Қандастар Ассамблея

Терең ойға шомғанда

16.08.2016 2480
Табыл Құлияс

Терең ойға шомғанда

Қоғабай арғы-бергі тарихымызды, ел тірлігінің өткенін, бүгінгіге жеткенін, ұлылықтың өркенін бір кісідей білуші еді. Есенбай ақын: «Жүз танысым да бір, Қоғабай да бір» деп әңгімелесе кетсе, ағынан ақтарылып, әзіл-қалжыңды жарастырып отыратын бейнелі көрініс естен шығар ма?!

— Есенбай, білесің бе, біздің Торғай өңірінің данышпандары ерте заманнан талай ғылымның негізін салған. Өзің «Махат сахнасының» құпиясын көрген жоқсың. Әлемде көсемдерін дұрыс бальзамдай алмай, денесі бұзылып жатса, 18 ғасырда салынған осы кесенеде Махат ұрпағының мәйіті талай жылдар бойына бұзылмай сақталуының құпиясын ешкім зерттеп аша алмас. Жерасты желдеткіш жүйесі әлемде бола бермейтін ғылыи құпия», - деп, Қоғабай қиялы шалқып, өр көңілі Торғай өңірін кезіп жүргендей болушы еді.

«Бабаларымыздың даналығын білу, ұғыну, жөнін анықтап, жүрегіңмен сезіну керек. Кенесары ханның сарбазы Жәуке батыр кесенесі қаншама жылдардан бері кірпішінің міні құрымай, сақталуына таң қалмайсың ба? Құтан Аталықұлы әулиенің (1690-1780) кесенесі кірпіштері құрылыстың сыртқы сәулеті әлемде кездесе бермейтін тарихи жәдігер.»

Қонғанбай әулие рухының сағым арасынан елп етіп жүзін көрсеткендей болуы үлкен құбылыс еді. Талай жылдар мен ғасырлар бойына тереңдеп кеткен, ұлылықтардың бетін қаракөлеңке дейсің бе, қалың тұман дейсің бе, көлегейлеп денесін топырақ жасырса да, жаны жер бетінде жүргенін байқайтын алғыр ойлы да елде азайған-ды. Дене бөлек, жан бөлек. Түсінгенге өмір шексіз. «Даңқты дана болар ма екенсің, таңдайы жарылған шешен болар ма екенсің, маңдайы жарылған батыр болар ма екенсің, ұлт ұлылығын әлемге танытар ақын болар ма екенсің?!» деп томсарып тұрған әулие құпия сырды қозғаса аза бойы қаза боп тебіреніп кетер ме еді. Көз алдында өткен ғасыр зоблаңы жүріп өтті ме, бейнебір ар-намысы шағылғандай, құлағын қолымен басып даланың зар-мұңынан шошып, қабірден шыққан жан-көлеңкелер ұшы-қиыры жоқ ұзаққа тізбектеліп өтіп жатқандай еді. Бір сәтте қарғыс арқалаған ұсқынсыздар екі иығын жұлып жеп, жанындағыларды жалмап кетіп бара жатты Ібіліспен серіктесіп. Бұл не? Көзге көрінбейтін құбылыс шарқ ұрып кезіп барады. Ау, соның бәрі адамның жаны ғой. Көздерінің жасы топан су, бейне теңізге айналған, қан аралас су жұмыр жерде тыншу таптырмай қайта- қайта көтеріліп, нетүрлі апатпен жайпап өтеді. Оны түсінетін кеменгердің үнін үрей өшірген. Бірақ ұлылар мен кеменгерлердің рухы ауыр азап, жазықсыздан қаны төгіліп өмірін қысқартып, ажалынан бұрын кісі қолынан өлсе де нөсер болып төгіледі, құдіретті күй болып сарнайды, ұлылықтың жойылып кетпеуіне ақыл, есі дұрыстардың көз алдында елес боп көрінеді, ұйқыдағы түс болып жамандық пен жақсылықтың арпалысынан сақтандырады. Ондай оқшау сезімді абзал жан иесі, ар-намысы жоғарылар ғана түсіне алар деп әулие ақ киімімен сағым тасасында жылжып ата, қоныс мекені «Шоңқайлы» көлінің жағасында біраз байыз тапты. Ойыл өзенінің салалары толтыратын көлдің балығы, қамыс, қоғасының тамыры, таяқ тастам жер дегенде ауыл тиіп тұрған құмның құмаршығы талай аштықтан елу үйлі ауылдың халқын сақтады. Қанды азаптар қанша қинаса да рух жоғары тұрды. Сонау Есімхан дәуіренен бастап елді, жерді қорғаған батырларының жыры қан шашар үрей алдында да ерлікке жігерлендіріп еркіндікті, тыныштықты аңсаумен өрнектеліп жатты.

- Аштықта түк емес, ашыққан қарын тойынар, ашылған етек жабылар, рухың тірі ме? - дер ме екен әулие суы тартылып, кеуіп бара жатқан көлге мұңая көз тастап.

- Кемегерді сұрайсыз ба? - деді бозбала қобалжып.

- Бабаларыңның атағы мен даңқын, тарихын білесің бе?

- Ескі тарихты ұмытып қалдық. Бертінгі соғыстан оралғандар да елде жоқ.

Әулие күрсініп көл жағасындағы жылтыраған суды дарбиған саусағымен көсіп алып бір жұтып, маңдайына тигізді. «Мейірім қанды- ау, анамның сүті аузыма келгендей елжіргенім-ай» - дей бергенде көз алдындағы ескі жұрттың төбе-төбесінен әулиені сағынғандай қара мұртты жігіттер мен қара көз қыздар, сылаң қаққан әйелдердің күміс ақша сыңғырындай кеу-кеулеген үні, күлкісі төгіліп жүре берді. Бірі бұрылып аңқау басым әулие екеніңді байқамай қалыппын: «Береке кеткен мекенде мереке жоқ, келеке мазақ көп, еңсені езген азап көп. Кеменгер іздеп жан-жаққа өкпең өшкенше жүгірсеңде, өзіңнен таппай, жаттың алдауына еріп сорладық. Бише билік етпей, құлша күңіреніп қорландық. Өр мінезім дүлей алдында мазаққа ұрынып жасып қалдым, езілген жаным, өкініш қалың. Олай емей немене 1520 жылы басталған қаламақ, қазақ соғысы екі ғасырға жалғасып, Ібіліс арбасып тектіні өлім құштырды. Мәшһүр-Жүсіп жазбасында. «Есім хан жұртының ойранлағанын естігенде жын буғандай құтырды, ашу - ызадан неше күн бойы есін жия алмады», дейді. Қандай қырғында да даналар қаза табады, кеменгердің көзі жойылады, тұқымын Ібіліс жуаша солдырады. Ұлылардың қабіріне де көз жасын тамызатын есті табыла қоймас. Сол тұста қысас ойлы құлдилап алға шығады. Құлдар тырп етпеңдер деп қасіреттің не түрін байтақ елге төндіре бастайды. Адалдық даналар, кеменгерлермен жер қойнына сіңгесін кеуде керген, қан аңсап безілдеп жүрген Ібіліс - зәлім айтқанына көндіре бастайды. Бұл «Қаракөл» ауылындағы алғашқы ұстаз Шалабайдың көкірегінде кеткен құпия пікір деп түсінсеңізде болады.

- Өткен - кеткенді айтасың ба? Абайламадым деп өкінесің, ә? - деген болса әулие әлсін-әлі күрсініп.

- Әлемде тектіліктен тараған даналар аз емес еді. Дюрер үш жасында өз сүгіретін салыпты. Моцарт жеті жасында төрт соната шығарған екен. Гаусс 14-17 жас арасында математика әлеміне танылған. Дина тоғыз домбырашылық өнерді жете меңгерсе, Жамбылдың ақындық даңқы он бес жасында көпке таныла бастаған.

- Қазақта дана, кеменгер, ұлы тұлғалар аз болған жоқ дейсің ғой. Солардың тұқымы қайда? - деп әулие бетін жасырған перденен төңірекке құмарта қарағандай болды.

- Абай, Ақмет, Мыржақып, Махамбет, Ілияс, Сәкен тағы басқаларының ұрпағы қайда дейсің ғой. Жаттың дауы жаман, ағайынның жаулығы жаман деп елде сақтандырғандар болған-ды. Ақыл сөз үреймен жұтылып кетті. Ұлылардың үрім, бұтағын жоюға Ібіліс- зұлымдар кесапаттың небір құпия түрін ойлап тауып өмірін ажалмен алмастырды. Осындай тұтқиыл оқиғаларда пұшайман болғандарды тез түсіндіруді қаперден шығарып төзімдіміз ғой, төземіз дедік. Талай көрген құқаймызды сеземіз дедік, өз кеменгеріміз болмаса да өзге зымиянға есік аштық, біразымыз ақылдан адастық. Жатпен жанастық, байлыққа итсілікпелеп таластық. Тағдырдың соққысына құлша көніп, сақалды қолдан беріп шықтық. Белсендіге елпілдеп еріп шықтық. Саяси кәззаптардың басқыншылығымен ұлттық өнеге азды. Кеменгерді дүниеге әкелетін ана сезімі ұйтқыды. Махаббат дегенің мазақ болды, сүйгенім дегенің сүлік болды, қанішерлік бүлік болды. Туыс дегеннің көкірегі қуыс болды, жатып атарға жұғыс болды. Тектілікті жоятын қан шеңгелді уыс болды. Дос дегенің қас болды, көкірегі қара тас болды, жүрген жері шу болды, соларды ойласам ішкен асым у болды. Зықымызды шығарған жасасын деген ду болды, қатыгез тағдыр оңдырмады. Ізгілік деуі өтірік, жетіп жатты сұмдығы, түске де енбейтін болды өмірдің сойқан шындығы. Берекетсіз тірлікте көздің жасы, аққан қан әлсіздердің мұңлығы.

- Шемен шердің ерімесін білгенмін, кеменгердің ізін іздеп жүргенім. Әлемде дана аз, шала көп, көсем аз, көсемсымақ баршылық, ұлы тұлғалы кеменгер де бір-бірден, осылардың қанын соратын, ажалынан бұрын қабірге құлатып тынатын Ібіліс - жауыздары жетерлік. Шалабай інім әлгі Дүтмағамбет деген ақын тағдыры не болды? Тайсалмай айтар сөзім бар, болашақты болжағыш көреген көзім бар деуші еді.

- Кеменгеріміз деуді көпсінсекте, кенен ойына тоқтаушы едік. Майданнан оралмағандардың жарына өлең, жырын жазып жоқтаушы еді. «Қаракөл» ауылынан майданға тоқсан жігіт аттанса, соның оншақтысы жаралы боп оралды ғой. Тарлық қысты, нетүрлі індет қырды, талай бала өліп жатты. Кеменгеріміздей боған ақын ел күйзелісі, елу шаңырақтың бәрінде қайғы зары күңіренткендіктің адалын айтты ақын жанымен. Ұрпақ кімдерден аштыққа, зұлымдыққа шарпылмай аман қалды дейсің ғой. Жатып атар, сұм-суайт, жағымпаз, табынымпаз, өсекші, өтірікшіден балалар бар. Мысық иттің құлы болса мияулаған мысық міркенімен өсер, өлі арыстаннан тірі тышқан артық десе, тышқан табылар. Бірақ, Дүтмағамбеттің алдымен ер жетіп қалған баласы аштан өлді, соңынан өзі аштан өлді. Мен өзім алпыс беске келген кісі, зәлімдерді сөзбен түйреп жеңген кісі, жағама қандай жауыз жармассса да, сазайын оқсатып берген кісі, көнбей өтем зұлымдардың кәріне, андыздаған жыртқыш аңдай зәлімдер, басынады бәрінде, әлсіздердің зәре - иманын ұшрып, жүргізбеді-ау жөніне. Адам біткен қанішерден торықты, талай дана сұлық түсіп ажалмен жолықты, деп көкірегі ұлып, жүрегі жылап тұрса да кішіреймей тостағандай ауылдың тірілеріне ұлттық өнеге, бабалардың өсиет ақылын айтудан шаршамады.

- Әулие айырықша дара біткендерден де, жұмыр жерге танымал көсемдерден де, ақын, шешендерден де бірен- саран ұрпақ қалса басын тасқа ұрып, көзіне көк шыбын үймелеп азып, тозып жоқ болатыны жаратқанның бір құпиясы ма? Маркс, Энгельс, Лениннен тұқым қайда? Ондаған қазақ ұлыларының тұқымы қайда, неге әлемге жарқырап шықпайды? Ол- ол- ау, мен шыр етіп өмір есігін ашқанда қазақ даналарының бірі Мыржақып Дулатов «Өз еркі өзінде жоқ бір кісіге құлдық қандай болса, бір тайпа жұрттың еркіндігі болмауы одан мың есе жаман» - деген екен. (Т.Қ) Адам қанына саясаттың араны ашылғанда халық жауысың деп әкемді 1937 жылы түрмеге айдатқан өз туыстарымыз ғой, Сталин келіп қолына кісен салған жоқ. Бұғанасы қатпаған бала қалды, жаудың баласы деп сұқ саусаған шошайтып құлмінезділер қызынып жүрді. Осындай опасыздар ортасында үмітті жоғалтып, үнемі сескенумен қара түнекте басын қорғаудың өзі қандай ауыр десеңші. Сол опасыздар ұрпағы қасіретті білмей өсті, олардан кеменгерлік шығар ма?

- Опасыз, сатқындардың тамыры тереңде ғой, сонау патшалы ресейдің отарлық езгісінің қанды қысымы, оны артығымен жалғастырған қызыл империяның қан құстырған зұлматы, қазақ ұлтына мақсат қойғызбады, үміт еткізбеді, сенімді ұмыттырды, кісілік, ұлттық ерекшелікті жойды, - деп Қонганбай әулие таң алдында тайып түсетін әлсіз сәуледей өзінің басынан да сүргінде бақытының нұры сөніп, үміті үзілгеніне уын жайған үрейдегі қорқақ туыстардың зәбірін ойлады ма толқып: «Осынша ұзаққа созылған қанқұйлы жылдарда жүдеубастар, қалтырап, дірілдеген қорқақтар өң – сөлсіз жүргендей әлсіздерге тас кенеше жабысты. Өзі көлеңкесінен қорыққандай болса да сталиншілмін деп елірді. Бір әйелдің ышқырынан бір уыс бидай тапса есі ауысқандай еліріп жаусын деп шыға келді. Ондайда ауыл мұғалімі Шалабай ғана: «Сталин майдангерлердің жанұясына зорлық, зомбылық көрсеткендер қылмыскер атансын» дегені бар деп тоқтау салып жүрді. Құлдық ұруға қорланумен өкініп, амалсыз үрейге үйренгендер билік алдында үн шығаруға тиісті еместей еді.

- Көз алдымда соғыстан оралған Қыздарбайдың бүрісіп махббатынан бір жола айырып өкініп отырғаны, - дегендей болды әулие. «Тоқсаны кетіп майданға, тоғызы жаралы боп оралған ауылда шүкіршілік бар-тын. Қыздарбай екі қолы, екі көзінен айырылып келді. Бірде «Шоңқайлы» көлінің жағасында қалыңдығы Назгүлмен әңгімелесіп отырды-ау. Жауынгерлік жолын әңгімеледі. Ерлігін айтты. Кенет Назгүлдің жүрегін ібіліс шайқап қалды ма, шошаң етіп Қыздарбайға: «Қара тереңге итеріп жіберсем малтып шыға алар ма едің? - деп қалды. Сол сәтте Қыздарбайдың миына жау минасы жарылғандай әсер етті ме, қара тереңге құлап кете барды, бір батып, бір шығып жүргенін көрген Николай құтқарды. Николай да соғыстан бомба жанына жарылғанда тілі байланып, ақыл, есінен айырылып елге келген-ді. Бұл оқиғаны естіген Қыздарбайдың анасы Жақия төркініне ұлын ертіп барды. Назкен деген сіңілісіне сөз салды.

- Еркектің ізіне зар болып отырғанда... көзсізге көз боламын, қолсызға қол боламын деп ерлік танытып тұрмыс құрды. Қойыны құтты болып ұрпақ өсірді. Ерге бақтың да, қасиеттің де тұрақтауына әйелдің біраз үлесі бар. Данышпанды да, кеменгерді де, батырды да, ақын, шешенді де тәрбиелейтін бірен-саран көкірегінде жын шайтаны жоқ, төсегі таза, қойыны құтты , тегі асыл аналар болған. Бірақ күні үшін, күйкіде болса күйеуім деп сұм-сұрқиядан да ұрпақ өсіріп біссімілдасын ұмытқандар да, ібілісті кеудесіне қонақтатқандар да жетерлік.

Бүгінде жер байлығының жайсаңы аталған «Жетікөл», «Жекенді» аймағы неше алуан тегеуірінге кездесіп, талай-талай ұйтқымалы жылдарды өткізіп көлдерден, өзеннен су тартылып жүдегеніне өкініп қапаланасың. Пенде емеспіз бе, түнде түсіңде де елітесің кейде. Батыр боп жұлқынар едің, түп тамырың алыста қалған, кеменгер болып жұлдыздай жарқырар едің, тектілігің ғасырдан ғасырдың тасасында қалған. Таңдайы жарылған шешен болғың келер еді, тарихыңды түгендеп болған жоқсың. Ұлттық ұлы тұлғалардың сарқылмайтын теңіздей толқыған ақылы әлемге тарап еді, оны да игеріп болған жоқсың. Ақ сақалды абыз түк армансыз елді көргендей таңырқап Ойыл өзенінің суына қолын салып салқындатты да қасындағы ел айтқышынан:

- Тарихыңда талай ақын, талай дана, талай тұлғалы кеменгер шыққан елде кімің бар жалпақ жұртқа танытатын? - деді.

- Бар ғой, болмаса болар, тектіліктің оралуына әлі кем дегенде жиырма бес жыл керек. Оған дейін шыдаймыз, толымызды төкпей, ортамызды шайқамай, рынок дауылы қысқанда шаңырағымызды шайқалтпай сақтап қалдық Ойылдан шыққан капиталистік байлар бар, кеменгер болмаса да барлығымен еленген, - деді де айтқыш көзін жыпылықтатып Қонғанбай әулиеге қарағандай болып:

- Жаратқан иемнің құдіреті шығар, әлемдік кеменгерді ғасырлардан ғасыр өткізіп біріндеп беретін сыңайлы. Содан кеменгері аз елде көсемсымақ пайда болып жұмыр жерді де өзімдікі, байлығы да менің қазынам деп Ібілісті құшақтап желпінбей ме? Ауыл ғана емес, жұмыр жердің қасіретін жеңілдететін кеменгерде киелі ананың құрсағы аман болса жылдар өте адамзатқа аңыз боп келе жатар. Тыныштықтың ата жауы, қанды ауыздар да көсемсіп жүріп, тас мүсінге айналып өз үрейінен өзі тұншығып қара жерді жастанғалы қашан. Ұлтымыздың тектілігін жалмауыздай жалмағандар да топырақ қапқалы қашан. Әулием, бүгінгі елімнің жақсылық ажарына сүсініп кеменгер шығар деп үміттен.Айтпақшы, үрейлі қоғамда ана құрсағында қорқып, зәресі қалмай, ішіп асқа, киіп киімге жарымағандардың ұрпағы жағыну, табынуды тез меңгереді екен. Жақсылық пен жамандық арпалысы өмір болғасын жалғаспай тұрмас, сірә. Бірақ, асқақ қиялымды әлем естісін деуіме бүгінде қақым бар. Әулие баба, болашақ кеменгеріңе пана бол, кейбір әйелдер америкаша желігіп жүріп түсік тастайтын зұлымдық әдетті тауып жүр... Кейбір әйелдің шашының әрбір талының арасында шайтан тұрады деуші еді, оны үркіт, түсінен шошыт... 

Ұқсас материалдар