Қандастар Ассамблея

Тұжырымдаманың қағидаттары

01.03.2014 2198
Астана қаласының ономастикалық ахуалын қалыптастырудың өзіндік қағидаттары бар.

Астана қаласының ономастикалық ахуалын қалыптастырудың өзіндік қағидаттары бар. Қазақстанның дамуындағы тарихи белестер қазіргі кезде қоғамтану ғылымында жан-жақты көрініс табуда. Олардың ғылыми нәтижелері ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында» еңбегінде байыпталған болатын. Осы еңбектің басты нәтижелері мен қорытындыларын негізге ала отырып, Елбасы көрсеткен тарихи кезеңдердің басты оқиғалары мен тұлғалары осы Тұжырымдаманың қағидаттарын қалыптастырады. Соған орай Астана қаласында ежелгі түркі, қазақ хандығы, отарлық, тоталитарлық жүйе, Алаш қозғалысы, кеңес өкіметі кезеңдеріндегі тарихи үдерістердің болмысы көрініс табуы қажет. Бұлардың қай-қайсысында болмасын ел мен жер азаттығын сақтауға, ұлттық табиғатымызды және ұлттық бірегейлігімізді қалыптастыруға, халқымыздың өміршең рухани мұраттарын шыңдауға ілгерінді үлес қосқан оқиғалар, ірі тұлғалар болғаны ақиқат. Міне, ұлтымыз үшін, мемлекетіміз үшін маңызы ерекше осындай тарихи оқиғалар мен ерен тұлғалар есімдері ел астанасында құрметтелуі тиіс. Осыны ескеріп, Астана қаласындағы нысандарға, даңғылдар мен көшелерге, алаңдар мен гүлзарларға маңызы жалпыұлттық деңгейдегі тарихи оқиғалар мен тұлғалардың есімдерін беру Тұжырымдаманың басты қағидаттарының бірінен саналады. Ономастикалық атау ретінде адам есімдерін ұсынуда олардың жалпыұлттық деңгейдегі айрықша еңбектері басты назарға алынады. Тұжырымдаманың келесі қағидаты – Қазақстанның жер-су атауларын беру. Астана еліміздің бас қаласы болғандықтан соған орай Қазақстанның мәдени, географиялық келбетін беретін атаулар болуы тиіс. Мұндай атаулар беруде олардың байырғылығы, тарихи мәні және танымалдылығы ескеріледі. Қала нысандарына халқымыздың тарихи дамуының әр кезеңінде саяси, рухани орталық болған қалалардың, географиялық нысандардың атаулары беріледі. Сондай-ақ қаланың ономастикалық нысандарында қазақ халқының салт-дәстүріндегі, дүниетанымындағы байырғы атаулар және қазіргі заманға сай сол нысандардың болмысына сәйкес атаулар көрініс табуы керек. Қазақстанның мәдени дамуына үлес қосқан өзге ұлт өкілдерінің есімдері де назардан тыс қалмауы тиіс. Сонымен бірге жалпыадамзат тарихында ұлықталатын әлемдік деңгейдегі тұлғалардың есімдері де қала ономастикасынан өзіндік орын алады.

Жоғарыда аталған қағидаттарды ұстану үшін осы Тұжырымдаманың қосымшасы бірге қабылданады. Қосымшада Астана қаласындағы ономастикалық саясаттың басты бағыттары көрініс табады.