Қандастар Ассамблея

Түрікшілдік дегеніміз – қазақшылдық

24.09.2014 4041
Түрікшілдік дегенннің қазақшылдық дегеннен айырмашылығы жоқ.

 Мен марқұм доктор Риза Нұр айтқандай: «Ең үлкен мақтаныш – түрік тұқымды болып жаратылғаным» деп сенетіндерденмін. Бұл жерде «Түрік деген кім?», «Түрік тұқымдас деген кім?», «Түрікшілдік деген не?» деген сауалдар ойға оралары хақ. Тарихшы ғалымдардың көбі: «Түрік өте көне және дамыған мәдениет иесі, жігерлі, сабырлы да өте отансүйгіш, кеңпейілді қауым. Өте көне дәуірлерден бері Орта Азиядағы жұртынан дүниежүзінің шартарабына тарап, талай мемлекеттер құрып, әлемдік тарихқа бағыт берген ел. Балқан түбегінен сонау Қытайға дейінгі өңірлерде орналасқан халық» деп сипаттайды.

Түрікшілдіктің тарихы да одан қалыспайды. Түркияның түрікшіл әйгілі ғалымы Хүсейін Нихал Атсыз: «Түрікшілдің тарихын жазар болсақ, біздің жыл санауымыздан бұрынғы жүз жылдарға кетуге мәжбүр боламыз», - деп жазды. Түрікшілдік дегенннің қазақшылдық дегеннен айырмашылығы жоқ.

Түрікшілдік – бір мұрат – мақсат. Мұрат пен мақсат – халықтардың рухани қорегі. Осы екеуінсіз халықтардың ең бақыттысы да қатардан қалады. Онсыз, жеңілуден, езілуден, жойылып кетуден де құтыла алмайды.

Түркияда тұратын осы ғасырдың көрнекті тұлғалары ретінде Зия Тоналыпты, Мұстафа Кемал Ататүрікті, Риза Нұрды, Хүсейін Нихал Атсызды және марқұм Алпарслан Түркешті құрметпен еске алуға болады.

Айта кетерлік маңызды бір жәйт, кезінде жат жұрттық отаршылдар жағынан саналы түрде бұрмаланып, теріс сипатталған «Түрік деген тек Түркия түріктері, өзгелері яғни қазақтар, өзбектер; түрікмендер түркі емес, басқа-басқа халықтар» дейтін үгіт-насихатқа сай Түркияда, әсіресе Қазақстанда қалыптасқан қате түсніктің бар екендігі. Әрине, біздің атамыз – қазақ, ұранымыз – Алаш! Біз талай қырғыннан, зобалаңнан тірі қалып, «мың өліп, мың тірілген қазақтың баласымыз». Атамыздың атымен, халқымыздың ұранымен: «Қазақтың түп атасы – батыр түрік» деп мақтанамыз.

Көне тарихи фактілер, сондай-ақ қазақтың жақын тарихындағы деректерде де нағыз түркілердің бірі қазақтар екенін анық аңғартуда. Орхон ескерткіштеріндегі тасқа қашалып жазылған барлық ортақ мұрасында қазақ ру-тайпаларының аттарының тайға таңба басқандай болып тұруы нағыз түркілердің бірінің қазақтар екенінің айқын дәлелі. Сонымен қатар биыл құрылғанына 80 жыл толып отырған Алашорда ұлттық үкіметінің ұлттық ән-ұранының «Арғы атам ер түрік. Біз қазақ еліміз!» деп басталуы, ұлы ойшыл әрі тарихшы ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Қазақтың түп атасы – батыр түрік. Арабсың деген сөздің түбі шірік», - деуі бекер емес.

 

Хасан Оралтай

саясаттанушы, тарихшы