Қандастар Ассамблея

Өскеменде «Ассамблея аруы» байқауы өткізілді

10.03.2015 4412
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мен Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, Өскеменде әр ұлттың сұлуларының қатысуымен «Ассамблея аруы» байқауы өткізілді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы және Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, Өскеменде әр ұлттың сұлуларының қатысуымен «Ассамблея аруы» байқауы өткізілді. Көктемнің алғашқы мейрамы - аналар күніне арналған іс-шарада көп балалы аналарға мерекелік сыйлықтар табыс етіліп, ақ тілектер айтылды.

Елбасы Н.Назарбаев Халықаралық әйелдер күніне орай бүкіл қазақстандық арулар мен аналарға арнап айтқан құттықтау сөзінде: "Біздегі әйелдер жұмыста, шығармашылықта, спортта, ғылымда табыстарға жетуде. Сонымен қатар отбасының да сақтаушысы болып қалып отыр. Қазақстандық әйелдердің қайталанбас осы ерекшелігі – қоғамымыздың сондай мықты тірегі әрі біздің этносаралық және дінаралық келісім үлгісі сияқты танымал брендіміз", деп ерекше атап өткен болатын. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді. Елдегі этносаралық достықтың да ұйытқысы - ана. Ендеше осы бір тамаша көктем мерекесі әйелге тән әдемілік пен нәзіктіктің мәңгі белгісі ғана емес, татулықтың, бауырмалдықтың айқын көрінісі.

Шығыс Қазақстан облысының Достық үйінде өткізілген шарада Облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев залға жиналған барлық нәзік жандыларды аналар мерекесімен құттықтады:

– Құрметті аналар, әпкелер мен қарындастар! Баршаларыңызды шын жүректен көктемдей көркем мейрамдарыңызбен құттықтаймын. Бүгінгі таңда өңірде жүз он этномәдени орталық пен қоғамдық ұйым болса, солардың алпыс алтысы нәзік жандылар жетекшілік етеді. Бұл көрсеткіш әйелдер қауымының қоғамдық өмірдегі белсенділігін танытады. Сіздерге мызғымас денсаулық, баянды бақыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Мерекелік шара барысында Ассамблея хатшылығының меңгерушісі көп балалы бес анаға гүл шоқтары мен мерекелік сыйлықтарды тарту етті.

Бұдан кейін залдағы әйелдер қауымының барлығына гүл шоқтары табысталып, Ассамблея арулары ортаға шықты. Көрермендерді көркімен баураған 10 этностың сұлулары ұлттық киімде өнерлерін паш етіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Концертте әр ұлттың биін билеген арулар жезтаңдай әншілігімен де тамсандырды. Концерт қорытындысы бойынша, Достық үйінде өткен байқауда достық жеңіп, Ассамблея аруларының барлығы атаулы 10 номинацияның иегері болды.

Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өмірге және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. 2014 жылдың ішінде Қазақстанда төрт жүз мың әйел ана атанды. Ол дегеніңіз қазақстандықтардың саны 400 мыңға көбейді. Сондықтан әйел адамның біздің елімізде әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз беріледі. 

Автор: Л.Дүйсенбаева

Ұқсас материалдар