Қандастар Ассамблея

Тәжіктердің салт-дәстүрлері

29.05.2014 22615
Тәжіктердің салт-дәстүрлері

«Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі. Бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы.» Бұл елбасының биыл 17 қаңтарда Қазақстан халқына жолдауынан. Ия, қазақ жерінде 130 астам ұлт пен ұлыстың өкілдері болса, олардың көбісі елбасы атап өткендей тілі мен мәдениеті ортақ, тамыры бір түркі халықтары. Солардың бірі қаншама тарихтың қиын сатыларының өткеніне қарамастан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қатаң сақтап келе жатқан еліміздегі ұлттардың бірі тәжік халқы. Тәжік халқының салт-дәстүрлерінің қалыптасу кезеңдері елдің тарихи-мәдени өмірімен етене байланысты. Өзге ұлттар секілді тәжіктердің дәстүрлері қазақ халқының салт-дәстүрлерімен ұқсастықтары едәуір көп. Бұл ұқсастықтар әсіресе бала тәрбиесімен тығыз байланысты. Мәселен  бала тәрбиесіне қатысты әдет-ғұрыптар сәби өмірге келген күннен бастап өз күшіне енеді.  Қалыптасқан дәстүрлердің бірі қазақ халқындағы секілді жас босанған ананы баласы қырқынан шыққанша күтіп баптайды. Сондай-ақ ол үйге қырық күнге дейін қонақ келмейді. Бұл дәстүрдің мәні – ана мен баланың денсаулығына бей-жай қарамай, жас сәбидің еркін өсуі үшін жасалған жағдай. Бала қырқынан шыққан соң туған-туыс, ағайындарын жинап, шілдехана тойын жасайды. Тойда нәрестеге арнайы келген молда азан шақырып, ат қояды. Осыдан кейін бала болашақта елінің адал азаматы болсын деген ниетте батасын беріп, аруақтарға арнап құран оқылады.

Бұдан кейін ежелгі дәстүрлерінің бірі бесікке салу рәсімі болады. Баланың ата-анасы көрші-қолаң, қарт әжелерді жинап «бесік салу» рәсімін өткізеді. Қазақтар секілді кішкентай сәбидің бесігін, келіннің анасы жабдықтап алып келеді. Бесік арнайы ағаштан жасалынып, ою-өрнектермен безендіріледі. Егер бесікті күтіп ұстайтын болса болашақ уақытта да сол үйдің барлық бала-шағасын, немере, шөбересін де осы бесікке бөлеуге болады. Ырым бойынша бесік басқа үйге берілмейді. Бесік тойына келген әйел адамдар барлық ырымдарды жасап, баланы бесікке салып, бөлейді. Бесіктегі баланың ұйқысы тыныш, тәтті болсын деген ниетпен келген қонақтарға тәттілер таратылады.

Сондай-ақ баланың шашын алған кезде міндетті түрде «кекіл» қалдырады. Бұл балаға көз тимесін деген ырым болып саналады. Баланың жасы 4-5 жас шамасына келгенде кекіл шашын алу үшін «Шаш алу» тойын өткізеді. Той әрбір отбасының жағдайына байланысты әртүрлі өтеді. Яғни отбасының әл-ауқаты жақсы болатын болса үлкен той, орташа болса, кіші той жасалынады. Баланың шашын жасы келген, қария адам алады. «Шаш алу» рәсімі аяқталған соң үй иесі қонақтарды арнайы дастарқанға шақырып, шаш алған қарияға шапан кигізіп, сыйлық береді.

Ал баланың жасы 5-6 келгенде барлық мұсылман қауымына ортақ «сүндетке отырғызу» рәсімі өткізіледі. Тәжік халқында сүндетке отырғызылмаған бала мектепке жіберілмейді. Жалпы бұл дәстүрдің мақсаты – біріншіден мұсылмандық парызды орындау болса, екіншіден ұлдың есейгенің, ержеткенін білдіреді.

Тәжіктер отбасында берілетін тәрбиенің ең негізгісі еңбек тәрбиесі болып табылады. Баланың белі қатайып, буыны беки бастаған күннен-ақ ата-ана баларын еңбекке баули бастайды. Еңбекпен тапқан нан тәтті деп бекер айтылмаса керек, балаларын жер анасын танып білуге, егінді салып, қалай орып алуға болатынын, малды қалай күтіп-баптау керек екенін, қолөнердің әртүрлі қырлары мен сырларына машықтандырады.

Тәжік халқында ұл мен қыз тәрбиесіне де  ерекше көңіл бөлінеді. Ұл баланы жастайынан еңбексүйгіштікке, адалдыққа, адамгершілікке баули отырып, болашақ отбасында көп бала болғанын қалайды. Балалы үй базар демекші бала  келешек сол үйдің ұрпағын жалғастырушы, байлығы мен берекесі, үміт артар ұландары екенін жастайынан құлағына сіңіріп өсіреді.

Халқымыз секілді тәжік ұлтында да баланың ержетіп, отбасылы болуы ерекше қуанышпен тойланатын мерекелі күндердің бірі. Келін түсіру мен қыз ұзату тойларын да ел есінде қалатындай ерекше өткізуге тырысады. Өзге халықтармен салыстырғанда тәжік халқында отау құрған екі жастың шаңырағының шайқалуы яғни ажырасуы өте сирек болады. Отбасылы адамдар тек арада бала болмаған жағдай да ғана ажырасады.

Екі жастың отау құрып, жаңа өмірге қадам басар сәттері тәжіктерде ерекше аталып өтілетін дәстүрлерінің бірі. Олар келін түсіру үшін ұлдарына алдымен қыз таңдайды. Егер жігіттің өзі ұнатқан қызы болса, алдын-ала әке-шешесіне айтады. Болмаса жігітке қызды айттырады. Ұлдың ата-анасы ағайын-туыстарымен ақылдаса келе, орталарындағы ең пысық, сөзге шешен адамды «елші» ретінде қыздың үйіне жібереді. Елші екі жақты келістіргеннен кейін құда түсу рәсімі басталады. Құда түсуге ауылға сыйлы ер адамдар келеді. Құда түсу рәсімінде той хақында ақылдасып, тойға сойылатын малдар, берілетін сыйлықтар жағы келісіледі. Бір қызығы жігіт жағы қыздың үйінде өтетін той шығынын барлығын өздері көтереді. Екі жақ құдалар келісімге келген соң, екі жақта өтетін той күні белгіленіп, тойдың өту жоспары құрылады.

Қазақ халқы секілді тәжіктерде ұзатылатын қыздың артынан жасау апарады. Қыз жағы жасауы дайын болған соң жігіт жағына хабар береді. Келісілген күні жігіт туған-туыс, жора-жолдастарымен бірге той болатын үйге келеді. Күйеу жігітті арнайы қайың ағалары мен қайыңдары күтіп алып, қалыңдықтан бөлек үйге отырғызады. Барлық ырым, кәделері жасалынғаннан кейін ғана күйеу жігіт қалыңдығын көру құқығына ие болады. Осыдан кейін той күйеу жігіттің үйінде жалғасын табады. Келіннің беті ашылып, некесі қиылады. Неке қию рәсімінде ерекше жағдай неке рәсіміне қатысып отырған адамдар – астықтың дәнін сабақтаулы инеге өткізіп отырады. Рәсім біткен соң, жіпке тізген дәндерді ортадағы ыдысқа салады. Бұл дәстүрдің мәні – осы үйде бала, ырыс-береке, молшылық көп болсын деген ұғым.Сондай-ақ екі жастың қарым-қатынасы тату-тәтті болсын, үйден береке-бірлік кетпесін деген тілекпен некеге қатысқан қонақтарға тәттілер таратылады. Неке қиылып болғаннан кейін күйеу мен қалыңдық жолына орам-орам мата төселініп, оңаша бөлмеге шығарып салынады. Төселген матаны тойға жиналған қауым бөліп алады. Бұл - осындай «тойға жете берейік» деген ойдан туған ырым.

Осы уақыт кезеңіне дейін тәжік халқы  діни әдет-ғұрып болсын, өздеріне қатысты қандай да бір салт-дәстүрлері болсын қатаң сақтап келеді. Оның айғағы ер кісілердің үстінен әйел адамдар кірмейді, күйеуінің атын дауыстап шақырмайды. Ер адамның атын атау күнә деп саналады.

 

 

 

Гүлмира Ерубаева

Мәліметтер «Үлгілі үйдің ұл-қыздары» кітабынан алынды. Алматы 2000 жыл. Санат баспасы

Ұқсас материалдар