Қандастар Ассамблея

Түрік тілді тайпалардың ішінарасы ғана түрік атауын қолданатын

16.10.2014 2405
Түрік тілді тайпалардың ішінарасы ғана түрік атауын қолданатын.

Б. з. 464-520жж. недəуір салтанат құрған нөнендер (жужандар) кейін келе ыдырап əлсіреді де, б. з. 552 жылы Түрік қағанатына қосылып кетті. Əрине кезінде оған бағынған үйсіндер көтеріле барып, өзіне қандас та тілдес түріктерге қосылды да, нөнендердің үстемдігінен құтылып алды.

Ол барыс мынадай:

Нөнендер (жужандар) Солтүстік Уей əулетімен, кешегі Хəн мен Ғұн сықылды, ұзақ уақыт бірде құдандалы, бірде жауласқан күй кешкен. Жауласудағы көп себептің басты бірі Батыс Өңірге иелік ету үшін арпалыс-ты. Нөнендер 460 жылдан бастап батысқа жорық жасап, 470 жылы Үдінге шейінгі аумақты алғанымен, 472-473 жылдары Солтүстік Уей əулетінің басты сауда жолы Дунхуаңға (Дахатаға) шабуыл жасағанда, Солтүстік Уейдің қатты соққысына жолықты да əлсірей бастады. Содан пайдаланған қоластындағы тайпалар нөнендерден құтылудың жолына түсті.

Дəл осы уақытқа жеткенде, жужандардың езгісінен құтылуға қамданғандардың ең бастысы Ұлы Далада бұғанға шейін əркім жағынан биленіп те иленіп келген түрік тілді сақ тайпалары болды. Түрік тілді тайпалардың ішінарасы ғана түрік атауын қолданатын. Онда да бірі Түрік десе, енді бірі соған жуық, тағы бірі жəне басқаша атасатын. Оны іргелес елдер де əр түрлі (теглек, телі, чылы, т.б. деп) хаттайтын. Талайы өз тайпа не тайпа одағының атымен де жүрген. Күшті Түрік мемлекеті шаңырақ көтергенше солай болыпты. Бұл қазіргі түрік тілді елдердегі, бəрі де түрік тілді бола тұра, Түркия мен Түрікпеннен өзгесі, түрік деген атты ел атына істетпейтін ахуалға ұқсайды. Олар əрине, əу баста бірі мен бірі алысып, ірі елдік үшін, бас құрау үшін, сол болашақ ірі елге бас болу үшін арпалысты. Сосын барып ең күштісі, өзге ағайындары түгіл, бөтен жұрттарды да бағындыруға кірісті.

Б. з. 487 жылы Чылының (Түрік, Теглек) он екі оқ (Қыбыл, Тала, Итан, Тайлан, Құртқа, Тарбаған, Алұн, Бақғұн, Ірбін, Бөбекір, Қыруан, Ғұшұқбат) Қаңғасынан Фуфуло (Бөбекір) тайпасының көсемі Афужыло (Абұқтыра), өзінің немере інісі Құмкемен бірге билеп жүрген 100 мыңдай ауылымен батысқа ауып, Гаучы (Құтаң, Көтең, Қарақожа, Қаңға) [481] мемлекетін құрады да, өзін тəуелсіз хан қып жариялайды. Халқы оны “құдай ұлы” (Ұлы беглен, Хоулоуфулы, Қулы ұлы) деген наммен таққа отырғызды. Бұдан кейін Афужылоның мұрагерлері мен нөнендер ара шайқас ұзаққа созылады. Содан соң Нөнен Батыс Өңірден айрыла береді. 30 жылға жалғасқан əр алуан соғыстан кейін Нөнен əбден титықтап əлсірейді. Оның арты өзіндік ішкі тақ таласына ұласады. Бұл барыста жеңілген жақтары Солтүстік Уей əулетіне тізе бүгісіп жатысады. Нөнендер кейін Солтүстік Уей ішінде көтеріліс туылып, ол ел екіге жарылып, екі (солтүстік жəне оңтүстік) Уей өзара қырқысқанда, бір сəт қайта ес жиып көтерліді де. Алайда, одан кейін де өз ішіндегі жаншылған тайпалардың нөнендерге ызасы күшеймесе пəсейгені жоқ.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Ұқсас материалдар