Тимур Бектұр: «Бізде сараптама материалдар жетіспейді»

08.12.2015 3279
IT саласындағы белгілі маман Тимур Бектұрдың пікірі

Елордада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика мәселелерін зерттеу институты мен Ұлттық Интернет Ассоциациясы ұйымдастырған ІІІ Астана Интернет форумы өткені белгілі. Аталмыш жиында IT саласындағы белгілі маман, блогер, «IT-tirlik» журналының авторы Тимур Бектұрмен сұхбаттасып, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі мен бүгінгі қазақ интернет журналистикасының кемшілігі туралы сұрадық.

Тимур Бектұр:

Биылғы форумның негізгі тақырыбы – ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне арналды. Тақырыптың өзектілігіне тоқталар болсақ, ақпарат таратудағы классификация үш кезеңге бөлінеді:

Бірінші, ақпараттың ауызша тарауы. Яғни бұл әдісті ежелгі грек ораторлары көсем сөздері арқылы халықтың санасына әсер ету мақсатында жақсы пайдалана білген.

Екінші, жазу-сызу дамыған, газет-журнал дамыған, баспа жұмысы алға басқан кездегі халыққа ақпаратты жазу арқылы жеткізу. Ал, салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, жазба арқылы тараған ақпарат мәңгіге қалады. Яғни халықтың санасына жазу арқылы әсер ету. Листовкалар оның жарқын үлгісі болып табылады.

Бүгінгі таңда интернет, әлеуметтік желі, сайттар арқылы ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің ара-қатынасы қандай дегенге тоқталатын болсақ, үшінші кезең – техникалық коммуникациялық дамыған заманда халықтың санасына әсер ету интернет арқылы жүріп жатыр. Сол себепті бұл тақырып күн тәртібіне шығып отыр. Екіншіден, интернет форум деп аталатын форумға ақпараттық қауіпсіздік тақырыбы тікелей қатысты.

Біз тұйық ел емеспіз, әлеуметтік желі де, шекарамыз да ашық. Әлем елдерінде болып жатқан, мәселен Ресей Украина, Ресей Түркия немесе кеше Францияда болған жағдайлардың барлығы осыған куә. Бір ауыз сөз үшін қазақтардың екіге жарылуы, екі фронтқа бөлініп бірі мен бірі сөз таластыруы мысал бола алады. Сондықтан біз бұл мәселеде шама келгенше ширақтық танытуымыз керек. Жалпы халық осыған дейін компьютерлік сауаттылықты үйренсе, ендігі кезекте ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттық сауаттылықты игерсе деген мақсатымыз бар.

– Қазақ интернет журналистикасындағы ақпараттық қауіпсіздік қаншалықты қадағаланады? Қауіпсіздігі қаншалықты қорғалған?

– Бұл сауалға дәл қазір шикі жауап беру асығыстық болар еді. Ел арасында беделі бар қандай сайт бар соны анықтап алған жөн. Мысалы, ағылшынша «Appinium leaders» деген ұғым бар. Яғни, «Пікір көшбасшылары» кім? Интернет журналистика тұрғысынан біздің арамызда дәл қазір интернеттегі белсенді қолданушылардың ішінде пікір көшбасшылары кім? Біз алдымен соларды анықтап алуымыз керек. Сосын ол сайт болсын, онлайн ресурс болсын, әлеуметтік желі қолданушысы болсын барлығының айтып жатқан сөздерін, шығарып жатқан ақпараттарын саралап барып айтуға болады. Дегенмен де, бүінгі интернет журналистикада  ыстықтай қабу деген мәселе бар екенін айтқан жөн. Бір ақпарат шықса түпкі мәнісіне, оның шыққан тегіне, анық-қанығына көзімізді жеткізбей жатып, дабыралап, әрқайсымыздың 5000-10 000 қолданушымыз болса соның барлығына жариялап, жазып жіберіп, кейін бармақ тістеп қалып жататын  оқиғалар көп. Яғни, әрбір адам қандай да бір ақпарат жариялардан бұрын «Бұл өзі бізге керек пе, біріншіден бұл маған керек пе, бұл менің репутацияма қалай әсер етеді, екіншіден, бұл маған керек болғанымен менің қолданушыларыма, халқыма керек пе?», – деп ойланғаны абзал. Үшіншіден, мемлекеттік тұрақтылық бұған қалай қарайды, себебі лайк санымен мемлекеттің тұтастығы деген екі ұғымның ара-салмағы екі түрлі. Сондықтан, оқырмандардың қолпаштауын көп жағдайда мемлекет тыныштығы үшін құрбан етуге тура келеді. Осы жағынан алар болсақ, өте сақ болуымыз керек. Қолданушылардың қолпаштауы деп айтып жатырмыз ғой, жалпы лайк көп жинасақ, сол ақпаратты көп бөліссе марқайып қалатын кездеріміз болады. Бұл мәселеге салқынқандылықпен қарау керек. Әрбір ақпаратты ойланып салған жөн.

– Бүгінгі қазақ интернет журналистикасының кемшілігі?

– Бізде әлі сараптау жетіспейді, байсалдылық жетіспейді. Мысалы, Ресейде Риа.ру деген сайт бар. Сол сайт басшысының айтуынша, 4-5 жыл бұрын блогосфераның қатты дамыған тұсы болды. Қазір блогосфера басылып, керісінше әлеуметтік желі алға шықты. Блогосфера қарыштап тұрған сәтте олар: «Қазіргі заман блогерлердің заманы» деп айтатын.  «100 жерден редакция ұстайық, 100 жерден журналист ұстайық, республика көлемінде филиалдарымыз болсын, бәрібір біз блогерлерге жете алмаймыз», – деген болатын. Сондықтан, дәстүрлі журналистер блогерлерден асып түсемін, оларды жеңемін деп әуреленбеуі керек. Себебі блогер деген кез-келген адам. Кез-келген адам келе жатыр жол-көлік оқиғасын көрді, видеоға немесе суретке түсіріп алды, жариялады. Немесе блогер құқық қорғау органы мен қарапайым азаматтың арасында өрбіген жан-жалға тап болды, видеоға түсірді, шығарды. Журналист көп жерге үлгермеуі мүмкін.

Бірақ, журналистер қай жерден ұтады? Байсалдылық керек деген мәселе осы тұста керек. Бұл ақпаратты блогер шығарды ма, журналист оны тексеруі керек. Яғни аккредитация дейді бірден құқық қорғау органдарына хабарласып, рас па, тіркелді ме, мүмкіндігінше екі тараптан, тіпті үш тараптан пікір жинап, болса оқиға болған жерге барып, нақты шегесін қағып беруі керек. Бізде осы жетіспейді, бізде әлеуметтік желінің ырқына жығылатын блогерлердің тәсілін қолданушылар көп. Блогерлер әдетте өзіне көп жауапкершілік алмайды, олар не көрдім, не сездім, не білдім соны айтады, жазады. Кейін қате шықса, үндемей қоя салады, немесе сәл ар-ожданы барлар «Кешіріңіз, мен білмей қалдым, мен журналист емеспін» деп ақталады. Ал, журналист қалай ақталады? Ол ақтала алмайды ғой. Сондықтан кез-келген ақпаратқа байсалдылықпен қарау, сараптап-саралай білу бүгінгі қазақ интернет журналистикасында аздық етеді.


Пікірді жазып алған Айша КЕРЕЙ 

Ұқсас материалдар