Қандастар Ассамблея

Соғысқа дейін әскери тақырыпқа жазылған шығарма жоқтың қасы

09.02.2015 4318
Осы бізде әскери көркем әдебиет қашан қалыптасты? Осы сұрақтың төңірегінде филология ғылымдарының кандидаты, доцент Раушан Мүтәлиеваның пікірімен бөліскіміз келеді.

Көркем әдебиеттің тарихты шынайы ұғынудағы рөлі өте жоғары. Егер таза тарих кітабын оқысаңыз, сіз фактілерден көз ашпайсыз, ал әдебиетте сіз ойланасыз, толғанасыз, қиялдайсыз, осының бәрі сізді өмірде болған оқиғаны барынша әсерлі етіп қабылдауыңызға септігін тигізеді. Тарих демекші, биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл толғалы отыр. Осыған орай бүгін біз тағы бір тақырыпты көтергелі отырмыз. Осы бізде әскери көркем әдебиет қашан қалыптасты? Осы сұрақтың төңірегінде филология ғылымдарының кандидаты, доцент Раушан Мүтәлиеваның пікірімен бөліскіміз келеді.

Қазақ әдебиетінде соғысқа дейін әскери тақырыпқа жазылған шығарма жоқтың қасы деуге болады. Сонда да Бауыржан Момышұлы 1965 жылы 9 сәуірде «Қазақ әдебиетіне» жариялаған «Ерлікті жырлайық» мақаласында қазақ әдебиетіндегі әскери тақырып туралы былай деген екен: «Қазақтың алғаш рет қатардағы (регулярно) армияға алына бастаған буыны – 1907 жылы туған жігіттер. Бұл 1928 жылдардың тұсына келеді. Оған дейін армияға қазақ жігіттері өз еркімен сұранса ғана барушы еді. Міне, содан бері біздің арамызда әскер тәртібіне жаттығу, соғыс ғылымын үйрену, әскери әдебиетпен әуестену басталды десек, өтірік болмас. Қазақ халқының әскери көркем әдебиетінің туып, қалыптасуы да содан басталады. Оның жемісіндей Тайыр Жароковтың «Шекарада», Өтебай Тұрманжановтың «Пулеметші», Қажым Жұмалиевтің «Қырдағы күрес» поэмасы, М.Әуезовтің «Шекарада», F.Мүсіреповтің «Амангелді» атты драмалық шығармалары, әңгімелері, өлеңдері, дастандары туды». Бұл шығармаларда әскери тәртіп негізгі тақырып болмағандықтан, қазіргі жастар Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді», Әуезовтің «Шекарада» драмаларынан басқасын білмеуі де мүмкін.

Ал Екінші дүниежүзілік соғыс туралы жазылған шығармалардың ішінде F.Мүсіреповтің «Қазақ солдатын», Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндерін», Ә.Нұрпейісов «Күткен күнін», Ә.Шәріповтің «Партизан қызын», Қ.Қайсеновтің «Партизан хикаяларын» кезінде халық жақсы қабылдады. Ол кездегі шығармалардың барлығы дерлік сын талқысына түсіп, өңделіп, қайта жарияланатын. Сол себепті қазір бұл шығармалар соғыс тақырыбындағы үздік туындылар болып есептеледі.

Қазір әскери тақырыптағы шығармалар дәл кеңес дәуіріндегідей көп оқылады деп айту қиын. Қазіргі жастардың бірен-сараны кітап оқығаны болмаса, көпшілігі соғыс туралы фильмдерді көруге әуес. Ол үшін Бауыржан Момышұлының ерлік істері мен «Артымызда Москва» секілді шығармалары көбірек насихатталуы керек шығар.

Қалай десек те, әскери тақырыптағы қазақ әдебиетінің туындыларын әлем әдебиетіндегі шығармалардан кем деп айта алмаймын. Жалпы, шетелдің Нобель сыйлығын алған шығармаларын оқығанда, біздің қазақ әдебиетінде арысы Әуезовтен, берісі тәуелсіздікке дейінгі жазушылардың небір Нобель сыйлығына тұрарлық шығармалары жетіп-артылады. Мәселе, су асты қайығы немесе тікұшақ жайлы жазылғандығында емес, соғыс шындығын шеберлікпен көрсете білуінде.

Алпыс-тоқсаныншы жылдар арасындағы қазақ әдебиетінде көбіне соғыс кезіндегі ел өмірі суреттелді. Д.Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз», О.Бөкейдің «Бәрі де майдан» повестері, Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», Н.Ғабдуллиннің «Жігер» романдары. Белоруссиядағы тылды суреттейтін Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романының орны ерекше. Белинский: «Тарих не болғанын айтады, көркем шығарма қалай болғанын айтады» деген болатын. Осы қағиданы «Шырағың сөнбесін» романын оқығанда айырықша сезінесің. Соғыс деген нәрсенің қаншалықты қасіретті екенін түйсінесің. Д.Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесінде соғысты көрмесе де, соғыс зардабын тартқан балалардың балалық шақты да көрмей өскендігі, соғыстың оларды ерте есейткендігі оқырманды толғандыратындай етіп жазылған.

Қазақтың ерлік, батырлығы, соғыс техникасын игере алатындығын жоғарыдағы шығармалардан-ақ көруге болады. Ақбоз атымен аты аңызға айналып, әлемге танылған Бауыржан Момышұлының өзі қазақ деген ұлттың қандай халық екенін танытты. Десек те, бүгінгі ұрпаққа Отан соғысындағы қырғынды, қаһармандар ерлігін, жеңістің қаншалықты қиындықпен келгенін үнемі айтып отыруымыз керек. Сонда ғана жастар соғыс пен жеңісті, бейбітшіліктің қадірін түсінетін болады.

Мақалаға арқау болған writers.kz сайтындағы сұхбат.


Дәурен Омаров

Ұқсас материалдар