Қандастар Ассамблея

Таманың белгісі

05.09.2014 4376
Қазақстан тарихы

Қазақтың өткені мен кеткенін зерттеп жүрген алаштың озық ойлы азаматтары қазақтың ру-тайпаларының тарихын түгендемей, қазақтың тарихын түгендеу мүмкін емес деп есептейді. Тіптен, олар рулардың қатар жатқан елді жаулап алу арқылы малының өрісін, өзінің қонысын кеңіту арқылы бүгінгі Қазақстан мемлекетінің жерін ұлғайтты, сақтап келді деп есептейді. Олар қазақтың ру-тайпаларына таңба үлестірудің бірнеше мысалын келтіреді. Бірақ, нақты қайсысы екеніне дәл дәлел таба алмаған. Оның ішінде, бір қызығы Шыңғысханның өзіне бағынған көптеген билерге «таңбалар», «ерекше құстар», «ерекше ағаштар» үлестіргенін айтылады. Осындай белгілер алған билердің ішінде, кейіннен қазақты құраған тайпалардан Қоңырат Саңғыл би, Майқы би, Тамьян би, Керейт би тәрізді кісілер бар. Бірақ та, олардың ханнан алған таңбалары қазіргі қазақ руларының таңбаларына сәйкес келмейді. Тамьян биге берілген таңба: ∽ . Ал, қызығы 1867 жылғы И. Казанцевтің көрсетуінше Таманың бір таңбасы ретінде осы таңбаны меңзеп, көрсетеді. Бұл таңбамен Бөкей Ордасы құрамына енген Тамалар таңбаланатындығы баршаны таң қалдырады. Тіптен, олардың Шыңғыс заманынан бұл таңбаны иемденіп келе жатқанын аңыз қылып айтатыны да бар екен. Шыңғыс Тамьян биге: «Әй, Тамьян би, сенің ағашың - терек, құсың - қарға, ұраның - Тұтыя, таңбаң - ілгек болсын» депті. 15 бидің ішінде Қыят биден соң Тамьян бидің аты аталған» деп жазады «Тама» кітабында.  

Шыңғыс ханның Тамаға берген ағашы – Терек. Терек дегенде Чешен елінің ортасын қақ тіліп ағатын Терек өзені ойға оралады.

Чешендердің ұлттық туына Көк бөріне бейнелеп, «Шыққан жеріміз Алтай тауы, Көк бөрінің ұрпағымыз» дейтіні тұңғиық сезімге жетелейді. Ежелгі аңызда қазақтың ханының баласы Ардақтың қазіргі Дағыстан жерін билегені, жіберген елшілерді мазақ қылып, мен осы елдің баласымын деп шалжиып жатқанында, амалы таусылған қазақ елшісінің торсық ішіне нығыздап салған жусанды тіліп алып бергенде иісіне елтіп, көзінің жасы көл болып, астындағы тағын, артындағы тау елін тастап еліне оралатын Ардақ ханның ерлігін есіңе аларсың. Ол да осы Кавказ елінің дүрі еді. Біз – Енисейден, Алтай тауларынан тараған, көк бөріні пір тұтқан елдің ұланы екендігіміз мақтанышпен айтарлық.

 «Жалпы, қазақтың енші бөлісіп, таңба үлестірген уағын, қатпарлы тарих беттері – Ормамбет хан өлген соң, Майқы би бастаған он екі бидің руларға таңба үлестірген, Ноғайлы Ордасының ыдырау кезеңіне апарып қояды. Міне, қазіргі қазақ халқының жүрегіне жақын жорамалдың да осы болуы, «Түгел сөздің түбі бір, сөз атасы – Майқы би» деуі де осыдан болса керек.

 Ал, енді Орхон-Енисей жазбаларындағы 38 әріптің 29-ы бүгінгі қазақ руларының таңбасына ұқсас екендігі талайларды таң қалдырған. Таңбалардың бір-біріне ұқсастығынан, сол тайпалардың шыққан тегінің бір екендігін білдіретіндігі ғалымдарды бейжай қалдырмаған. Мысалы, «шылбыр», «көсеу» таңбалы рулар қатарына Ұлы жүздегі - Қаңлы, Ысты, Кіші жүздегі – Тана, Алаша, Телеу, Табын жатады. «Әліп» таңбалы руларға – Орта жүздегі Қыпшақ, Кіші жүзден – Тана, Тама жатса, «Тарақ» таңбасы жоғарыдағы «ноқта ағасы» атанған руларға тиесілі» деп жазады «Тама» кітабында. 

«Таманың Жөгі бұтағының таңбасы ретінде├ бейнелейді. Бұл «көсеу» мағынасын білдіреді» деп жазады Мұхамеджан Тынышпаев өзінің «Великие бедствия...Ақтабан-шұбырынды» атты еңбегінде.  

Демек, «Әліп» таңбасы Әліп бұтағына тиесілі болғаны да. «Тама - Табын бір туған» деген мәтелдің бұрыннан ел арасында айтылып келе жатқандығына назар салар болсаңыз, олардың «тарақ» таңбасын егеленуі де заңдылық болуға тиісті. Ал, Тананың Тама батырдан туғанын, одан Нәріктің туғанын «Қырымның қырық батыры» жырында айтылады. Ғалымдар Тана руының Тамадан бөлініп шыққандығын осы жыр арқылы біліп, таңданыстарын білдіріп те жүр. Басқа бір аңыздар, жырлар бұл дәлелді бекіте түспегенімен, Тананың «Әліп», «көсеу» таңбалы екендігіне қарап-ақ, оның «әліп», «тарақ» таңбалы Тама мен «тарақ», «көсеу» таңбалы Табынмен үндес ел екендігі, бір сүйменнің сабынан жаралған ұл екендігін аңғарасыз. Тарихтың жұмбағы көп-ақ.

Нұрлан Рахымжанов 

Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма

Ұқсас материалдар