Қандастар Ассамблея

Өскеменде ұлы ақын туралы ғылыми конференция өтті

16.09.2015 3638
Өскеменде ұлы ақын туралы ғылыми конференция өтті

Ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойын тойлау аясында, еліміздің түкпір-түкпірінде көптеп шаралар жалғасын табуда. Салтанатты шара шеңберінде Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде ғалымдар бас қосты. 

Бүгін С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-де Ұлы ақын,  философ, композитор, аудармашы, қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толуына арналған «Абай мұрасы әлемдік руханият кеңістігінде» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік  конференция өткізілді.

Абай атамыздың ескерткішіне гүл қою рәсімінен бастау алған шара, аталмыш білім ордасында Абайдың Жидебай-Бөрілі, мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының «Абай және дала өркениеті», Абай атындағы Шығыс Қазақстан облысы әмбебап кітапханасының «Ғасырлармен үндескен  асыл қазына» атты көрмесіне жалғасып, соңы ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.

Конференция жұмысына еліміздің әр өңірінен келген абайтанушылармен қатар, Қытай, Түркия, Венгрия және Ресей елдерінен келген ғалымдар қатысты.

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, аймақ басшысының құттықтау сөзін оқып, жиналғандарды конференцияның ашылу рәсімімен құттықтады. 

– Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасы, теңдессіз дана ойлары мен шығармалары бүкіләлемдік қазынаға қосылған алтын қор екені талассыз. Абайдың өз заманында қалған үлкен еңбектері, бүгінгі қоғам үшін өте маңызды. Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы, жастарға терең мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйіп, қастерлейтін азаматтарды тәрбиелеу біздің басты міндетіміз. Сондықтан, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру үшін, біз Абайдың ұлы шығармаларын санамызға берік сіңіруге міндеттіміз, - деп Даниал Кенжетайұлының құттықтау хатын жеткізген Жақсылық Мұқашұлы,  бұл ғылыми жиынның ортаға салар ойы көп, өрісі кең, толғауы терең, сондай-ақ бүгінгі жас ұрпаққа берері мол боларына сенетінін айтты.

Айта кетейік, конференция аясында «Абай оқулары - 2015» байқауы, «Абай даналығының мәйегі – Мәңгілік ел» дөңгелек үстелі және «Абай әндерінің кеші» атты мерекелік концерт ұйымдастыру жоспарлануда.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Ұқсас материалдар