Өскеменде Ата Заңға арналған әдебиеттер көрмеcі ашылды

28.04.2015 3180
Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдық мерейтойына орай, Өскемен қаласының А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Қадірін Ата Заңның білеміз бе?» атты әдебиеттер көрмесінің ашылу салтанаты болып өтті

Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдық мерейтойына орай,  Өскемен қаласының А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Қадірін Ата Заңның білеміз бе?» атты әдебиеттер көрмесінің ашылу салтанаты болып өтті. Биыл Қазақстанда бірнеше үлкен мерейтойлар өтуде. Соның бірі – ҚР Конституциясының 20 жылдығы. 

Әдебиеттер көрмесінің ашылу салтанатында кітапхана маманы Емелбаева Меруерт  ежелгі дәуір мен ХХI ғасыр аралығындағы конституциялық ойдың даму тарихынан құнды мағлұмат берді. М.Емелбаева Қазақстанның қазіргі таңдағы Конститутциясы мен  қазақтың ежелгі дәстүрлі заң жүйесінен бастап, бүгінгі күнге дейін жетіп отырған Қазақ хандығы тұсындағы Дала заңдарына, Шыңғыс ханның «Жасағы», Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы» және Тәуке хан «Жеті жарғысына» тоқталды.

Қазақ хандарының заң шығару әрекеті «Қазақтың Ата заңы» атты 10‑томдық басылымдағы А. Левшин, Г. Спасский, М. Вяткин, Ә. Марғұлан, Т. Сұлтанов т.б. ғалымдардың еңбектерінде сипатталады. ХХ ғ. басында Қазақстандағы конституциялық ойдың дамуы мен мемлекеттік құрылысты анықтауда «Алаш» партиясының ролі зор болды. Партия бағдарламасы Конституцияның алғашқы декларативті жобасы деп танылды. Оның құқықтық нормалары демократиялық мемлекеттердің конституциясына тән, көптеген қағидалары қазіргі ҚР Конституциясынан да көрініс тапты. «Алаш» партиясының бағдарламасында алғаш рет еркіндік пен теңдік мәселесі қозғалған – шыққан тегі, діні мен жынысына қарамастан бәрінің сайлау құқы тең, халықтық білім беру барлығына қолжетімді болу керек. Бұл фактілер М. Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы», М. Құл-Мұхаммедтің «Алаш бағдарламасы: қиянат пен ақиқат» еңбектерінде зерттелген. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың өзі «Тарих толқынында» кітабында осы  бағдарламаға жеке бір бөлімді арнаған.

Аталған кітаптардың барлығы облыстық кітапханада ашылған әдебиеттер көрмесіне қойылды.

– Бір ай бұрын ғана Кеңес одағының Батыры атағына ие болған шығысқазақстандық майдангерлердің өмірі мен ерлігін паш ететін «Біздің ержүрек жерлестеріміз» әдеби көрмесі жұмысын бастаған. Ізінше бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналып әдеби көрме ашып отырмыз. Мұнда студенттер мен оқушылар, қызығушылық танытқан кез келген оқырман демалыс күндері де келіп Ата Заңымыз туралы қажетті ақпараттарды ала алады, – деді М.Емелбаева.


Дереккөзі: ШҚО Ақпараттық орталығы.

Ұқсас материалдар