Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс

21.09.2015 20039
Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс

Көтерілістің басшысы Сырым Датұлы 1742 – 1802 жылдар аралығында өмір сүрген. Зерттеулерге қарағанда Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданында дүниеге келген. Қазақ халқының өте тапқыр, көрнекті шешендерінің бірі. 

Сырым Датұлы бастаған көтерілістің себептері
Біріншіден:
Патша үкіметінің жарлығы шығып, онда қазақтардың Жайықтың оң жағалауындағы аймақтарға қыс мезгілінде жайылымдық жерлерді жалға алу арқылы ғана уақытша өтуіне рүқсат етілді.

Екіншіден:
1782-1783 жылдың қысында шекара шебінің ішкі жағында казактар қазақтардың 4 мыңнан астам жылқысын күшпен тартып алды. Қыстың өте суық болуы жағдайды одан сайын қиындатып жіберді. Жұт басталды. Дала тұрғындарының 10 000-нан астам жылқысы мен сиыры қырылып қалды. Міне осындай қиын-қыстау жағдайда Кіші жүздің шекара шебіне таяу ауылдарында бұқаралық қозғалыс басталып, ол көп ұзамай азаттық күресіне ұласты.

Бұл көтеріліс Батыс Қазақстан өңірлерінде 1783-1797 жж. аралығында болып өтті. Тарихи әдебиеттерде әдетте Сырым Датұлы бастаған көтеріліс ретінде аталғанымен, мұрағаттық деректер бойынша бұл күреске белгілі батырлар Тіленші Бөкенбайұлы мен Барақ Сатыбалдыұлы, басқа да батырлар мен билер жетекшілік етіп, орыс шебіне көптеген шабуылдар ұйымдастырған. Көтерілістің туындауына отарлық езгінің күшеюі, қазақтардың Жайықтан өтуіне тиым салынуы, орыс-казактардың арғы бетке өткен ауылдарды ашық тонауы, Кіші жүздегі хан билігінің әлсіздігі т.б. себеп болған еді. Сонымен бірге, ықпалды билер мен Нұралы хан арасындағы қайшылықтар да әсер етті. Көтеріліс Батыс Қазақстанның біраз жерін қамтыды. Оның негізгі орталықтары – шепке жақын орналасқан Байбақты, Табын және Тама рулары қоныстанған Елек, Шыңғырлау, Қобда өзендерінің бойлары болса, орыс шебіне шабуылдар кезінде Ойыл, Жем, Темір, Сағыз өңірлері де көтерілісшілердің ту тіккен ордаларына айналды. Көтеріліске Кете, Шекті, Шеркеш, Таз т.б. рулар да қатысқан. Деректерге қарағанда, Сырымның қол астында 2700 адам, Барақ батырда – 2000, Тіленші батырда – 1500 адамдық жасақтар болған. Бұлардың құрамына жоғарыда аталған рулардың барлығы кірген. 1783 ж. жаз айларында қазақтар Ресей шептеріне көптеген жойқын шабуылдар ұйымдастырады. 1783 ж. желтоқсан айының соңында Сырым мен Барақ батырлар бастаған 700 сарбаз Генварцовский мен Рубежинский форпосттары арасындағы орыс елді-мекендеріне шабуылдар жасаса, тура сол уақытта Тіленші батыр мен белгілі би Елекбай Құдайбергенұлы бастаған сарбаздар да Ресей шептеріне көптеген шабуылдар ұйымдастырады.


1785 жылы көктемінде көтерілісшілер күрес қимылдарын барынша кеңейтті. Көтерілісті мейлінше қолдаған байбақты, табын, тама руларына сүйенген Сырым Датұлы көтеріліс өрісін кеңейтуге тырысты.

1792 жылдың күзінде көтерілісшілердін негізгі күші Елек қалашығына таяу жерге орналасып, қорғанға шабуыл жасауға әзірленді. Сұлтандар көтерілісшілер отрядының қай жерге орналасканын, олардың мақсатын шекара өкіметіне алдын-ала хабарлап қойған. Сондықтан қорған гарнизондары тойтарыс беруге әзір еді. Сырым бастаған отряд 29 қыркүйекте Елек қалашығына шабуылға шығып, корғанды ала алмады.

Еділдің шығыс өңіріндегі ірі халықтық сипаттағы қозғалыс, көтеріліс патша үкіметінің отарлау саясатын, Жайық бойындағы өңірді басып алуға мейлінше тырысқанын дәлелдейді, тарихи қозғалыс ру арасындағы қайшылықтар халықтың басты мақсатына жетуіне зор кедергі болатынын көрсетті.

1797 жылы Қаратай сұлтанның өршеленген қуғынынан құтылу үшін Сырым Датұлы Хиуа хандығына өтіп кетті. Ал 1802 жылы белгісіз себептерден батыр сонда дүние салды.

Ұқсас материалдар