Қандастар Ассамблея

TEDхYesil 2014 қалай өтті?

28.01.2015 4954
20 желтоқсан күні Астана қаласында TEDхYesil конференциясы өтті.

20 желтоқсан күні Астана қаласында TEDхYesil конференциясы өтті.  Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл конференцияның биылғы тақырыбы: «Жаңа Қазақстан тарихы». Осы негізгі тақырып аясында 9 спикер сөз алып, өз саласындағы идеяларымен, жүзеге асырып жүрген жұмыстарымен бөлісті. 

Конференция атауымен бейтаныс адамдар үшін қысқаша түсіндірме бере кетейік.

TEDхYesil дегеніміз не?

TEDхYesil сөзіндегі түбір сөз – TED. Ең алдымен осы ұғымға тоқталған жөн.

TED, яғни Technology Entertainment Design – бұл «Таратуға лайықты идеяларға» (Ideas Worth Spreading) арналған жоба. Жыл сайын өтетін бұл конференцияда әлемнің озық ойшылдары мен қайраткерлері 18 минут ішінде өз ойымен бөліседі. Кейіннен олардың сөйлеген сөздері TED.com сайтына салынып, оны интернетке қолы жеткен кез келген адам ақысыз көре алады.   

Әртүрлі уақытта TED конференциясында: Билл Гейтс, Эл Гор, Джейн Гудолл, Элизабет Гилберт, Сэр Ричард Брэнсон, Гордон Браун секілді тұлғалар сөз сөйледі. Аз ғана уақыт ішінде бұл жоба әлемнің білімге құштар адамдары арасында үлкен танымалдылыққа ие болып, оның жергілікті нұсқалары пайда болды.

TED сөзіне х жұрнағы арқылы жергілікті атауды қосып, конференцияны белгілі бір аумақ жұртына арнап өткізуге болады.

TEDхYesil – дәл осы негізде жасалған жергілікті конференция.

Кешегі іс-шараға қайта оралайық

Ең алғашқы болып «Теңгенің кешегі тарихы, бүгінгі жағдайы және болашағы» атты тақырыпта ортаға Ұлттық банкіміздің тұңғыш төрағасы Ғалым Байназаров шықты. Төл валютамыздың қандай жағдайда айналымға енгенін әңгімелеген Байназаров мырза теңгеміздің бүгінгі ахуалына да біршама тоқтала кетті. Сондай-ақ, тақырыпта көрсетілгендей, теңгеміздің болашағы да атаусыз қалмады.

Қызықты факт: Теңгені алғаш шығарғанда 1 доллар 4,75 теңгеге бағаланды.

Одан кейін ортаға «Нұр Отан» Қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбек шығып, «Жаһандану жағдайындағы жалпыадамзаттық құндылықтар» тақырыбында теориялық білімге толы мазмұнды баяндама жасады.

Баяндама барысында Нұрбек Саясат қазақстандықтар арасында құндылықтар жүйесіне байланысты үлкен сауалнама жүргізілгендігін жария етіп, оның алғашқы нәтижелерімен бөлісті.

TEDхYesil конференциясының ақпараттық демеушісі - «Қазконтент» АҚ 

Үшінші спикер – тарих ғылымдарының докторы, археолог Зейнолла Самашев. Ол «Берел қорғандарының» тарихы жайлы сөйледі. Егер «Алтын адам» туралы екінің бірі білетін болса, Берел қорғандары жайлы қарапайым жұрт біле бермейді. Сақ тайпасынан қалған жүздеген артефакт табылған Берел қорғандарын алғаш тапқан да осы Зейнолла Самашев.

Кезекті сөз «Segment Interactive» технологиялық инкубаторының негізін қалаушы Санжар Кеттебековке тиді. Өзге спикерлерден ерекшелігі сол, Кеттебеков мырза Қазақстан мен АҚШ-тағы стартап және стартапер түсініктеріне салыстырмалы талдау жасады. АҚШ-та білім алып, сол елде үлкен жобаларды жүзеге асырып жүрген Санжар Кеттебеков, стартапер болудың тиімді жолдарын көрсетті.

Дияз Байсеитов өзінің күн энергиясын жинайтын аппаратын ұсынып, оның қалай жұмыс істейтінін түсіндіре кетті. Дияз Назарбаев университеті жүйесіндегі NURIS пилоттық технопаркіне жетекшілік етеді. Оның «KunTech Power» гелиоколлекторлерін өндіру жөніндегі жобасы жоғары бағаланып, АҚШ-тағы атақты Силикон аңғарына бизнес-акселерациясы бағдарламасы бойынша барып қайтқан.

Тыңдарман қауымға ең үлкен әсер қалдырған спикер – Балия Кенжеболатова. Балия «Ана үйі» қоғамдық қорының атқарушы директоры. Қор тағдыр тәлкегімен қиын жағдайға тап болған 15 пен 25 жас аралығындағы аруларымызға көмектесумен айналысады. «Ана үйі» қажетті психологиялық қолдау мен көмекті көрсетіп, консультация береді, сондай-ақ тұрғылықты жай, кішкентай бүлдіршін үшін киім береді және медициналық тексеруден өткізеді.

Конференция «Kaztube» бейне порталы арқылы онлайн көрсетілді

Балия қызық оқиға айтып берді. Жетімдер үйіне өткізілейін деп тұрған баланы «Ана үйі» өз қамқорлығына алып, көп уақыт өтпей, жас-ата жан жақты ойланып, өз бүлдіршінін қайтарып алған екен. Мұндай жағдайда бұл қордың артықшылығы сол, баланы ата-ана еш қиындықсыз қайтарып ала алады, құжатпен сандалып жүгірмейді, құзыретті адамдардың тиісті шешімін қажет етпейді.

Жетінші болып «Аржан» қоғамдық қорының атқарушы директоры Қасиет Омарова сөз алды.  Бүгінде ол «Аржан» қоры арқылы еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға түрлі деңгейде көмек көрсетумен айналысып келеді. Қасиет бұл іспен кездейсоқ айналысып жүрген жоқ, ол өзге адамдарға қарағанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыздың жағдайын өте жақсы біледі, сезінеді. Себебі, өзі де табиғаттан берілген сезім қабілеттерінің бірінен айырылған. Экономика мамандығы бойынша жоғары білім алып, белгілі бір уақыт жұмыс істеп үлгерген Қасиет 23 жасында жарақат салдарынан көру мүмкіндігін жоғалтты. Бірақ қайсарлы қыз Қасиет бұл тағдырға көнбей, өз өмірін одан әрі жалғастырды және жәй ғана емес, үлкен миссиямен жалғастырды.

Әнші, дыбыс режиссері, саунд-продюсер Ақмарал Зықаева өзінің «Qazaq Loungе» жобасымен таныстырды.

Ақмарал қазақтың дәстүрлі әндерін ерекше форматта қайта жаңғырту мақсатында жаңа жобаны бастап, оны сәтті аяқтай білді. Ақмаралдың айтуынша, қазақ мәдениетін, тілін, музыкасын дамыту мақсатында жасалған әрбір дүниені сәнге айналдыра білу қажет. Тек сонда ғана адамдар біздің төл мәдениетімізге назар аударады.

Соңғы болып, өзінің мағыналы суретімен халық арасында үлкен танымалдыққа ие болған Аңсаған Мұстафа сөйледі. Соңғы екі-үш ай ішінде Аңсаған «Сөйле, сурет!» атты көрмесімен Қазақстанның бірнеше қаласын аралап, өзінің тушь пен қылқалам арқылы салынған ерекше туындыларымен халықтың ризашылығына ие болды. Аңсағанның суреттерінің ішінде «Анам мені өлтіретін шығар» туындысы 15-тен аса тілге аударылған екен. Суретші әлеуметтік тақырыпта салады.

Қорытынды ретінде

Мұндай конференциялардың көптеп болуы қоғам үшін, жастар үшін өте пайдалы. Іс-шара ұйымдастырушыларына алғыс білдіреміз! 


Дәурен ОМАРОВ

Ұқсас материалдар