Қандастар Ассамблея

Шегінерге жол жоқ, артымызда Еуропа лигасы!

19.08.2015 2803
«Астана» 1-0 есебімен жеңіске жетті. Ең бастысы жеңіс, сондай-ақ өз қақпасына гол жібермеуі.

«Астана» 1-0 есебімен жеңіске жетті. Ең бастысы жеңіс, сондай-ақ өз қақпасына гол жібермеуі. Кипрлік «АПОЭЛ» командасы бұған дейін плей-офф кезеңінде үш рет ойнап, үшеуінде де жолы болған екен. Салыстырмалы түрде тәжірибесі мол, қарымды команда.

«Астана» – тарихты өзгертуге бір қадам жақын. Енді Кипрде өтетін қарымта матчта жеңілмесе болғаны. "Астана" іріктеу сындарында «Астана-аренада» өткен кездесулерінің барлығын жеңіспен аяқтады.

Астана алғашқы минуттарда өте тамаша ойын көрсетті. 4 минутта есеп ашып кетуге мүмкіндік болды. Бауыржан Жолшиев 14 минутта баспен керемет гол соғып, алаң иелері алға шығарды. Бұл «Астана»-«АПОЭЛ» арасындағы матчта соғылған жалғыз гол болатын. Доп ұстау көрсеткіші «АПОЭЛ»-дің жағында болғанмен, қақпаға бағытталған соққылар саны бойынша астаналықтар алда болды. «АПОЭЛ» ойыншылары келесі матчқа көп жұмыс қалдырмас үшін сырт алаңда бір гол соғуға барынша тырысып көрді.

«АПОЭЛ» клубының президенті Продромос Петридес матч соңында мынадай пікір білдірді.

– Ешқандай қиын жағдай болған жоқ. Бұл жеңіліс команданы одан сайын қайрай түседі. «ГСП» стадионында жанкүйерлердің қолдауымен өте жақсы ойын көрсетеміз деп сенемін. «Астана» командасының ұмтылысына қарап, «АПОЭЛ»-дің де алғаш рет Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жеткен сәтін еске түсірдім. Әзірге, біздің пайдамызда тек тәжірибе бар.

«АПОЭЛ» командасының жартылай  қорғаушысы Константинос Макридис:

– Алғашқы 15 минутта өте нашар ойнадық. Екінші таймда үлкен мүмкіндіктер болды. Егер соның бірін голға айналдырғанда, ойынның есебі мүлдем басқаша болар ма еді?! Десе де, 1-0 есебін өз пайдамызға шешуге әбден болады, – дейді.

«Астана» командасының кипрлік клубтан басым түсуі УЕФА рейтингінде үлкен табыс әкелді. Дәл осы ойыннан кейін рейтингте Словакияны қуып жеттік.  Қазір рейтингте Қазақстан  11.750 ұпаймен 31 орында тұр. Клубтық рейтинг бойынша «Астана» 222 орында тұр, ал «АПОЭЛ» болса 49 орында.

Қарымта матч Никосия қаласында 26 тамыз күні өтеді. Екі матчтың қорытындысы бойынша басым түскен команда топтық кезеңге өтіп, Еуропаның ең алпауыт командаларымен ойнайды.

«Астана» командасы бұған дейінгі жетістіктерінің арқасында 900 мың еуро көлемінде пайда тапты. Ал, топтық кезеңге өтіп жатса тапқан пайдасы 12 млн. еуроға жетеді. Топтық кезеңдегі тең ойындары мен жеңістері үшін де қосымша ақша алатын болады.

Астана командасы Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өте алмаған күнде де 3 млн. еуро табыс табады. Бірақ, Астананың мақсаты да, арманы да ең мәртебелі турнирде өнер көрсету.

Футбо клубының ең үлкен жарнамасы ойын нәтижесінде. Егер «Астана» командасы Еуропаны мойындатып, қазақ футболы тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізсе, команданы қолдаушылар қатары да арта түсетіні анық.


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Суреттерді түсірген: Нұрлыбек Әлмамбетов.

Ұқсас материалдар