Қандастар Ассамблея

Швейцарияның шамасы ширек финал ғана ма?

22.05.2014 2643
Бразилиядағы әлем чемпионатына қатысушы құрамаларды таныстыруды әрі қарай жалғастырамыз.

Бразилиядағы әлем чемпионатына қатысушы құрамаларды таныстыруды әрі қарай жалғастырамыз. Назарларыңызға бүгіннен бастап «Е» тобындағы командалар ұсынылады. Бұл топта Франция, Швейцария, Эквадор, Гондурас құрамалары өнер көрсетеді.

Бразилияда өтетін футболдан Әлем чемпионатының топтық кезеңдегі күнтізбесін, матчтың өтетін орнын оқырман назарына ұсынуды жөн деп таптық. 

Швейцария құрамасы

Бас бапкер: Оттмар Хитцфельд

Команда капитаны: Гекхан Инлер

Ең көп ойын өткізген ойыншы: Хайнц Херманн (117)

Ең көп гол соққан ойыншы: Александр Фрай  (42)

ФИФА рейтингісіндегі орны: 7

Швейцария футболы соңғы кезде жаңа белеске көтеріліп келеді. «Базель» командасы жылда Еурокубоктарда жоғары табыстарға қол жеткізіп жүрсе, ұлттық құраманың деңгейі де көтерілген – қазіргі кезде ФИФА рейтингісінде 7-ші орында тұр.

Швейцария құрамасы алғашқы тарихи кездесуін 1905 жылы Франциямен өткізген. Ал ең ірі жетістіктері 1924 жылғы Парижде өткен Олимпиада ойындарының күміс  және жасөспірімдердің (U-17) 2002 жылғы әлем чемпионатындағы алтын жүлдесі.

1930-1960 жылдардағы ең ірі жетістіктер негізінен Карл Раппаннің есімімен тікелей байланысты. Раппан – әйгілі «verrou» (кейіннен «катеначчо» деп аталды) тактикасын ойлап тапқан бапкер. Австриялық маман Швейцарияны 3 әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне қатыстырды (1934, 1938, 1954 жылдары). Соңғысы өз елдерінде өтті. Бір қызығы, үшеуінде де ширек финалдан ары аса алмаған.

1960 жылдары Швейцария футболында құлдырау басталып, бұл сәтсіздік 30 жылға дейін жалғасты. Тек 90-жылдардың басында ғана ағылшын бапкері Рой Ходжсонның келуімен құраманың ойыны қайта жандана бастады. Ағылшындық маманның жаттықтыруымен швейцариялықтар 1994 жылы АҚШ-та өткен әлем біріншілігі, ал 1996 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама алды. АҚШ жерінде Ходжсон шәкірттері топтық кезеңде сәтті өнер көрсетіп, плей-оффқа дейін жетті. Бірақ 1/8 финалда Испаниядан ойсырай ұтылды. 1996 жылғы Англиядағы құрлық біріншілігі олар үшін дебют болды.

Карл Раппан мен Рой Ходжсоннан кейін құрама тарихында аты қалған бапкер – Якоб Кун. Сол кезде баспасөз құралдары бұл бапкердің тағайындалуын қателік деп те жазды. Бірақ ол өзін аз уақыттың ішінде-ақ жұртшылыққа  мойындатып үлгерді. Ол келгенде ұлттық құрамада буын алмасу процесі жүріп жатқан. Кун оның алдында жастарды баптаған болатын. Осы жағы оған көп көмегін тигізгені сөзсіз. Өзі бұрыннан білетін талантты жастардың біраз бөлігін құрамаға шақырды. Якоб жасақтаған футболшылар 2004 жылғы Еуропа біріншілігіне қатысқан 16 команданың қатарында болды. Бұдан кейін 2006 жылы Германиядағы әлем біріншілігінде өнер көрсетті. Топтық кезеңдегі алғашқы матчтарын Зидан, Анри бастаған Франциямен өткізді. Бұл кездесуде есеп ашылмады. Жанкүйерлердің көпшілігі мұны сенсацияға балап жатты. Қалған екі ойында Оңтүстік Корея мен Тогоны бірдей  есеппен (2:0)  ұтып, 1/8 финалға шықты. Плей-оффта Украинамен кездесіп, бұл ойында 120 минут бойы есеп ашылмады. Матч соңындағы 11 метрлік айып добын соғуда  украиндықтардың жолы болды. Сол жолы Швейцария әлем чемпионатында өз қақпасына гол жібермеген жалғыз құрама болды. Мұндай жағдай әлемдік додаларда сирек кездеседі.

2008 жылғы Еуропа біріншілігін Австриямен бірлесіп өткізді. Өз жеріндегі құрлық додасында жолдары бола қоймады. Топтық кезеңде тек Португалияны жеңіп, соңғы орында қалып қойды.

Чемпионат аяқталған соң, Якоб Кун орнын босатып, тізгінді әйгілі неміс бапкері Оттмар Хитцфельд ұстады. «Бавария» және «Боруссия» командаларымен Чемпиондар лигасы, Бундеслига секілді талай ірі турнирлерде жеңіске жеткен жаттықтырушы Швейцария құрамасының ойынын да жандандыра алды.

Хитцфельдтің жаттықтыруымен швейцариялықтар 2010 жылы ОАР-да өткен әлем біріншілігіне қатысты. Қара құрлықтағы доп додасының алғашқы ойынында сол кезде екі жыл бұрын Еуропа чемпионы атанған Испанияны 1:0 есебімен ұтып,тағы бір сенсация жасайды. Бұл турнирде әлем чемпиондарын жеңген жалғыз құрама ретінде тарихта қалды. Бірақ келесі ойында Чилиге жол беріп, Гондураспен тең түсті. Сөйтіп 4 ұпаймен топтан шыға алмай қалды. Ал 2012 жылғы Еуропа чемпионатына қатысқан жоқ.

Қазіргі құрам 

Оттмар Хитцфельд бапкер қақпаны «Вольфсбург» қақпашысы Диего Бенальоге сеніп тапсырады. Қосалқы құрамдағы Марко Вельфли («Янг Бойз») мен Янн Соммер («Базель») – Бенальо жарақат алып жатса, кез келген уақытта ауыстыра алатын мықты қақпашылар.

Қорғаныстың оң қапталына Туриннің «Ювентусі» сапында жарқырап жүрген Штефан Лихтштайнер иелік етеді. Сол қапталды Рето Циглер («Сассуоло») толығымен өз мойнына алмақ. Қорғаныстың орта тұсында Филипп Сендерос (Валенсия»), Йоан Джуру («Гамбург»), Стив фон Берген («Янг Бойз»), Рикардо Родригес («Вольфсбург»), Фабиан Шер («Базель») ойнайды.

Жартылай қорғаныстағы футболшылардың арасынан үшеуі Италияның «Наполи» клубынан. Олар: Гекхан Инлер (команда капитаны), Блерим Джемайли, Валон Бехрами. Сондай-ақ Валентин Штокер («Базель»), Джердан Шачири (Бавария»), Гранит Джака («Боруссия» М) секілді үш жас футболшы).Бұлардан бөлек тәжірибелі Транквилло Барнетта («Айнтрахт» ), Желсон Фернандеш – «Фрайбург»  құрама үшін өте қажетті футболшылар. 

Александр Фрай құрамамен қош айтысқаннан кейін негізгі шабуылшы Эрен Дердийок («Байер 04») болып тұр. Бас бапкер керек кезде Инносент Эмегара («Ливорно»), Марио Гавранович («Цюрих»), Адмир Мехмеди («Фрайбург»), Йосип Дрмич («Нюрнберг»), Харис Сеферович («Реал Сосьедад») секілді жастарды да алаңға шығарып тұрады.

Топтық кезеңдегі ойындар кестесі:

15 маусым. Бразилиа. Швейцария – Эквадор

20 маусым. Салвадор. Швейцария – Франция

25 маусым. Манаус. Гондурас – Швейцария

Бек Төлеуов

Ұқсас материалдар