Қандастар Ассамблея

Тәттімбеттен қалған аңыз

17.11.2015 2822
Тәттімбеттен қалған аңыз

Күйші-композитор, домбырашы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі Тәттімбеттен қалған аңыздар бар.

Тәттімбет күйлерін насихаттаған өз інісі Жақсымбет, балалары Мұсатай, Исатай, сондай-ақ домбырашылар Н.Шынтеміров, Ғ.Айтбаев, А.Әжібекұлы, С.Қарабаева, Т.Түсіпбеков, Ғ.Кәріпбеков, т.б. күйшінің өзіндік ерекшеліктерін сақтап, күй тарту мектебіне айналдырған. Кеңес дәуірінде Тәттімбет күйлерін Ә.Хасенов, М.Хамзин, У.Бекенов, сондай-ақ М.Тілеуханов, А.Байбосынов, Ж.Нұржауов, т.б. кәсіби күйшілер орындап, насихаттады. Шоқан Уәлиханов, Григорий Николаевич Потанин, Адольф Янушкеевич сияқты оқымысты-ғалымдармен, Алшынбай, Құнанбай, Шорманның Мұсасы, Жайықбайдың Ыбырайы, Кішкентайдың Аққошкары, Сандыбайдың Ердені, Уәлиханның Шыңғысы сияқты дала шонжарларымен, Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан-сал, Жаяу Мұса, Орынбай сияқты әнші-ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяк, Шашақ сияқты күйшілермен қадірлес-сыйлас болған.

Бұл аңыз Тәттімбеттің тоқалы жайында.

Ол кезде Тәттімбет отау иесі болатын жасқа жеткенде, Мұрат руының Ақбөпе деген қызына үйленеді. Бұдан Мұсатай, Қысатай, Исатай деген үш ұл туады. Исатай 25 жасында жай түсіп қайтыс болады. Ақбөпе ерте қайтыс болады да, жылы өткен соң, Тәттімбет Абыралы елінің Бауыр Бошан руынан Байбөрі тұқымынан 17 жастағы Есім қызды айттырып алады.

Есім жас та болса, жұртына сыйлы, қадірлі болған. Үш баланы өз балаларындай тәрбиелеп асыраған. Таңсәріден ерте тұрып алып, ұйықтап жатқан балалар оянып кетпесін деп, есік алдындағы шырылдаған боз торғайларды қуалайды. Тәттекеңнің үлкен баласы Мұсатай бұдан үлкен болса да, «шешем» деп сыйлайтын көрінеді. Жалпы балаларының қайсысы болсын туған анасындай жақсы көрген. Есімді күйші «бәйбіше» деп атаған. Осы Есім бәйбішеден туған Сәуле деген қыз болған. Бірақ ол ерте жас кезінде, он екі жасында қайтыс болған.

Бүгінде Есім бәйбіше жерленген қорымда Мұсатай, Қысатай, Исатай, Сәулелер жатыр. Олардың бейіті Достар тауының етегінде Қарасор көлінің жанында. Бұл жерге жерленген себебі – Есім бәйбіше қайтыс болар кезде, өтініші бойынша, сүйретпеден түсіп қалған жерге жерленген көрінеді. Ол кез­де олар жайлауларында болған деседі. Қайтыс болған Есімді сүйретпеге салып, қыстауға қарай жүреді. Сонда сүйретпеден түсіп қалған жері осы Қарасор көлінің жанында екен. Қазір де бұл жер «Бәйбіше бейіт» деп аталады.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Ұқсас материалдар