Қандастар Ассамблея

Төл теңгемізге 22 жыл

18.11.2015 5014
1993 жылдың 12 қарашасында қабылданған ”Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы” жарлығы тарихи маңызды оқиғаның бастамасы болды.
Экономикалық тәуелсіздігіміздің айқын көрінісі бола білген, еліміздің толық қанды тарихи бөлігіне айналған төл теңгемізге бүгін 22 жыл толып отыр. 

"Біздің еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің жарқын туындысы - біздің астанамызда теңгенің алғашқы пайда болуы" - деп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, 1993 жылдың 12 қарашасында қабылданған ”Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы” жарлығы тарихи маңызды оқиғаның бастамасы болды.
Теңгенің шығу тарихына көз жүгіртсек, ұлттық теңгені жасауға екі жыл уақыт кетіпті. Төл ақшамызды шығару үшін 1990 жылы теңгенің алғашқы үлгісін жасайтын арнайы жұмысшы тобы құрылды. Тәуелсіз елдің ұлттық валютасын жасап шығаруға Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлеловтер сынды азаматтар өз үлестерін қосты. 
Ең алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып шықты. Теңгенің алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жер асты қоймалары дайындалды. Ұлттық банконттарды тасымалдау үшін 4 бірдей ИЛ-86 ұшақтары Лондонға 18 рет барып келді. Жаңа валютаның айналысқа енгізілуінің көрші елдерден құпия ұсталғаны сонша, барлық құжаттарда Президент Резиденциясының құрылысы үшін құрал-жабдықтар тасылуда деп жазылған. Алғашқы теңгелер жер асты қоймаларынан елдің барлық банктеріне 8 күн ішінде жеткізілген. 
1993 жылы қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шықты. Ұлттық банк алғашқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған. Кейін еліміздің саяси және әлеуметтік, мемлекетаралық қатынастары ескеріліп, 1 теңге 500 рубль болды. Ал бірінші айналымға енген 1 теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құны 4,35 теңге болды.
Қазақстанның ақша сарайы металл тиындарды шығаруға дайын болмағандықтан жедел түрде қағаз түрінде шығарды, бірақ 1 жылдан соң оларды металл тиындарға ауыстырды. 1994 жылы қағаз тиындар жезден жасалған монеталармен алмасты.  
1993 жылы құрылысы басталған банкнот фабрикасы 1995 жылы толық аяқталды. 19 мамыр 1995 жылы ресми ашылу рәсімі өтті. 1995 жылы Алматыда өз банкнот фабрикамыздың тұсауы кесілді. Қазір Тәуелсіз Қазақстан төл валютасын өз жерімізде басып шығарады. Бүгінде отандық ақша сарайы Тәжікстан, Қырғызстан, Белорусь елдеріне ақша шығарумен де айналысады. 

El.kz порталы барша Қазақстан халқын төл теңгеміздің 22 жылдығымен құттықтап, осыған орай ұлттық валютамызға байланысты маңызды фактілер жиынтығын ұсынады.


Айша АХМЕТ

Фото Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ

Ұқсас материалдар