Қандастар Ассамблея

Түлектер ақ тілектерін аспанға жолдады

25.05.2016 5914
Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Бүгін елордадағы «Бәйтерек» ескерткішінің алаңында мектеп бітіруші түлектерге арналған «Біз ел болашағымыз» атты мерекелік концерт өтті. Бұл шараға биыл Астанадағы 83 мектептен түлеп ұшқан 4593 оқушы қатысты.

Салтанатты шараға арнайы келген Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев жас түлектерді бүгінгі қуаныштарымен құттықтап, ақ жол тіледі.

Аида Төлегенова, №70 мектеп-лицей түлегі:

– Мен бүгін қатты қобалжып тұрмын. Бір жағынан қуанып, бір жағынан сыныптастарымды қимай тұрған жайым бар. Мектепте өте жақсы оқыдым.  «Алтын белгіге» үміткермін. ҰБТ-да төртінші пән ретінде дүниежүзі тарихын таңдап отырмын.

Мектептегі ең сүйікті ұстазым бізге орыс тілі пәнінен сабақ берген еді. Оның сабақ беру тәсілі ешкімге ұқсамайтын, қызықты болатын. Сондай-ақ, алгебрадан берген ұстазымызды да ешқашан ұмытпайтын шығармын. Ол кісі талапшыл мұғалім болғанымен, жүрегі өте кең, керемет адам еді. Барлық мұғалімдеріме бізге берген білімі мен тәлім-тәрбиесі үшін алғысымды айтамын.

Әлкен Алмас, №64 мектеп-лицей түлегі:

– Арамызда «мектептен тезірек кетсем екен» деп ойламаған оқушы жоқ шығар? Бірақ, ол ойымыз бекер екен. Кейін алтын ұямызды қатты сағынатынымызды қазірден сезіп тұрмын. Мектепте ең сүйікті пәндерім қазақ тілі мен алгебра еді. Негізінен, тәртіпті оқушы болдым. Бірақ, арасында бұзықтық жасаған кездерім де, екілік алған күндерім де болғанын жасырмаймын. Оның бәрі қазір қызық естелікке айналды.

ҰБТ-да төртінші пән ретінде физиканы таңдап отырмын. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне құжат тапсырсам деймін. Болашақта бағдарламашы болғым келеді.

Жәния Уәлиева, №64 мектеп-лицейі, 11 «м» сыныбының жетекшісі:

– Бүгін – мен үшін ерекше күн. Өзімнің сүйікті шәкірттерім мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басып жатыр. Мен бұл балаларды бесінші сыныптан бастап оқыттым. Сондықтан болар, мен үшін әрқайсысы ыстық. Шәкірттерімді қимай, қатты толқып тұрмын. Кішкентайынан тәрбиелеп, білімге баулығандықтан, олардың барлық қылықтары күні кешегідей көз алдымда тұр.

Сыныптағы 27 оқушымның төртеуі – «Алтын белгіге», біреуі – «Үздік аттестатқа» үміткер. Менің еңбек өтілім – 32 жыл. Бұған дейін де талай шәкіртті алтын ұядан ұшырған ұстазбын. Оқушыларыма қайда барса да, даңғыл жол тілеймін! Ақ жол!

Мерекелік шарада елорданың үздік өнер ұжымдары ән мен биден шашу шашты.

Олардың арасында «VIVA» шоу-балеті, «Kazakh Percussion Group» барабаншылар тобы, «Z» триосы, М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының шығармашылық ұжымдары бар.

Концерт соңында мектеп түлектері бір-біріне ақ тілектерін білдіріп, аспанға шар ұшырды.


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Ұқсас материалдар