Қандастар Ассамблея

Сула. Дәстүр жалғастығы

17.11.2016 2169
Ұлттық музейде белгілі суретші Марина Батюкованың жеке көрмесі ашылды

ҚР Ұлттық музейінде Белорусь Республикасы елшілігінің қолдауымен белгілі суретші Марина Батюкованың «Сула. Дәстүр жалғастығы» көрмесі ашылды.

Фотосуретші Марина Батюкова — Белорусь суретшілер одағының мүшесі. Ол осыған дейін де өзінің көптеген жеке көрмелерін өткізген. Осы жобаны жүзеге асыруға үш жыл  уақыт кеткен.

Маринаның кейіпкерлері – бүгінде заманауи өмірге бейімделген ауыл тұрғындары. Алайда, көктемгі мереке кезінде барлық деревнялар мен селолардағы әйелдер дәстүрлі киімдерін киіп әндетіп астық алқабына барады. Сол жерде олар хормен ән сала жүріп, жерге «суланы» көму арқылы бүлдіруші қара күшті тығып тастайды. Әйелдер масақ-тұмарды жұлу арқылы жақсылықты, байлықты, табысты жинайды. Жердің бетіне қара бидаймен сырғанау арқылы оның күш-қуаты мен саулығын өзіне алады. «Жебені жүргізу және көму» дәстүрі ЮНЕСКО-ның материалды емес мұраларының тізіміне кірген.

Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай көрмеге келген қонақтарға алғыс айтып, көрменің ерекшелігіне тоқталып өтті:

– Біз барлық халықтардың, оның ішінде белорусь халқының да әдет-ғұрыптары мен дәстүрлеріне үлкен құрметпен қараймыз. Осы көрменің Ұлттық музейде өтіп жатқаны біз үшін қуаныш, бұл екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты білдіреді. Марина Батюкованың шығармашылық ізденістерінің жалғасын осы музейден әлі де көреміз деп ойлаймын.

Белорусь Республикасы ұлттық тарих музейінің ақпараттық-көрме жұмыстары бөлімінің меңгерушісі Татьяна Шкляр өз сөзінде осы бірлескен жоба жайлы айтып өтті:

– «Сула. Дәстүр жалғастығы» – бұл  Белорусь Республикасы ұлттық тарих музейі мен Белорусь суретшілер одағының мүшесі Марина Батюкованың бірлескен жобасы. Жоба алғаш рет 2016 жылы Минск қаласында таныстырылған. Ал бүгін біз оны алғаш рет өз музейіміздің қабырғасынан тыс жерде жұртшылық назарына ұсынып отырмыз. Біздің негізгі әріптесіміз ҚР Ұлттық музейінде осындай бірлескен іс-шара өткізу – біз үшін үлкен мәртебе.

 Көрме 26 қарашаға дейін жалғасады.


Ұқсас материалдар