Қандастар Ассамблея

Табысқа жеткен ирандық фильмдер

14.08.2015 4789
Халықаралық кинофестивальдерде, тіпті Оскар жүлдесін де иеленіп жүрген Иран фильмдері бар.

Халықаралық кинофестивальдерде, тіпті Оскар жүлдесін де иеленіп жүрген Иран фильмдері бар.

Балаларға арнап түсіргенмен, үлкендерге де ой салатын фильмдер бар. Ирандық режиссер Маджид Маджиди түсірген «Аспан балалары» атты фильм сондай.

1999 жылы Оскардың «Ең үздік шетел фильмі» номинациясын ирандық режиссердің «Аспан балалары» атты туындысы жеңіп алады. Фильм бірнеше отандық телеарналарымыздан көрсетілді. Иран фильмдерінің ішінен озық шыққан картина бұл ғана емес, Оскардың «Ең үздік шетел фильмі» номинациясын 2012 жылы Асгар Фархадидің «Надер мен Симиннің ажырасуы» атты фильмі де жеңіп алған еді.

Балаларға арналған фильм түсіру өте қиын деседі. Өйткені, балалар рөл сомдаған кезде камерадан жасқанып, кадрда толқып, кейіпкерін жасанды қылуы мүмкін деген сыңайдағы қиындықтар болуы мүмкін. Бірақ, «Аспан балалары» фильмінде режиссердің үлкен еңбек атқарғаны көрініп тұр. Әли мен Зухраның басынан кешкенін жасырын камерамен түсіргендей өте шынайы картина жасаған.

Фильмді түсірушілердің ойлағаны толықтай жүзеге асты деуге болады. Балалардың періштедей тазалығы, кедей адамдардың адалдығы, қиын сәттерде де Адам болып қала білуі... Фильмде осының бәрі керемет суреттелген.

2013 жылы Алматыда 9-шы Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтті. Орталық Азиядағы жалғыз кинофорумның бас жүлдесінен биыл 12 картина үмітті болды. Арасында ирандық «Уайымдама, Сара» атты фильм де болды. Кинофестиваль қорытындысы бойынша «үздік әйел рөлі» Елахе Хизари атты «Уайымдама, Сара» атты фильмнің актрисасы жеңіп алды. Иран киноөнерінің үлкен мектебі қалыптасып, әлемдік деңгейдегі фильмдер түсіре алатынын осыдан аңғаруға болады. Олардың әрбір фильмінде адам құндылығы, адамгершілік тақырыбы көркем түрде көрсетіледі.

Назарларыңызға Оскардың «Ең үздік шетел фильмі» номинациясын жеңіп алған ирандық фильмдерді ұсынамыз.


«Аспан балалары»
«Дети небес»
«Bacheha-Ye aseman»
(1997 жыл)



Елі: Иран
Режиссер: Маджид Маджиди
Жанры: драма, отбасы
Басты рөлдерде: Мухаммад Амир Наджи, Амир Фаррух Хашемян, Бахаре Седдики, Нафизе Джафар-Мухаммади..

Сюжет

Үшінші сыныптағы Әли қарындасы Зухраның туфлиін жөндеуден алып, үйге қайтар жолында аяқ астынан жоғалтып алады. Енді не істеу керек? Қарындасы мектепке бара алмайды ғой. Анасының ауруынан әкесінің ғана тапқан-таянғанына зорға күн көріп отырған отбасы жаңа аяқ киім ала алмайды. Әли Зухрамен келісімге отырады, екеуі оның кедиін кезек-кезек киетін болады: Зухраның сабағы — таңертең, Әлидікі одан соң басталады. Алайда мұндай жағдайда мектепке уақытында жету үшін желаяқтай жүгіруің қажет…

 

«Надер мен Симиннің ажырасуы»
«Развод Надера и Симин»
«Jodaeiye Nader az Simin»
(2011 жыл)
 
Жанры: драма, отбасы
Режиссері: Асгар Фархади.
Басты рөлдерде: Пейман Моаади, Лейла Хатами...

Сюжет

Надер мен Симин жақсы өмірді армандап, қызының болашағын ойлап Ираннан кеткісі келеді. Бірақ жеме-жемге келгенде Надер елде қаламын деп шешеді. Өйткені үйінде науқас әкесі бар еді (альцгеймер дертіне шалдыққан). "Ол сені ұлы екенін тіпті білмейді де!" деген Симинге "Есесіне ол менің әкем екенін білем" деп жауап береді. Симин ажырасуға өтініш білдіреді, бірақ сот 11 жастағы қызымен басқа елге кетуіне рұқсат етпейді. Қызы соңына дейін анасын райынан қайтар деген үмітпен жүреді. Осы бір сәттерде түрлі қиындықтар болады, тіпті бір отбасының машақатына тағы бір отбасының қиындығы араласып, оқиға шиеленісе түседі.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Ұқсас материалдар