек. ЭКСПО-2017 көрмесінің сәтті өтуі де осыған тікелей байланысты.    


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар