Тайпалық одақтар құрамындағы тайпалар тіке қағанға қарайтын

23.08.2014 3227
Тайпалық одақтар құрамындағы тайпалар тіке қағанға қарайтын

Б. з. бірінші мыңжылдығы басталып, Ұлы Даланың бұл тарапындағы ең зор билік ірі ел Түрік қағанатының қағанына шоғырланғанда, кешегі тайпалық одақтар құрамындағы тайпалар тіке қағанға қарайтын, көбінесе бұрынғы тайпалық одақ атынан (мысалы Үйсіннен) гөрі, бұрын оның ішінде болып, кейін күшейген тайпалардың аты жиі де тіке шығатын заман туған. Біздің бұдан былай, Үйсін дегенді сирегірек, ал оның кешегі құрамындағы (Дулат, Албан, Шігіл, Ысты, т. б.) тайпалар атын жиірек кезіктіретініміз осыдан. Демек бұл үйсіндердің жоғалмағандығы, қайта өсіп- өнгендіктен құрамындағы тайпалар атымен де тарих сахнасына шығып жүргендігінің дəлелі.

Осы арада тағы да тілге оралады. Археологиялық қазындылардан шыққан(түрікше жəне басқа) жазуларға негізделіп бұл өңірде түлен текті тайпалар жасаған дегенге айтар дау жоқ. Алайда ондай жазуы шықпаған, бірақ былайғы өмір мен бүгінгі шындық осыншалық көп тайпа, көп жұрт барын дəлелдеп отырғанда, түрік, т.б. тілділерден өзгелер ол заманда бұл (жазулар шықпаған) маңда жоқ еді деу дұрыс болмайды, əрине. Осыған қарағанда да, алғы бөлімде көрсетілген картадағыдай, сақтардың түрік тілділері тек (Есік сықылды жерлеріне жүргізілген археологиялық қазбадан түрік тілді мəтіндер шыққан) ежелгі Үйсін аумағында ғана емес, одан шығысқа не батысқа қарайғы талай өңірде де өмір сүргендігі тағы бір рет айқын көрінеді.

Шюе Зұңжың “ XI ғасырдың оқымыстысы Гардизидің шығармасында тоғыз оқ телінің (тоғыз оқ оғыздың) көсемі туралы аңыз жазылған”дей келіп, сол аңыздағы əйгілі Күлтегінді, оның шешесі Арчынды, өзге анадан туған ағасының қаған екенін, оның Күл тегінге қастық қылғанын, бірақ оның өлмей қалып, тоғыз оқ оғыздың астанасы Азылда (кей əдебиеттерде Азал - Қарашəр) тығылып жатқанын, кейін Бесбалықтан қол жиып, қағандықты тартып алғанын сөз етеді. Бұл маңайдың Үйсін аумағы екені сізге белгілі. Бұл арада, “Қарашəрдің” мағынасы “үлкен қала” екені еске түсіп, Арчынды Ашинамен бір кісі ме деп те қаласыз.

Басты сөзімізге қайта оралсақ, сөйтіп жоғарыда қысқа қайырғанымыздай, былайғы кезде, Түрік Қағанатын Түменнің (Бұмынның) ұлы Ыстық Қара хан (553-554 жылы), немересі Мұқан (Сижин, 554-572 жж.) қағандар басқарды. Кей əдебиеттер одан кейінгі сөзді: “Б. з. 572 жылы Мұқан қаған қайтыс болады. Мұқанның ұлы Таспар (Тобо) қаған мұрагер болып таққа шығады. Таспар он жыл ел билеп барып дүниеден өтеді. Таспардың орнына шыққан мұрагері Яллучынға Мұқанның Төремен дейтін (заты төмендеу əйелінен туған) ұлы тым бағына қоймайды. Тақ таласы басталады. Оған күшінің жетпесін байқаған Яллучын тақты Түменнің немересі, Таспардың ағасы Құрар Ешкіннің ұлы Шатоға береді. Ішпара қаған ныспымен таққа шыққан Шато Төременді Апақаған деп атайды. Бірақ Ішпара қаған қатігез болған көрінеді. Сөйтіп оған тайпалар наразылығы күшейе түседі. Осы кезде Түрік қағанатының батысын билеп жүрген Тардұш, Істемі жолымен жүре келе, күшейген болатын” деп те жалғайды.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Ұқсас материалдар