Шоқан Уәлихановқа – 180 жыл

18.11.2015 6710
«Білім тарихы» музейінде Шоқан Уәлихановқа арналған көрме ұйымдастырылды

Шоқан  (Мұхаммед–Ханафия) Шыңғысұлы Уәлихановтың ғылыми, қоғамдық қызметі қазақ–орыс мәдени байланысының жемісі және шыңы, асқар биігі болып есептелетіні мойындалғанымен Шоқан әлемінің қатпарлы жұмбағы шешілмей келе жатқандығы хақихат.  Биыл  ғалымның 180 жасқа толуына байланысты жер-жерде түрлі мәдени, ғылыми шаралар өткізіледі.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Білім тарихы» музейінде осы мерейтой қарсаңында  Шоқан Уәлихановқа арналған «Бүкіл адамзат баласын сүйемін...» атты көрме ұйымдастырылды және сәуір айының соңына дейін күнделікті танымдық-тағылымдық экскурсия өткізуге әзір.

Көрменің мақсаты қазақ халқының ардақты ұлы Шоқан Шыңғысұлының ғұмыры «аққан жұлдыздай өте қысқа», бірақ өте жарқын болғандығының тарих беттеріндегі бедерлеріне шолу жасау және оқымысты да білімді адамның өмірге құштарлығын, адам баласына деген сүйіспеншілігін, арманын бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның халқымен қауыштыру.   Осы көрмені жобалау және жасау барысындағы мақсатымыз ғалым,  этнограф, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың «сегіз қырлы бір сырлы» әлемін зерделеу бағытында оның сурет салу өнері, өнерсүйгіштігі,  өнерлі адамдарға деген ілтифаты университетте білім алып жатқан студенттерді бей-жай қалдырмас деген ойдамыз.  Сондықтан да болар Шоқан тұлғасы қызығушылық тудырғаннан бұрын зор жауапкершілікті жүктейтін үлкен аманат. «Күміс кездік қын түбінде жатпас» деген бабаларымыздың дана сөзі - ғылым жолында басын небір қиыншылықтарға тосып жүріп жинаған, жазған  құнды еңбектеріне қатысты айтылғандай.  Осы көрме арқылы Шоқанның портретін жасап, Астана қаласындағы оқу орындарында білім алып жатқан жастарды ғалыммен сырласуға шақырамыз. Жұмыс барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі кітапханадағы көркем ғылыми және әдебиетпен қатар кітаптар мен бейнелеу өнері жинақтарын (иллюстрациялар) пайдаландық. Бұл материалдар автордың концепциясына, яғни көрменің басты идеясына негізделді. Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен туындайтын біршама мәселелердің жеке тақырып ретінде бертінге дейін толықтай зерттелмегендігі жөніндегі ақиқат өткен тарих парақтарын мұқият қарауды жүктейді. Себебі, Шоқанды тек Ресей Империясына теліп, өмірбаянына қатысты уақиғаларды сол ортаға бейімдеп, «сырт көрінісін» басты назарға алу мақсатының санаға сіңіп кетуі соншалық, күні бүгінге дейін сол ауқымнан шыға алмай келеміз... Ш.Уәлихановтың қазақ халқының тағдыры, оның жаппай сауаттануы, қазақтарды жалпыадамзаттық құндылықтар мен прогреске қосудың жолдары сынды терең толғандырған маңызды мәселелер турасындағы құнды жазбалары ғылымның сан саласын қамтып отырған. Кеңес заманындағы басылымдарда және оқулықтарда Шоқан – ағартушы деп айтылып келді. Белгілі ғалым, философ Ғ.Есімнің «Хакім Абай» еңбегінде қазақтың өткенін тану арқылы алдағы белесіне нақты көзқарастағы соны бағдар берген. Философ «ағартушылар» деп жалпылай атап келген Шоқан, Ыбырай, Абай турасында Шоқан Уәлихановты – Ғалым, Ыбырай Алтынсаринді – Ұстаз,   Абай Құнанбайұлы - Хакім деген соны пікір айтады.   Шындығында да, Шоқан Уәлиханов – жаңа заманда Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан, аймақтың нағыз өзегіне, оның адамына жол ашқан алғашқы ғалым. 

Ғалым Шоқанның ерен тұжырымды еңбектерін философия, тарих, этнография, публицистика, лингвистика, эстетика, психология сияқты сан-саладағы ғылыми құнды, сан қырлы мұрасын ерекше ықтиятпен қарастырмақ ләзім.  

«...Біздің халқымыздың көркемдігі жағынан қалыспайтын өскелең әдебиеті бар... Ақырында мұның бәрінен маңыздысы сол – қоғамдық өркендеу формаларымыз жоғары, мәдениетті дамудың нәтижелерімен көбірек ұқсас келетін жасанды емес дәрежеде тұр. Біздің болашақтан күткен үмітіміздің бәрі де осыған негізделеді»,- деген де Шоқан еді.

Біздің көрме – бұл Европаға ашқан терезе секілді болған қазақ ғылымы, ақылы асқан дария Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановқа деген шексіз сүйіспеншілігіміз бен махаббатымыз, һәм құрметіміз – көрермендерге әсер етеді деп үміттенеміз. Егер кімде-кім осы уақытқа дейін Шоқан әлеміне мән бермеген болса, осы көрмеден кейін Шоқан сияқты Бүкіл адамзат баласын сүю құрметі жүректерге жол табады деп ойлаймыз. Шынында да, қазақ ғалымы өзінің теңдесі жоқ ғылыми және әдеби мұрасын «аттық жалында, түйенің қомында» жүріп жазғаны шындық. Әйгілі күнделіктерін жазғанда Шоқан небәрі 21 жаста еді.

Өз идеяларымызды дереккөздердегі Шоқанға қатысты цитаталармен толықтырдық. Көрмеде Шоқанның шежіресі, «жігіттің үш жұрты», еңбектері, достары, қызметі, саяхаты, естеліктері және салған суреттерінің галлереясы ұсынылды. Жақсы ой жақсы харекетке жетелейді. Шоқан Уәлихановтың «Тек ақиқат білім ғана күдік туғызбайды, ол өмірді бағалауға, тұрмыс құруға үйретеді», - деген сөзін осы көрменің кредосына айналды.  

 Кемеңгер қайраткер, ғалым дүниеден мезгілісіз ерте көшті. Хакім Абай  баласы «Әбдірахман өліміне» деген шерлі өлеңіндегі сөзімен айтқанда:

 «Құйрықты жұлдыз секілді,

Туды да көп тұрмады.

Көрген, білген өкінді,

Мін тағар жан болмады».

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Шоқан әлемінен алатын ғибрат, бағдар, тәлім  мол. 

Электрондық варианттағы тұсаукесері де назардан тыс қалмады. Көрмеге келушілер «Шоқан Уәлиханов» фильмін көре алады.


 Сымбат МҮТАЛАПХАНҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетідегі «Білім тарихы» музейінің меңгерушісі

Ұқсас материалдар