Қандастар Ассамблея

Тараз қаласы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға дайын

05.10.2015 5926
Қазақ хандығының 550 жылдығына Тараз қаласы қызу дайындалып жатыр.

Қазақ хандығының 550 жылдығына Тараз қаласы қызу дайындалып жатыр. 8-10 қазан күндері Тараз қаласында өтетін мерейтойға байланысты іс-шаралар жоспары жарияланды. 

Республикалық дәрежеде өтетін шараны ұйымдастыруға барлық облыс атсалысып жатыр. «Таразда мерейтойлық шараны мерекелеуді ұйымдастыруға елдің барлық өңірлері белсене қатысты. Павлодар облысы Тәуке хан көшесіндегі көпір айрығын безендірудің бірегей жобасын орындады. Қостанай және Қызылорда облыстары бірлесіп, «Қарахан» кесенесі тарихи ескерткіші жанында аллея жасады. Алматы облысы Жамбыл Жабаев атындағы алаңды абаттандыруға өз үлесін қосты. Мерейтойдың әзірлік жұмыстарына жамбылдық кәсіпорындар, ұйымдар, жеке адамдар қатысты. Олар көшелер мен ғимараттардың қасбеттерін  жөндеп абаттандырды, сондай-ақ мерекелік шаралар өткізу жоспарланған нысандардың материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстарымен айналысты», – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов.

Тараздың кіреберісінде орналасқан «Қазақ хандығы» монументі қазақ мемлекеттілігінің тарихи маңызын айғақтайды. Мүсіндік композицияға ақ мәрмәрдан жасалған 27 метрлік стела және Керей мен Жәнібек хандардың 5 метрлік мүсіндері кіреді, олар сонадайдан жақсы көрінеді және қаланың батыс бөлігіныі ландшафтылық панорамасын айшықтайды.

«Қазақ хандығы» монументін, «Ежелгі Тараз» мұражайын, этномәдени орталық салуға,  облыстық драма театрын күрделі жөндеуге облыс бюджетінен 768 млн. теңге  жұмсалды. Мерейтойды өткізуге Үкімет резервінен 2,9 млрд. теңге бөлінді. Қазақстанның өңірлері Тараздағы нысандарды жаңғыртуға 870 млн. теңге қаржы қосты. Біз сондай-ақ демеушілермен белсенді жұмыс жасадық, олар 860 млн. теңгедей көмек берді.

Облыс әкімінің орынбасарының айтуынша, «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументінің салтанатты ашылу рәсіміне бес мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтары жиналады. Монумент маңында 3,5 гектар аумақ абаттандырылып, гүлзар жасалған және автотұрақ салынған. Ескірткіштің өзін даярлап, орнатуға 350  млн. теңге, аумақты абаттандыруға және автотұрақ ұйымдастыруға - 177 млн. теңге бөлінді.

Бүгінгі күні монументті орнату және оның маңындағы аумақты абаттандыру жұмыстары 98 пайыз аяқталды. Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу биылғы жылы елдің барлық өңірлерінде өтуде. Бұдан 550 жыл бұрын Жайсаң шатқалында, Талас және Шу өзендерінің аралығында Керей және Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығының іргесін қалаған болатын, Жамбыл облысында, 7, 8, 9 қазан күндері осы айтулы мереке кең ауқымда аталып өтеді.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Ұқсас материалдар