Қандастар Ассамблея

STARTUP. Шалғайда жүріп-ақ үйіңіздің қауіпсіздігін бақылайсыз!

14.10.2015 2726
«Ақылды үй» - 21 ғасыр талабы

El.kz тілшілері «Еліміздің ең жүйрік стартап-жобалары» деген тақырыпта сериялы мақалалар мен зерттеу материалдарын дайындауды қолға алды. Алдағы уақытта оқырман назарына еліміздегі ең мықты стартап-жобалардың авторларын рет-ретімен ұсынып отырады.

Алғашқы кейіпкеріміз «Умный дом» («Ақылды үй») стартап-жобасының авторы Таир Қожахметов туралы. Ол шалғайда жүрсе де үйіндегі қауіпсіздікті бақылап, қауіп-қатерден (өрт, су тасу, газ шығу, тоқ сымдары) сақтап қалатындай бағдарлама ойлап тауып, айналасына мүмкіндік сыйлады. Мақаланы ары қарай оқыңыз...

Күнделікті қарбалас өмірде заманның ағымына сай болу кейде қиынға соғып жатады. Дегенмен, озық технологиялар заманында жұмыс пен үй тірлігін алып жүру күннен-күнге жеңілдей түспек. Еліміздің талантты жастары осы мақсатта талай жобаларды бастап жүр. Соның бірі – шетелде білімін шыңдап келген Таир Қожахметов.

Таир Қожахметов, жоба басшысы:

Мен еліміздің әрбір үйі – 21 ғасыр ағымына сай болғанын қалаймын. Сондықтан, өзімнің білімімді осы жолға арнадым. Қазіргі таңда біздің ұжымымыз «ақылды үйлерді» іске асырып жатыр. Бұл үйлердің адам өмірін жеңілдететіні бірден-бір анық.

Электр қуатына қосылып қалған үтік, кенеттен болған құбыр жарылулары, тіпті баса-көктеп кірген ұры-қарылар да енді сіздің үйіңізге қауіп төндірмейді. Қарапайым ұялы телефонның арқасында, үй ішінде болып жатқан әрбір қозғалыстың өзі сіздің назарыңызда болмақ.

Арнайы құрылғылардың көмегімен, жуынатын бөлмедегі су құбырының жарылуы туралы хабар сол сәтте-ақ сіздің телефоныңызға  түседі. Егер Сіз байқаусызда терезе-есіктерді жабуды ұмытып кетсеңіз, жай ғана бір тетікті басу арқылы барлығын құлыптай аласыз. Бұл жүйенің басты ерекшелігі - әлемнің қай жерінде болмасын, өз үйіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, - дейді жоба авторы.

Тәтті ұйқыңызды сағат қоңырауы бұзып жібере ме? Күніңіз тек жақсы көтеріңкі көңілмен басталғанын қалайсыз ба? «Саналы баспана» сіздің жайлы өміріңізге де өз үлесін қосады. Алдын ала белгіленген уақытта мультирум бағдарламасы сізді әсем әрі жағымды әуенмен оятып, автоматты түрде терезе перделерін ашады. Арманыңыздағы үй осы шығар, сірә?

Қондырылған шамдардың арқасында үйіңіздің ішкі келбеті әрқашан өзгеріп тұрады. Сан-алуан түстер қоршаған ортаңызға ерекше әсер береді. Арнайы тетікпен жарықтың қуаты мен қанықтығын қадағалай аласыз


Жоғарыда айтылып кетен мүмкіндіктерден басқа, саналы баспана жүйесі бейнебақылау, ауа температурасын бақылау секілді құрылғылармен жабдықталған. Жүйенің тағы бір тиімді тұстарының бірі – электр қуаты сөнген жағдайда да жүйе өз жұмысын ұзақ мерзімде жасай береді.

Әлемнің түпкір-түпкірінен бақылай алатын баспана – фантастикалық фильмдердің көрінісі емес. Ол – қазіргі заманның талабы мен мүмкіншілігі. Өмір ағымына сай баспаналардың көбеюі, еліміздің тағы бір сатыға көтерілгенін айғақтайды.

P.S. Халыққа пайдасы тиетін жобалар жасап, ауырды жеңілдетіп, алысты жақындататын жандар болса, жоқтан бар жасап, жаңа пайдалы дүниелер ойлап тауып жүрген таныстарыңыз болса, редакциямызға хабарласуыңызды сұраймыз. Сіздің өнеріңіз бен табысыңызды бүкіл әлем білуі тиіс!


Авторы: Ұлболсын Мұхамбетқали

Ұқсас материалдар